Жұмыс тиімді ұйымдастырылсын

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындысы және алға қойылған міндеттерді жүзеге асырудың негізгі міндеттері жайлы облыс әкімі Мәлік Мырзалин өткен сенбі күні арнайы кеңес өткізді.

– Елбасы бәріміздің алдымызға нақтылы тапсырмалар қойды, – деді облыс әкімі М. Мырзалин. – Сол міндеттердің маңыздыларына тоқталар болсам, Елбасы ел экономикасындағы өнеркәсіптің өңдеуші секторының үлес салмағын арттырудың белсенді шараларын қолдануға айрықша мән берді. Бұл орайда, Ақмола облысының жақсы нәтижелері бар. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 80 пайызды, еңбек өнімділігі 5,2 пайызды құрады. 2017 жылы 7 индустриалдық жобалар жүзеге асырылып, 1119 жұмыс орындары ашылды.
Елбасының тапсырмасына сай алдағы уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыруды қайра қарап, бұл орайда рыноктық механизмге басымдық бере отырып және тұрғын үй бағасын төмендетуге барынша көңіл бөлуге тиістіміз, – деді облыс әкімі Мәлік
Мырзалин. Өткен жылы өңірде осы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 17 пайызды құрады. Ал, 2018 жылы тұрғын үй салу көрсеткіші үш есе артатын болады.
Ауыл шаруашылығы мәселесіне орай Елбасының алға қойып отырған міндеттеріне сай өңір басшысы бидай сабанын кешенді өңдеу және одан қағаз, сұйық органикалық тыңайтқыш, биогаз, тағы да өзге өнімдер шығару үшін жоғары технологиялық зауытты іске қосу мақсатымен инвесторларды тарту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. Сондай-ақ, өңірде шет елдік инвестициялар арқылы крахмал, құрғақ клейковина, құрамында белогы көп құрама жем алуға болатын астықты тереңдете өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі М.Мырзалин әрбір елді мекен бойынша денсаулық жүйесін ақпараттандырудың жайына қысқа мерзімде талдау жүргізуді және Интернет желісіне қосыла алмай отырғандардың мәселесін шешу үшін жол картасын жасауды тапсырды. Бұл орайда, Ақмола облысы жыл басынан бері қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі бойынша пилоттық негізде жұмыс істеп жатқан төрт өңірдің бірі болып саналады. Қазіргі уақытта өңірдің денсаулық сақтау мекемелерінің 76 пайызы дәрігерлік ақпараттандырудың кешенді жүйесімен қамтылған.
Кеңес барысында өңір басшысы газдандыру, жылу қазандықтарын қайра жабдықтау, су тасқынының алдын алу, еңбек заңдылықтарын сақтау және өзге де мәселелер жайлы айтып, әсіресе, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау үшін ұжымдық келісім шарттар жасаудың, кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарын құрудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі күнге дейін облыс кәсіпорындарының 35 пайызында ұжымдық шарт жасалмаған.
Өңір басшысы кеңесті қорытындылай келіп, мемлекеттік органдардың басшыларына Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына туындайтын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға барлық күш-мүмкіндіктерді жұмылдырып, жұмысты тиімді ұйымдастыруды тапсырды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар