Әлемді жайлаған коронавирус жұқпасы біздің елімізді де айналып өтпеді. Бұл аса қауіпті дерттен сақтану үшін алдымен, балаларымызға сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Осыған орай, облыс орталығындағы бірқатар балалар ойын-сауық орталықтарын аралап көрдік.
Үстіміздегі жылдың 16 наурызынан бастап мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шығарылды. Балалардың үйден шықпауы және шыққан күнде де адамдар көп шоғырланған жерлерде жүрмеуі, яғни, балалар ойын-сауық орталықтарына бармауы қатаң ескертілді. Алайда, «наурыздағы бес күндік мерекелік демалыс кезінде балаларға арналған отбасылық ойын-сауық орталығы жұмыс істеп тұр» деген ақпараттың растығын анықтау мақсатында орталыққа арнайы барып, сауда орнының әкімшісімен кездесіп, мәселені анықтауды жөн көрдік.
Бүгінде облыс орталығындағы ең жақсы отбасылық демалыс орталығына айналған «Rio Park» ойын-сауық орталығы 2016 жылдың 26 қарашасынан бастап жұмыс істеп келеді. Онда қызықты интерактивті шоулар, ұтыс ойындары, қайырымдылық акциялары өткізіледі. «Rio Park» ойын-сауық орталығы «РИО» сауда үйінің бесінші қабатында орналасқан. Парк 1200 шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда екі қабатты қызықты экскурсиялық лабиринт, ең жас келушілерге арналған балалар аймағы, тоғыз қызықты батуттық кешен, бамперлі көліктер аттракционы бар.
Біз барғанда «Rio Park» жабық тұр екен. Сол арада «РИО», «Керуен сарай», «Шайба», «Орталық базар», «Рубин» сауда орындарының әкімшісі Нұрия Байсалбаеваға жолығып, сауалымызды қойдық. Ол 13 наурыздан бастап балалар ойын-сауық орталығы жұмысын тоқтатқанынан хабардар етті.
–Біз де балалардың өміріне жауаптымыз, олардың денсаулығына бейжай қарай алмаймыз. Мұнда тек сауда-саттық орындары ғана жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Рубиннің» бірінші қабаты сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, екінші қабаты сағат 10-нан 18.00-ге дейін, «РИО» мен «Керуен сарай» сауда орталықтары сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, орталық базардың азық-түлік сататын орталық бөлігі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, ал, киім сататын кіші және үлкен залдар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, «Шайба» базары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді, – деді ол.
Сондықтан, «ойын-сауық орталығы жұмысын тоқтатқан жоқ» деп тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызудың қажеті жоқ. Қауіпті дерттің алдын алуға бәріміз атсалысуымыз керек. «Бала адамның бауыр еті» демекші, олардың қауіпсіздігін сақтау үшін көпшілік орындарға апармай, қолдарын жиі жуып, әрқайсымыз тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.