Хан Абылайдың қара жолымен сапарға шыққан экспедиция – Ұлытауда!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қыркүйектің 17-сі күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан «Абылай ханның қара жолымен» сапарға шыққан экспедиция мүшелері кеше Ұлытауға келіп жетті. Сапар одан әрі жалғасады. Бұл жайында «Арқа ажары» газетімен үнемі байланыста болып отырған экспедиция мүшесі, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берген Жүмкей хабарлады.

Жол сапарға шыққан экспедиция Абылайдың қара жолымен Қараөткелдетіп, Қорғалжын, Нұра арқылы қазақтың үш жүзінің басы қосылған Ұлытауға ат басын тіреді. Көкше тауының етегіндегі Абылай хан алаңынан аттанған экспедиция он күн бойы 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен жүріп өтпекші. Ұлытау – ұлт ұясы, ұлы даламыздағы талай тарихтың куәсі болған қасиетті мекен. «Қазақ халқының бесігі», «көшпелі халық мәдениетінің, дала өркениетінің алтын кіндігі» аталған бұл өлкенің бүккен шежіресі көп.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға қатысты тарихымыздан ұлағатты тағылым алуға шақырып, қазақтардың «кеше ғана пайда бола салмаған» халық екенін айтқан болатын. Ел тарихының түпкі бастауы сонау ғұндардан, одан кейін Алтын Орда дәуірі, артынша Қазақ хандығының өмір сүруімен байланысатынын, бұның барлығы қазіргі таңдағы егеменді ел болып отырған Қазақстанның тәуелсіздігіне ұласқанын Елбасы тарихшылардан артық айтпаса кем айтқан жоқ.
Ұлытау арқылы Ұлы Жібек жолының «Сарысу» немесе «Мыс жол» аталған негізгі тармақтарының бірі өткен. Оның дәлелі – керуен жолы бойында орналасқан ондаған керуен-сарайлар, бекініс-қоныстар, феодалдық қорғандар, қарауыл мұнаралар. Бұл қоныстар далалық мәдениет, қолөнері, сауда-саттықтың дамығанын Басқамыр, Жошы орда, Аяққамыр, Орда базар қалашықтарына жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесі дәлелдеді.
Ғалымдар болжауынша, бұл керуен жолдары Ұлы Жібек жолына дейін пайда болып, біздің ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталды, осы өлкенің мәдениетінің дамуына үлес қосты. Табиғаттың өзі бұл жерге қисапсыз қазына сыйлаған. Фирдауси өз поэма-эпосы «Шахнамада» Ұлытау өңірін әдемі суреттеген. Ұлытаудың ғажайып көріністерін VI ғасырда араб саяхатшысы Әл-Идриси өз қолжазбаларында суреттеген. Ұлытау жөнінде қазақ халқының ертегісі «Ер Төстікте» де айтылады. Әйгілі Асанқайғы Сарыарқаның көптеген түкпірін аралап, елге құт жерұйық іздегенде тамсанып, таңданып, ат сауырына бөктеріп алып кете алмай, қимаған жерұйығы да осы Ұлытау!
Ұлытау жайлы сонау ерте, бағзы замандардағы көне тарихтарда да тайға таңба басқандай айқын да нақты берілген. Тарихтың атасы аталатын Геродоттың жазбаларында «Тұран ойпатындағы тау» деп аталатын дала төсіндегі алып тау да осы Ұлытау болып саналады. Дүниені дүр сілкіндіріп, атының тұяғы бүкіл әлемді басып өткен Шыңғыс ханның сұрапыл жорықтарына да осы тау куә. Асанқайғының қимаған жерұйығы Ұлытау болғанын бүгінгі ұрпақ мақтанышпен еске алады. Жошының ордасының керегесі де тау бөктеріндегі кең далада керіліпті. Алтын Орданың одан кейінгі билеушілері болған Тоқтамыс пен Едігенің де шабысып жүріп мәңгілікке табысқан мекені осы таудың төбесі.
Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Керей мен Жәнібектің ордасы орнығып, туы желбіреп, жарғысы бекіп, елді бірлікке бастаған мекен де осы Ұлытау! Мемлекеттіктің барлық шарттарын ұстап, ордасын көтеріп, алыс-жақын елдерге қазақ атын жеткізген, білгізген жердің мәйегі де Ұлытау! Тау түбіндегі ат шаптырым жазықта Хан ордасының орны сонадай-дан көзге көрініп, көне тарихтың бүгінге жалғасқанын жария еткендей.
Ұлытаудың ғажайып қасиетті жер екенін, осы жерді тіршілігінде мекен еткен, өлгенде торқадай топырағын жамылып, ел бастаған даналарымыз, алыпты тапқан аналарымыздың, қол бастаған баһадүр батырларымыздың жатуының өзі-ақ дәлелдеп тұрғандай. Соларға салынған мыңдаған тарихи ескерткіштер тұр. Кешегі жаугершілік заманда ұлтымыздың саяси астанасы болған, жаудан қорғанар баспанасы, ашыққандардың тойынар асханасы болған жер. Тарыдай бытырап, сынаптай сырғанап, бөлек-бөлек көшіп-қонып жүрген ұлтымыздың ұйысқан жері де осы Көктөбе. Сөйтіп, белдеуден атымыз, белбеуден қаруымыз түспеген, алдымыздағы асымызды түзу ішкізбей, қара бұлттай қаптаған, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға ұшыратқан қалмақтарға қарсы алғашқы рет Бұланты өзенінің бойында күйрете соққы берген сарбаздар да осы жерден аттанған. Бұл соққы түпкілікті жеңісіміздің басы болғаны да белгілі.
Ұлытау – қазақ үшін Отан ұғымының шығар шыңы. Қазақ жерінің кіндігі болғандықтан, бүгінде аңызға айналған талай оқиғаның дені осы жерден өткен. Соның дәлеліндей Ұлытауда Алаша, Жошы мен Тоқтамыс хандар, Едіге ер, өзге де тарихи тұлғалар жерленген. Академик Қаныш Сәтпаев Ұлытау даласын Қазақстанның қазынасы атаған. Өйткені, Менделеев кестесі элементтерінің көбі Ұлытау аймағының қойнауынан табылған. Ғасырдың заманалық мәні бар оқиғасы – адамның ғарышқа ұшуы да Ұлытаумен, ғарыш аймағы Байқоңырмен байланысты.
Қазақ халқының ұрпақтары бірінің жолын бірі жалғап, хан Абылайдың ордасы кербез Көкшенің Бурабайынан жолға шыққан экспедиция Ұлытаудай әулиелі жерден қуат алып, Түркістан бағытындағы өз сапарын одан әрі жалғастырмақшы.

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар