ҮКІЛІ ЫБЫРАЙДЫҢ СОҢҒЫ БІР АЙТҚАНЫ

…2010 жылғы қоңыр күз күндерінің бірі болатын. Ол кезде мен Парламент Сенаты Аппаратында бас консультант болып жұмыс істейтінмін. Орталықтағы ұлттық кітапханада Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығына арналған кеш болады дегенді құлағым шалып, сонда барғанда осы өлеңнің тарихын Кәкімбек ағаның (Салықов) аузынан естіген едім.
Кәкімбек ағаның айтуына қарағанда, бұл ақырғы өлеңін Көкшетаудан Қызылжарға айдалып әкетілер алдында абақтының қабырғасына жазып кетіпті. Абақтыдан шығарғанда милицияның айдауылдары көріп қалып, ішіндегі бір жуастау қазақ баласына сүртіп таста деп кете барыпты. Сол жігіт өлеңнің біразын өнері жеткенше жаттап, кей жерін асығыс жазып алып бір туысына жасырын айтып беріпті.

«Атағы кең тараған қазақтың ақынын, әрі сазгері Ыбырай Сандыбайұлы 1929 жылы «істі болып» кулак есебінде сотталып ұзамай өлген. Ол тамаша өлеңдерімен көпшілікті думанға бөлеуші еді. Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының арқауы болып, Күләштің есімін әлемге паш еткені баршамызға белгілі. Нақақтан жала жабылып, қуғын-сүргін құрбаны болған халық ақыны Ыбырай Сандыбаевтың ақталуын шындық талап етеді. Осымен қоса мен Ыбырайдың 1924 жылы түскен суретін тапсырамын».

(Халық жазушысы Сәбит Мұқановтың сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Жанділдинге Ыбырай Сандыбайұлының ақтау жөнінде жазған хатынан. 1959 жыл).

Жалпы бұл өлеңнің әр түрлі нұсқаларын ертеректе үлкендер жағынан ара-кідік естіп қалып жүретінбіз. Ал жоғарыда келтіріліп отырған толық нұсқасын Кәкімбек аға жинақтап шығарған Үкілі Ыбырайдың ақындығына арналған өлеңдер жинағынан кезіктіріп, жазып алған едім. Енді қайырымсыз ГПУ-ге, Кеңес үкіметіне деген ашық келемеж бен улы сықаққа толы бұл өлеңді толық келтіруді жөн көріп отырмын.
ГПУ деген сотымыз,
Жүріп тұр ғой хотыңыз.
Жетпісте шалды айдатып,
Кесілді ғой кө…міз.
Жылы жерде жатқызбай,
Ыстық дәмді татқызбай,
«Үштікке» қайта піштірдің,
Ақырғы сөзді айтқызбай.
Әділет жолын тыйғыздың,
Тар түрмеге сыйғыздың.
Аппақ қудай шал күнде,
Қияметке қиғыздың,
Жақпады асау ақындық,
Кінәм жоқ іске татырлық.
Үндемей үнсіз әкеттің,
Жасатқызбай бақылдық.
Аямадың, қаматтың,
Қаматтың да сабаттың.
Алғысым сол айтарлық,
Өлеңге толсын абақтың.
Шуақты күндер сарқылды,
Қызықты думан тартылды.
Бетіңді берген дүние-ай,
Тостың ба бүгін артыңды.

«Едрене майт Николай,
Қырсығың тиді-ау бір талай».
Сыбасам да сыр бермей,
Демедің –«достым бұл қалай?».
Атымды елге білгіздің,
Жүйрік пен жорға мінгіздің.
Мақпалдан шапан, шалбармен,
Жібектен дамбал кигіздің.
Төремен төрде жүргіздің,
Алғыс пен сыйлық үйгіздің.
Пәуеске парлап жеккіздің,
Сауық пен сайран шеккіздің.
Ұлыққа сыйлы еткіздің,
«Гәккулетіп» ән салсам,
Сөзімді көпке өткіздің.
Жал менен жая жегіздің,
«Үкілі Ыбырай» дегіздің.
Айналайын Советім,
Өлімге тартты тәбетің.
«Аша тұяқ қалдырмай»,
Асқынды масыл ғадетің.
Зобалаң келді тонаған,
Сыпырдың малды қорадан.
Сол үшін мақтап өзіңді,
Өлеңім қардай бораған.
Теріден шалбар кигіздің,
Кенептен дамбал кигіздің.
Отырып дәрет алғызбай,
Түрегеп тұрып сигіздің.
Басыма пәле жиғыздың,
Жамандыққа қиғыздың.
ГПУ-ды салып соңыма,
Басыма жала үйгіздің.
Ыбырай ақын демедің,
Құрыққа мойын ілгіздің.
Алыстан келген жауым жоқ,
Ауылдың итін үргіздің.
Міне, қазақтың ән өнерінің аспанында жұлдызы ерекше жарқырап көрінетін ғажайып тұлғалардың бірі әрі бірегейі Үкілі Ыбырайдың ақырғы өлеңі – осы. Өлетінін сезсе де ойындағысын өжеттікпен айтып кеткен ақберен ақынның бұл өлеңіне түсініктеме беріп жатудың өзі артық деп білемін. Ең басты өкініш сол, ақынды көре алмаған жаудың алыстан емес, өз ауылының арасынан шыққаны. Осы орайда, данышпан Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген қанатты сөздері ойға оралады.
«Үкілі Ыбырайды айдауға әкетті, жазасын жеңілдетті дегеннің бәрін өз басым жалған деп есептеймін, – деп еске алады Кәкімбек аға Ыбырай ақын өлеңдерінің жинағында. Ол кісіні ату жазасына кескен «Үштіктің» шешімі шыққан күні орындалды деп білемін… ГПУ-дің жендеттері «жауды тапқыш» болып, партия мен Сталиннің сеніміне кірді. Талай айлаларға барды. «Үштіктің» шешімінен кейін бәрін де атып тастап отырды. Ондай «тәсілдерін» қазаққа да, орысқа да, басқа ұлттардың да абзал өкілдеріне қолданды. Ұрып-соғып, жалған жалаға көндіргенде өлімші халіндегі адамдарды айдауға да апара алмастай мүшкіл күйге жеткізген… «Аямадың, қаматтың, қаматтың да сабаттың деуі» осыған дәлел. Осыған көзім жеткеннен кейін «Оңбайды ақынды атқандар» деген өлеңім туды. Ақынды атқандар оңған жоқ, тағдыр бәрін де, Кеңес үкіметін де жазалады, Мағжан, Ахмет, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Халел, Міржақып, Үкілі Ыбырай, Тайжан, Жүсіпбек сияқты арыстарымыз қайта туды, олардың есімдері әлемде қазақ барда өшпейді».
Ал, Үкілі Ыбырайдың абақты қабырғасына жазып қалдырған соңғы өлеңін ел еркесі болған адуын ақын поэзиясының азаматтық асқар шыңы деп бағалауымызға әбден болады. Кәкімбек ақын орынды атап өткендей, «Көз жұмардың алдында тап осылай айта білу Махамбеттік мінездің ұшқынындай әсер қалдырады». Кеңестік дәуірдің өктем зорлығы мен қорлығын ащы мысқыл әжуаға айналдырып, аяусыз әшкерелеген ақынның жан айқайындай болып естіледі. Қазақтың тең жартысынан астамын аштан қатырған, игі жақсы зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқан кеңестік сайқал саясаттың «Едрене майт Николай…» басқарған патшалық ресей кезіндегіден де асқынып кеткені байқалады.
Мақаламызды осымен аяқтауға да болар еді. Бірақ… Иә, бірақ деуге тура келеді. Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығына арналған іс-шаралар, жоғарыда атап өткеніміздей, кітапханалар деңгейінен әрі аспай қалды. Біздің елімізде іздеушісі, қолдаушысы мықты болмаса, көптеген көрнекті тұлғалардың лайықты бағасын ала алмай, осылай кенжелеп қала беретіні көрініп те, сезіліп те жүр.
Ал, Үкілі Ыбырайдың іздеушісі сол кезде жоқ болды деп, әрине, айта алмас едік. Ең елеулі іздеушісі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың өзі еді ғой. Сол кітапханада өткен кеште Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығын кең көлемде атап өту жөнінде жоғарғы жаққа ресми хат жолдағанын айтқан болатын. Осы кешке Кәкімбек ағамен бірге ере келіп қатысқан Парламент Мәжілісінің сол кездегі депутаты Жарасбай Сүлейменов, ақын Серік Тұрғынбеков және мен де бұл пікірді жақтап сөз сөйлеген болатынбыз. Алайда, амал не, Үкілі Ыбырайдың 150 жылдық тойының үкіметтік деңгей тұрғысынан кең көлемде атап өтілуінің куәгері бола алмадық. Сонда асылымызды ардақтай білудің өрісі кітапханалар деңгейінен әрі аспай қала бергені ме деген ойға қаласың.

Қапез ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар