Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қорғалжынның абызы - АРҚА АЖАРЫ

Қорғалжынның абызы

Сағындық Байзақұлын алғаш рет Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында кезіктірдім. Өзін емес. Осыдан үш-төрт жыл бұрын кітабы қолыма түсті.

Кітапжазғыштар көбейіп кеткен заман емес пе? «Сол жазғыштардың біреуінен емес пе екен» деген күдікті ой да қаумалады. Бірақ, Ұлттық кітапхана?!. Ойладым да кітапты парақтай бастадым.
Ал, мына «Ұрпаққа аманат» естелігі есті жазылған шығарма екеніне көзіміз жетті. Сағындық ағамыз бәзбіреулердей бірыңғай өз ата-бабасын түгендеуден аулақ. Ата-баба мекені – Қорғалжын тарихын сөйлетеді. Қасиетті мекеннің табиғат көріністерін тамаша тамылжыта суреттеген.
Қорғалжынның сансыз көлдері көз алдыңда ерекше бір суреттермен өтіп жатыр: Асаубалық, Қақай, Аққошқар, Сұлтанкелді, Сарыкөл, Есей, Шолақ дегендей. Тағы қаншамасы аталған! Қойнауың құт-ау, Қорғалжыным! «Біз біле бермейтін қаншама қазына-мекенің бар екен»,– деген перзенттік мақтаныш та қылаң берді. Әкесі Байзақтың өсиетін ұрпаққа аманат етіп қалдыра білген «Ақтабан ат» хикаясы автордың әкесіне сөзбен орнатылған ескерткіші деп түсіндік. Балалық шақтағы досы, Біртабан ауылының тумасы, аты аңызға айналған милиция полковнигі, марқұм Балықпай Кәрімұлы туралы балалық шаққа сая-
хат жасай отырып, сағыныш сезімін тербетеді. Досқа деген адалдығына риза болдық. Рухының өрлігімен үлгі болған еді деп тебіренеді досы туралы.
Баспасөзде, кейбір жинақтарда жаңсақ кеткен пікірлер туралы Қорғалжынның зиялы адамдарының жазығы неде деген жанайқайға толы, араша түсе білген жазбасын оқып отырмын. Сағындық ағаның азаматтық ұстанымына тәнті боласың. Сәржан Сауытбаев дегеннің атақты «Дударай» әнінің авторы Әнетұлы Үлебай емес дегеніне тойтарыс бере білген. Мәриям мен Дүйсеннің арасындағы мөлдір махаббаттың қалай тұтанғанын тарқата айтыпты. Қарағандылық ғалым Рәшит Кареновтың атақты Құлтума Өтемісұлы туралы білместікпен жазылғандарына қынжылыс білдіреді. Ғалым Құлтума Сармұратұлы деген оғаш пікір қорытқан. Аты-жөнін тарихи шындықтан алыстатқан Құлтумадан ұрпақ қалмаған деген қателікке бой алдырған. Ақыннан бес бала өмірге келгенін, есімдеріне шейін түгендей берген Сәкеңе қалайша риза болмассың! Өтемістен туғанын, Сармұрат деп қалай аталып кеткенін шежіреші қарт нақты дәлелдермен айқындаған. Кейін Құлтума ақынның қараусыз қалған бейітін жаңғыртып, басына ескерткіш орнатудағы еңбегі өз алдына бір төбе әңгіме.
Бабасы, Ақтайлақ Салпы баласы туралы жинақтағандарын көпшілік назарына ұсына кетуді жөн көріпті. Әсіресе, Қорғалжын өңірінде көпшілік біле бермейтін Жұмабай баласы Тоқа туралы зерттеуі ғылыми тұрғыдан тың да құнды дүние дер едім. Жұмабай баласы Тоқа керуенбасы болған. Түркімен жүйріктерін, әйгілі ахалтеке тұқымын қазақ даласына жеткізіп отырған. Сағындық аға Ақмоладан шыққан керуеннің сонау түркімен жеріне шейін жүріп өткен жолының картасын жасай білген. Әрі жамбасы жерге тимеген балуан болған. Бір басына ақындығының да жетіп артылатынын Сағындық Байзақұлының кітабынан оқып білдік. Әрине, ол кезде керуен басы болу дегеннің әркімнің пешенесіне жазыла бермегені анық.
Тоқа Жұмабайұлы:
–Айтайын Түркіменге барғанымды, қара атты қақпа бұзып алғанымды. Ерлермен өнері асқан жолдас болып, тарқаттым көңілдегі арманымды, – деп Түркімен сапарынан сыр шетеді.
Тоқа Жұмабайұлының өмір жолына бүтіндей бір кітап арнаған шежіре қартқа Тоқа балуан –Тоқа ақын ұрпағы Төлеутай Қазыбекқызы!
Ұрпағына Тоқаның, кім екенін білдірген. Жүріп өткен жерлерін, картаға салып түрлеткен. Артында қалған ұрпаққа, әдемі тілмен жеткізген, Сағындық ағаның еңбегіне киелі, Ұрпақтары бабаның құрметпен басын иеді, деп ерекше тебіреніспен ризашылығын білдірген. Біз де ризашылығымызды білдіре отырып, кітаптарына үңіле түсеміз. Қай шығармасы болмасын ерекше бір сағынышпен оқылады. Себебі, өзі қорғалжындық болғаннан ба, Сәкең атап отырған адамдардың біразын танисың.
Қорғалжын мектебіне елу жыл! Бұрынғы түлектері түскен суретке үңіле түсемін.Үңіле түсемін деп таныс бейнелерге кезігемін. Бүгіндері немере, керек болса шөбере сүйіп отырған елу жыл бұрынғы оқушылар.
Құдайым-ау, артқы қатарда жалаңаш қолымен арлан қасқырды буындырып өлтірген менің батыр ағам марқұм Тұрсынбек Естайұлы тұр!
Сәкең елу жылдық мерейтойды әдемілеп тұрып әдіптепті. Мектепте жүргенде, адаммен сөйлесуге, қыздардың бетіне қарауға ұялатын; үнемі үндемей өзімен-өзі болып жүретін, біреу бетіне тура қараса, қызарып төмен қарайтын Ермек Өтетілеуовті сөз шебері, рухани азығы мол, бала тәрбиесіне теңдесі жоқ, бөбектерге өлең жазатын ақын, ғылым иесі, баспасөздің шебері, аудармашы, сыншы, еліне еңбегі сіңген елеулі азамат еткен елу жыл деп тебіреніпті. Нығыман ауылының тарихынан сыр шерте отырып, осы топырақта өсіп-өнген азаматтарды атап-атап өтіпті. Асаудың Мәркейі, Мәркейдің Мұхамедияры-Мұқат дегендей. Біздер Мұқат деуші едік. Кезінде қарашаңырақ Қорғалжыннан енші алып бөлінген Теңіз ауданында қаншама жыл басшы қызметте жүріп, марқұм Мұқат Мәркеев адалдықтың ақ туын абыроймен көтеріп өткен азамат еді.
Еңбекті оқи отырып: «Пай-пай, қасиетіңнен айналайын, кең далам-ай! Топырағыңның жылуы бойымды балқытты ғой»,–деп Асанқайғы бабамыз елжірей жырлайтын қасиетті Қорғалжын өңірі туралы тамаша еңбектерді дүниеге әкелген Сағындық Байзақұлы өскелең ұрпаққа бай мұра қалдырып отыр.
Ең бастысы бұл естеліктің Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапхана сөресінен табылуы.
Сәкең ел аузынан естігендерін өмір бойы жинақтап жүрген. Әдетте, өз кемшілігімізді кеңестік жүйеге аудара салатынымыз өтірік пе? Мәселен, менің ауылым Қорғалжынның Қараегінінде Әубәріш ата (Әукең айтыпты), Тобажар ата (Тобекең айтыпты), Сәдікен ата Ақанұлы айтқандардың қайсысын ел назарына ұсына алып отырмыз. Қаншама сөз маржандары сол кісілермен мәңгілікке кетті. Ұрпақтарынан да бірде-бір адам інжу-маржан сөздерін ұстай алмаған. Әрине, үлкен өкініш.
Сағындық ағамыз ұзақ жылдар Қорғалжынның Жантекесінде ұстаздық қызмет атқарды. Біраз жыл аталмыш мектепте директор болды. Басқалардың қарсылық-кедергісіне қарамай мектепте ұлттық нақыштағы мұражай аша білді. Иә, бұл кешегі Кеңестік кезеңде еді. Қаншама құнды жәдігерлер жиналғанмен, кейін олар әркімнің қолында кетіпті.
Жасыратын несі бар, кей-кейде, аракідік жиындарда Қорғалжынның қазіргі үлкендерімен кезігіп қаласың. Кейбіреулердің болмашы бірдеңелерді бықсытып отырғандарына қарның ашады.
Ал, Сәкеңдей кеудесі қазына аталардың алдында барына шүкіршілік етесің! Керек болса, аузын айға білеген ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, марқұм Ақселеу Сейдімбектің ғылыми тұжырымдарына әділ сын айта білген Сағындық ағаның мәрттігіне таң қаласың.
Қазақ даласына аты кең жайылған Сегіз серінің жанында жүрген Біржан сал:
Мінуші ем көш алдында Тайпалманы,
Жүрісі жануардың байқалмады.
Алайда, Құлтумамен болдым жолдас,
Осылай салады екен «Тайпалманы»,–
деп арнайы жыр арналған атақты айтыс ақыны Құлтума Өтемісұлы шығармашылық өмірбаяны туралы «Арқаның ақиық ақыны Құлтума Өтемісұлы» деген кітапты дүниеге әкелді.
Атақты Сүйіндік Шоң би туралы (қазақта Шоң би екеу болған):
Өзіммен құрдас, аталас, аты шыққан Шоң еді.
Ісімен көпке әйгілі, Тәуірлердің соңы еді,– деген Құлтума емес пе?
Қорғалжында парасат-білімі мол, биік тұлғалы «қарашалдардың» әлі де бар екеніне тәубе етесің! Сағындық ағаны Қорғалжынның абызы дегеніміз дұрыс болар.
Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің озық қызметкері, ардагер-ұстаз.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар