Өмір мен өңір тынысы

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Шахмет Құсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театрында итальян жазушысы Карло Гоццидің «Турандот ханшайым» трагикомедиясының премьерасына қатысты.

Қазақстан – әлемдегі астық экспорттаушы 50 мемлекеттің бірі. Еліміз бойынша өндірілетін астықтың төрттен бірі Ақмола облысының үлесіне тиеді. Облыс бойынша жыл сайын 2-2,5 миллион тонна астық экспортталады.

Ақмолалықтар жыл басынан бері Ресей, Қытай, Орта Азия, Еуропа, Таяу Шығыс елдерінің нарығына 300 мың тоннадан астам астық жөнелтті. Сонымен бірге, мал азығына деген сұраныс жоғары болып отыр. Мысалы бір ғана өткен жылы Ресей, Иран, Өзбекстан жəне Қытай мемлекеттеріне 130 миллион тоннадан астам мал азығы сатылды.
Қазір облыста өздерінің брендке айналған өнімдерін сыртқы нарықтың экспортына шығаратын 80 компания бар. Бұлар өз өнімдерін негізінен Ресей, Қытай жəне Өзбекстан сияқты көрші елдерге экспорттап отыр. Ет өнімдерін өндірумен айналысатын «Бакара», «KazBeef», «Курочка Ряба» танымал компаниялар мен сүт өнімдерін шығаратын «Родина» агрофирмасы Ресей, «Атбасар» мен «Бота-2015» серіктестіктері ұн, ет өнімдерін Қытай нарықтарына шығарса, Біржан сал ауданындағы «Қазгер құс» серіктестігі Орталық Азия жəне Таяу Шығыс елдерінің нарығына жұмыртқаны тұрақты түрде жеткізіп келеді.

Кенжебек Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығы мен Қорғалжын ауданының 90 жылдығына арналған «Әнім сенсің – туған жер!» атты Қорғалжыннан түлеп ұшқан жас таланттардың гала-концерті болып өтті.

Мәдени шараның басты мақсаты туған жерге тағзым ету болып табылады. Өнер кешінде Қарашалғын ауылдық округінің тума-сы Кенжебек Махметов, Өркендеу ауылдық округінен Самат Сүлейменов, Қорғалжын ауылдық округінен Әскер Әбдірахманов, Қызылсай ауылдық округінен Руслан Ашу, Арықты ауылдық округінен Толғанай Шоқаева, Қарашалғын ауылдық округінен «Балапан» телеарнасының жас жүргізушісі Риза Данияр, Қорғалжын ауылдық округінен Думан Байжанұлы, Қарашалғын ауылдық округінен Ғибрат Хамитов, Қорғалжын ауыл-дық округінен Төрехан Тәжин, Қызылсай ауылдық округінен Азамат Жанмолдиндер өз өнерлерін ортаға салды.
Сондай-ақ, өнер кешін шұғылалы билерімен көркемдеген К.Күмісбеков атындағы Қорғалжын аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымын да атап өтсек деп едік. «Айлин» балалар би студиясы, «Фламинго» халық би ансамблі, «Angels» заманауи би студияларының бишілері мәдени шараның ажарын ашты. Концерт «Рухани жаңғыру» би прологымен ашылып, әсем әндермен жалғасын тапты.

Бурабай ауданының «Звездный» балалар сауықтыру орталығында «Teach-in» үлгісінде «Балаларға арналған өлкетану: идеялар мен тәжірибе» атты республикалық семинар Ақмола облысының білім беру мекемелерінің мұражайларды дамыту бағдарламасы жобасы негізінде болып өтті.

Бұл семинарға Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан 160 ұстаз, өлкетану және туристік үйірме жетекшілері, тарихшы-ғылымдар қатысты. Осы шара шеңберінде теоретикалық және тәжірибелік дәрістер мен мастер-кластар өтті. «Мектеп мұражайы жұмысының белсенді және интерактивті нысандары» диалог алаңы ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу болды. Ғалымдар мен жастар үшін өңіраралық зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, бірлескен әдістемелік және әдіснамалық, соның ішінде сандық түрде оқу құралдарын әзірлеу бойынша шешімдер қабылданды.
Семинарға қатысушылар еліміздің інжу-маржаны – Бурабайдың көрікті жерлерін, аудандық тарихи-өлкетану мұражайын, Бурабай ауданының келім-кетім орталығын, табиғат паркін аралап көрді. Ақмола облысының жас зерттеуші-өлкетанушылары дайындаған бейне көрсетілімдер ұсынылды. Ақмолалықтардың бастамасымен тарихшы-өлкетанушылардың Солтүстік Лигасын құру жөнінде ұйғарым жасалды.
– Еліміздің барлық аумақтарында, Ақмола облысында да қасиетті орындарға үлкен қызығушылық артып келеді. Біз тарихи-мәдени және табиғи мұраны мақтан тұтып, келесі ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет, – деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев.
Қазір Ақмола облысында 205 мектеп мұражайы жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінің 140 мұражайының экспозициялары «Рухани жаңғыру» тақырыбын қамтиды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар