Әйелдер педагогикасының кері әсері

Бүгінгі ер азаматтардың бойынан жасықтық, босаңдық тәрізді келеңсіз көріністерді жиі байқауға болады. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығына шыдамаған да көбіне ер азаматтар. Жер-жерде суицидтің көбейіп кетуі біздің осы өрбітіп отырған ойымызға дәлел.

Енді осындай мінез-құлық қайдан қалыптасты деген ой төркініне көз жүгіртетін болсақ, бар мәселе тәрбиеде жатыр. Қазір жасыратыны жоқ, жалғызбасты аналар көп. Олардың отбасындағы ер балалар әкенің емес, тіршіліктің бар тауқыметін тартып жүрген аналардың ғана тәрбиесін көреді. Өмірі өкінішке толы жалғызбасты аналардың беретін тәрбиесінің қандай екені айтпаса да түсінікті. Одан жас құрақтай өсіп келе жатқан жаңағы жас бала мектепке барады. Қазір ауылдық жерлерде де, тіпті, аудан, облыс орталықтарындағы білім ошақтарында да тәлім-тәрбиенің тізгінін ұстап отырған мұғалімдердің тоқсан бес пайызы қыз-келіншектер. Демек, ертең сарбаз болып, Отанын қорғайтын азаматтарымыздың әйел мінезді болуының түп-төркіні осында жатыр.
Қазір білім саласында батыс еуропалық білім беру әдістемесін қабылдап алдық. Батыс Еуропа менталитеті біздің қоғамға сай келе бермейді. Өйткені, олардың отбасында бір-екі ғана бала бар. Оның үстіне гуманистік көзқарас қалыптасқан батыс Еуропаның білім беру жүйесі бала тәрбиесіне жете мән бере қоймайды. Ал, атам қазақ бізге дейінгі дәуірде «әке көрген оқ жонар» деп тегін айтты дейсіз бе?!.
Енді осы мәселе қалай қалыптасты, осы төңіректе бір ауыз ой толғап көрелік. Қазір педагогика институттарында білім алып жатқан жігіттер аз. Бітіре қалған күннің өзінде олар жұмысы бастан асып жатқан, тоқсан сайын емес, ай сайын да тексерістен көз ашпайтын, қоғамдық істерге салып қоятын мұғалім болғысы келмейді. Көбі әншейін, жоғары білім алу үшін ғана оқып жатқан олардың арасында болашаққа бағдар жасау әлі бекем қалыптаспаған. Осылайша өз өмірлерін түзу арнаға сала алмаған ер азаматтар мұғалімдік дипломға ие болғанымен, мектепке аяқ баспайды. Сондықтан да, білім ошақтарындағы ұстаздар ұжымын негізінен, қыз-келіншектер қалыптастырады. Бұл арада біз өздерінің бойындағы бар білімі мен қажыр-қайратын осы мамандыққа жұмсап жатқан оларды кінәлаудан аулақпыз.
Шынында да, олар көптігі үшін кінәлі емес қой. Бірақ, солай бола тұрса да, қыз-келіншектер педагогикасының кері әсерін жас ұрпақ бәрібір тартып жатыр. Ұлттық тәлім-тәрбиеде мөлдіреген таңғы шықтай таза ана тәрбиесі бір бөлек те, ерлік пен өрлікке, парасат пен өжеттілікке баулитын әке тәрбиесінің жөні бір бөлек. Әрине, екеуінің қай-қайсысын да бір-бірінен асыруға не кемітуге болмайды. Бірақ, сол екеуі бір арнада толысса ғана толыққанды тәрбие болып шығар еді. Әттең, дәм-тұзы жараспай, ажырасып жатқан ерлі-зайыптылар өте көп. Сол шайқалған шаңырақтардың шырылдаған зар мұңы баланың мектеп пен үйдегі оқуы мен тәрбиесіне де кері әсерін тигізуде.
Әңгімеміздің әліппесі білім ошақтарындағы қыз-келіншектер педагогикасының осал тұстары болғандықтан, негізгі тақырыбымызға қайтып оралайық. Менің ойымша, ер азаматтарды білім саласына көбірек тарту керек. Сонда біздің көгенкөздеріміз ер мұғалімнің бітім-болмысынан, ақыл-парасатынан үлгі алады. Білім ошақтарында санаулы ғана қалған Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және кешегі ауған жауынгерлерімен жиі кездесулер өткізсе, жаңағы олқылықтың орнын түгел толтырып тастамағанымен, біраз кемістік жойылар ма еді?!
Әнебір кезде барлық мамандықтардың ішінде заңгер мен экономист мамандықтары ел ішінде қызығушылық туғызды. Бұрын ауыл қариялары сәлем берген балаларға мұғалім бол деп бата беретін. Дағдарыстың дауылы шарпыған тұста олар үлде мен бүлдеге оранып жүрген банкирлер мен заңгерлерді көрген соң банкир бол немесе заңгер бол деп батасын беретін болды. Жеткіншектердің өздерінің арасында да қалтасы долларға толы банкир болуды немесе адам тағдырын шешетін судья болуды армандайтындар көбейді. Сөйтіп, ел ішіндегі мұғалім беделі бірте-бірте түсе бастады. Мысалы, ауылдық жерлерде жергілікті билік органдары тарапынан жеткілікті көмек көрсетілмегендіктен, мұғалімдер алақанын жайып, күні кешегі өзінің оқушысына барып, шөп пен жем сұрайды. Мектепте оқып жүрген кезде адам болмайсың дейтін оқушысы енді мүсәпір мұғалімге күлетін болды. Осыны көзі көріп тұрған баланың желкесіне арқан салып тартсаң да мұғалім болғысы келер ме еді. Ұстаз беделінің төмендеуінен жалпы педагогикалық ұжымның абыройына нұқсан келді. Сөйтіп, білім ошақтары кілең қыз-келіншектердің ордасы болып қалды.
Алдағы уақытта ұлтымыздың болашағын ойлайтын болсақ, ең алдымен ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлуіміз керек. Соның ішінде оның берілетін жері – білім ошақтарына жеткілікті назар аударған жөн. Тым болмаса, ұстаздар ұжымының елу пайызын ер азаматтар құраса, әйел мінезді ұрпақ азаяр еді.
Алма НЫҒМЕТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар