«Тіл мектебі» берген тағылым

Қазіргі таңда мемлекеттік тілге құрметі, оны оқып-үйренуге деген ынтасы бар қазақ тілді емес отандастарымыздың қатары көбейіп келеді. Әсіресе, бұл орайда, ел ертеңі, тәуелсіздіктің тұғыры сеніп тапсырылатын жастардың талабы көңіл қуантады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспарына сәйкес және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен Ақмола облысында «Тілдерді үйретудің инновациялық тәсілдері» тақырыбында тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологияларын әзірлеу және енгізу бойынша республикалық «Тілдерді дамыту мектебі» өткізілді.
Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, рухани құндылықтарды сақтай отырып, жастардың мемлекеттік тілді үйренудегі құлшынысын дамыту. Жоба тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологияларымен танысуға мүмкіндік береді. Осы бірнеше күндер аралығында өткен іс-шара өз мақсатына жете алды. Мен өзім қатысқан топ жұмысы мен топ өкілдері туралы аздап сыр шертпекпін.
Қар болмағанмен, қысқа бет алған суық күндердің бірінде «республикалық семинар өтеді» деген үшбу хат келді электронды почтаға. Басшылықтың ұйғарымымен сонда баратын болдым. Ертелетіп «Щучинский» шипажайы-
на жеттім. Бірінші қабатта Кира және Юлия деген қыздар отыр екен. Қазақшалары тәп-тәуір, ішім жылып қалды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Сәуле Өмірбаеваның айтқан уәжіне қатысушылар бір ауыздан келістік. Алдыңғы қатарда талдырмаш бойлы, қолаң шашты қыз қазақ тілінде еркін сөйлеп отырды. Онымен бір топқа түстік. Таныса келе, аты-жөні Вера Шин екенін, анасы орыс, әкесі кәріс ұлтынан, өзі қазақтың келіні екенін білдік. Күрд ұлтының өкілі Фатима да бала кезінен қазақ балаларының арасында өседі. Анасы 1 сыныпта орыс мектебіне әкеліп тапсырады. Дегенмен, 4 сыныптан соң қазақ мектебіне ауыстыруға тура келеді. Себебі, қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ойлайтын қызға орыс мектебінде оқу қиындық туғызады. Дүнген ұлтының қызы Динара қазақша тақылдап тұр. Тіпті, бір қарағанда қазақтың қара көзді мөлдіреген сұлуынан аумайды. Шәмші Қалдаяқовты тамсандырып, «Дүнген қызы» әнін тудырған, ғашық еткен ару да Динара сияқты болған шығар, деген ой келді.
Сонымен қатар, қыз-келіншектердің арасында көздерінен от ұшқындаған, иманжүзді жас жігіттер де жүрді. Диар – ұйғыр ұлтынан, Османхан – ер түріктің өкілі, Саид Садер – Ауғанстаннан оқуға келген студент жас. Саид өз бетімен тіл сындырып, оқу-жазуды үйренгенін айтты. Өзі парсы, пуштун, ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде сөйлейді, тағы бірнеше тілді түсінеді. Саидтың өзі парсы-ағылшын-орыс-қазақ тілдерінде медициналық терминологиялық сөздік жасапты. Медицина саласында қазақ оқымыстыларының өзі саусақпен санарлықтай екенін ескерсек, бұл жас жігіттің еңбегі үлкен құрметке лайық деп ойлаймын.
Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін жеделдете оқытудың әдістерін үйретіп, бар білгенін біздің бойымызға құйған Құралай Мұтанованың еңбегі ерен. Қазақтың бай тілін, мағынасы терең сөздерін қарапайым тәсілмен, әр сөздің мәнін жан-жақты түсіндіре отырып үйретеді.
Арамызда Ақтау қаласынан келген Эльвира Цхай есімді кәріс ұлтының өкілі болды. Алғашқы күні Эльвира өзінің тілдік білімі өте төмен екенін мойындады, яғни, қазақша түсінгенмен жауап бере алмайды. Сабақ барысында жиі оқып, талқылап, сұрақтарға жауабы дұрысталып, әжептеуір тіл сындырып қалды.
Османхан – Шымкенттегі облыстық өзбек драма театрының белді актері, Өзбек мәдени орталығы төрағасының орынбасары, іскер жігіт. Актерлік шеберлігін сабақ барысында да қолданып, топтың көңілін көтеріп отырды. Ал, Диар болса – ұйғырдың баласы, қазақшасы өте жақсы, өзі бастауыш сыныптарға ағылшын тілінен сабақ береді. Сабырлы, зейін қойып тыңдайды, пәлсапалық мәні бар ой түйеді.
«Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» тақырыбындағы ашық алаң қызықты өтті. Құралай Ғалиақбарқызы тренинг барысында қатысушылардың әрқайсысы ашылуына, өзін еркін ұстауына, тілдік кедергінің жойылуына мүмкіндік жасады. Әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, тіл үйрену және үйрету жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Жастар «Ел бірлігі – оның әралуандылығында» тақырыбында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келгені жайында пікірлесіп, жақсы ұсыныстар айтылды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасының журналисі Алла Гаврина бізбен кездесуге келді. Парламент Мәжілісінің қабырғасында және ұлттық арна эфирінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің отыруы басқаларға үлгі боларлықтай іс. Олармен кездесу өте қызықты, әсерлі болды. Еркін пікірлесіп, қызықтырған сұрақтарына топ мүшелері толыққанды жауап ала алды.
«Тіл мектебіне» қатысушылар үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аймағына саяхат ұйымдастырылған болатын. Өлкенің әсем табиғатын тамашалап, сырлы тарихына бойлаған қатысушылар ерекше шабытпен Бурабайға жыр арнады, өлең оқыды. Сөзбен айтып жеткізе алмастай әсерге бөленді. Семинар барысында сабақтың тартымды, тақырыптың бір-бірін қайталамай өтуіне Бурабай табиғатының сұлулығы мен шипалы саф таза ауасы да өз үлесін қосқаны сөзсіз. Қазақстанның әр тарапынан келген, мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, өзгелерге үйретіп жүрген бауырларымыз бір аптаның ішінде дос-құрбыға айналды. Осы таныстығымыз үзілмейтіндей байланыс орнаттық. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен сабақ берген ұстаздарға айтар алғысымыз шексіз. Барлық қатысушылар бір ауыздан бұл бағдарлама ұзақ мерзімді болса деген тілектерін жеткізді.
Ләззат Егембердиева.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар