Елімізде коронавирустан жағдай тұрақты. Бірақ, сақтана білуіміз қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан пондемия жағдайының жариялануы мүмкін деп мәлімдеді. Пондемия дегеніміз – аурудың таралу ошағы бір ғана емес, бірнеше елдерді қамтыса жарияланатын жағдай. Бүгінде Оңтүстік Кореяда дерттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Өйткені, мұнда жұқпалы аурудың таралуы артып келеді. Кореяда қазір осы ауруды жұқтырғандар саны 1500-ге жеткен.

Желтоқсан айынан бастап Қытай Халық Республикасында коронавирус жұқпалы ауруы анықталды. Ақпан айында бұл дерт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан COVID-19 деген ресми атауын алды. Бүгінгі күні әлемде осы ауруды жұқтырғандар саны 82 мыңнан асады. Ал, ауыр науқастан көз жұмғандар саны 2924-ке жетті. Аурудан айығып кеткендері де жоқ емес. 30 мыңнан астам адам жұқпалы аурудан толғымен жазылған.
Кеше ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пондемия жағдайының жариялануы мүмкін деп мәлімдеген. Пондемия дегеніміз – аурудың таралу ошағы бір ғана емес, бірнеше елдерді қамтыса жарияланатын жағдай. Бүгінде Оңтүстік Кореяда дерттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Өйткені, мұнда жұқпалы аурудың таралуы артып келеді. Кореяда қазір ауруды жұқтырғандар саны 1500-ге жеткен. Сонымен қатар, дертті жұқтырғандар қатары Италияда, Жапонияда жылдам өсіп келеді, оның ішінде ауыр науқастанғандар үлесі басым.
Біздің еліміз бойынша айтып өтсек, 6 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жұқпалы аурудың таралуына қарсы жұмыстарды күшейту туралы бұйрығы шыққан. 25 ақпанда эпидемиологиялық жағдайға байланысты тағы да жаңа бұйрық өз күшіне енді. Онда мынадай іс-шаралар қарастырылған.
–Елімізге кіретін адамдар легі үш санатқа бөлінеді. Бірінші санатқа Қытай Халық Республикасы, Ганконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Иран елдері кіреді. Ал, екінші санатқа Сингапур, Тайланд, Малайзия, үшіншісіне Вьетнам, Германия, Австралия, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Франция кіреді. Бұған қоса, осы тізім күнде орын алып жатқан жағдайларға байланысты өзгертіліп отырады. Егер Қытай елінен адамдар келсе, оларды міндетті түрде 14 күнге оқшаулауға жатқызып, карантин жариялаймыз және 10 күн тексеруге шақыртып отырамыз. Ал, Қытайдан басқа, бірінші санатты елдерден келген болса, 14 күн үй жағдайында карантин жариялап, 10 күн тағы шақыртып тексереміз. Осылай екінші-үшінші санатты елдерден келген адамдарды да топтарға бөліп, тексеріп отырамыз, – дейді Айнагүл Мусина.
Сонымен бірге, 1 ақпаннан бастап Ақмола облысының аумағына өзге елдерден келетін азаматтардың легі бақыланып отырғандығын да айта кету керек.
–Бізге олардың тізімін шекара қызметі мен көліктік бақылау департаменті береді. Сонымен қатар, туристік агенттіктермен де жұмыс істеп жатырмыз, себебі, олар арқылы да көп адамдар келіп жатады. Тізімді алған соң оны сұрыптап, медициналық ұйымдарға береміз. Олар санаттарға байланысты адамдардың денсаулығын бақылайды. Осы тәртіп 1 наурыздан өз күшіне енеді, – дейді ол.
Өңіріміздің коронавирусқа байланысты уақытша бақылау бөлімі облыстық туберкулез диспансерінің жеке тұрған корпусында орналасқан екен. Ол 50 орынға шақталған және толығымен қажетті құралдармен жабдықталған. Медициналық қызметкерлерден штаб құрылып, оқу-жаттығу шаралары да өткізіліпті. Осы уақыт аралығында біздің облысымызға Қытайдан және жоғарыдағы үш санаттағы елдерден 1700 адам келген. Оның 13-і шет ел азаматтары болса, қалғаны облыс тұрғындары. Қытай елінен 354 адам келіп, олардың барлығы тексеруден өткізіліп, ауру белгілері байқалмаған соң қазір бақылаудан босатылған.
–Жалпы, 21 адамды ЖРВИ тұмауын жұқтыруына байланысты ауруханаға жатқызған болатынбыз. Олар бүгінгі күні ем шараларын алып, айығып шықты. Қазір бізде 2 адам коронавирусты жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханада тексерістен өткізілуде. Әзірге нәтижелерін күтіп отырмыз, – дейді департамент басшысы.
Коронавирус дертінің алдын алу үшін өңірлік басқарма және медициналық ұйым басшыларынан аймақтық штаб құрылған. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдық етуімен аймақтық комиссия да өз жұмысын жүргізуде. Аптасына екі рет немесе жағдайға байланысты одан да жиі жиналыстар өткізіліп, мәселелер талқыланып, алдын алу шаралары ұйымдастырылып отырады. Бүгінде Қытай елімен ұшақ және темір жол қатынасы тоқтатылған. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер өткелі де жабылған, бірақ, жүк тасымалы әлі де болса жалғасуда.
Сонымен қатар, арнайы штаб пен комиссия түрлі ұйымдар мен қоғамдық орындарда, ойын-сауық орталықтары мен дәмханаларда тазалық шараларын қатаң сақтау керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
–Дүрбелең туғызбай, нақты ақпарат көздерінің мәліметтеріне ғана сену қажет. Сонымен бірге, ауру таралу қаупі бар елдерге саяхатқа шықпауға кеңес береміз. Күнделікті тазалық шараларына қатты мән беріп, қолдарыңызды жиі әрі мұқият жуып отырыңыздар. Ауыра қалсаңыздар өзін-өзі емдеу шараларымен айналыспаңыздар, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгініңіздер, – деп тұрғындарға кеңес береді Ақмола облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Олай болса, дәрігерлер кеңесіне құлақ асқанымыз өзімізге жақсы. Коронавирусқа байланысты ресми ақпараттарды Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан біліп отыруға болады және басқа да сұрақтарың болса, 1406; +7 (7172) 768 043 сенім телефондарына хабарласып, нақты мағлұмат алуларыңызға болады.
Айтолқын АМАНГЕЛДІ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар