Еңбек қатынастарын реттеудегі ықпалды құжат

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Олжас Бектеновтың төрағалығымен болып өткен әлеуметтік серіктестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысында облыстық әкімдік, облыстағы жұмыс берушілер мен еңбеккерлер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған үш жақты келісімге қол қойылды.

Отырыста алдымен, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Берік Мұстафин мемлекеттік еңбек инспекциясының тексеруі барысында анықталған еңбекақы қарыздары және оны төлеп, еңбек заңнамасын сақтау қажеттігі жөнінде айтып берді. Бүгінгі таңда Біржан сал ауданындағы «Еңбек-Целина» серіктестігі өз жұмысшыларына еңбекақы төлер емес. Мұнда жоспардан тыс екі рет тексеріс жүргізілген. Соңғы тексеру барысында серіктестіктің қырыққа жуық еңбеккерге 5,7 миллион теңге берешек екені анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша жұмыс берушіге заң бұзушылықты жою жөнінде ескерту жасалып, 181520 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Шаруашылық басшысы дағдарысқа қарсы штабтың жұмыс тобының отырысында тыңдалды. Ақпан айының соңында серіктестік еңбекақы қарызының 2 миллион теңгесін төлеп, берешегінен құтыла бастады. Дегенмен, олардың әлі еңбеккерлер алдындағы берешегі 3,7 миллион теңгені құрайды.
Өткен жылы Зеренді ауданындағы «Зеренді-Сервис» коммуналдық кәсіпорнына еңбек келісім-шарттарына отырмағандығы және жұмысшыларға еңбекақы төлемейтіндігі жөнінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілді.Тексеріс барысында еңбеккерлермен еңбек келісім-шарты жасалмағаны, сондай-ақ, 11 жұмысшыға 2 110 884 теңге еңбекақы төленбегені анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша жұмыс берушіге шара қолдану жөнінде ескерту жасалып, 226900 теңге айыппұл салынды.
Биылғы жылдың басынан бері еңбекақы төлемеген 7 заңды тұлғаға 1,3 миллион теңгенің әкімшілік шарасы қолданылды. Сондай-ақ, «Сага Крик Голд Компани», «Шаңтөбе Энерго», «Союз» серіктестіктері тәрізді банкрот кәсіпорындардың берешегі 33,6 миллион теңгені құрайды.
Бұдан кейін отырыста «Зеренді-Сервис» коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары Рүстем Қасымов қалыптасқан жағдай жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, екі кәсіпорынның бірігуіне байланысты берешек көлемі ұлғайған. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл берешек 1,3 миллион теңгеге азайыпты. Соңғы бір жарым жылда бұл кәсіпорында төрт директор ауысқан. Осының салдарынан кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Биылғы қыс айларында бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері тиісті деңгейдегі жылумен қамтамасыз етілмегені тағы бар. Отырыста жаңа тағайындалған кәсіпорын директоры берешектің қалған бөлігін 1 маусымға дейін өтесін деген міндет қойылды.
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов жұмысшылардың заңды құқы мен мүддесін қорғау, еңбек даулары мен теке-тірестердің алдын алу шаралары жөнінде өңірдегі кәсіподақтар жұмысының жағдайын баяндап берді. Бүгінгі таңда кәсіподақ орталығының 74,6 мың мүшесі бар. Өткен жылдың соңында Жолымбет кенішінің 500 жұмысшысы еңбекақыларын көтеру жөнінде басшыларына талап қойған. Бұл теке-тірес облыстық әкімдік пен кәсіподақ орталығының еңбекақыны көтеру жөнінде қолданған шараларының арқасында насырға шаппады. Қазір Степногорск қаласындағы кәсіпорындардағы жағдай тынысы тұрақты. Бірқатар кәсіпорындар жұмысшылардың еңбекақысын 20 пайызға көтерген. Қали Рахметов өз сөзінде кәсіподақ жұмысын жандандырып, беделін көтеруге күш салынатынын атап өтсе, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтанов облыс әкімдігі, облыстағы жұмыс берушілер мен еңбеккерлер бірлестіктері арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған келісім жөнінде өз пікірін білдіріп, осы орайда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Жас кәсіпкерлерге несие беру, халықты жұмыспен қамту, дуальді оқыту және жаз айларында балалар демалысын ұйымдастыру жөнінде мәселе көтерді.
–Өңірдегі әлеуметтік саяси жағдай тұрақты болуы тиіс. Бұл бағытта облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма мен облыстық кәсіподақтар орталығы билікке көмектесулері қажет. Басшылар өнеркәсіп орындары мен елді мекендерде болып, атқарған жұмыстары жөнінде есеп берулері керек. Сондай-ақ, жұмысшылардың құқы мен мүддесін қорғайтын ұжымдық келісім-шарттың жасалуын талап етулері қажет,–деді облыс әкімінің орынбасары өзінің қорытынды сөзінде.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар