1 сәуір – күлкі күні

Қой бағудың кезегі

Әрине, адам болған соң,
Талмау керек өзегі.
Ет те керек,
Сүт те керек,
Май керек…
Аш құрсаққа төзбейді,
Басқаға адам төзеді.
Әйдә, жүйрік уақыт-ай,
Келіп қапты тағы да,
Пошабайдың үйіне,
Қой бағудың кезегі.
Бір қора қой қотанда,
Пошаң жатыр шүйлігіп,
Қолындағы Тотанға:
–Тұр, тұр деймін мен саған,
Айтпадым ба тап кеше,
Бүгін қойдың кезегі,
Келеді деп қайтадан.
Бала тұрар түрі жоқ,
Илігудің бірі жоқ.
Әй, кезек-ай, кезек-ай,
Пошаң үйіне жеткенде,
Таусылмайтын жыры көп.
Аунап түсіп оңына,
Аунап түсіп солына,
Мына бала жатқанда,
Сөзі өтпейтін Пошаңның,
Кезек деген қолы ма?!.
Қайта мініп қаһарға,
(Оғы болмай атарға).
Тағы басқан айғайға,
Мейлі, қанша ойбайла,
Мынау тұрар бала емес,
Біз не дейміз, «маладес».
Іс насырға шапқанда,
Кімде шіркін, болады ес.
Тіпті, «қызық» қалғаны,
Титтей жоқ жалғаны,
Бүркеніп ап көрпесін,
Онсыз да ауру әкеге,
– Өзің бақ!–деп салғаны.
Бір отар қой қотанда,
Қайта-қайта маңырап,
Маза кеткен одан да.
Шықпады деп өріске,
Ел шуласа, теріс пе?
Айдау керек далаға,
Жаны шыққан Пошаңың,
Қойып енді айғайды,
Жалынып-жалпайып,
Қиылады балаға:
– Мана кеткен сиыршы,
Тұршы құлын, киінші.
О, азырақ қозғалды,
Әй, кемпөшке, сүйінші!..
***
Мұндай-мұндай бала көп,
Біразы жүр қала деп.
Бір кезекке ерінсе,
Басармыз-ау, талай шоқ.
Сипап қана басынан,
Еркелеткен жасынан,
Өзімізге обал жоқ!..

Ашу

Арбаған перідей,
Аңдыған бөрідей,
Жоқтан да басталады,
Бардан да басталады.
Түлен түртіп, келіп қалады,
Іштен бір күш,
«Ал, кеттік» деп беріп қалады.
Сол-ақ екен,
Вулкандай атылады,
Айтылмаған айтылады.
Қазандай бұрқ-сарқ қайнайды,
Талайдың нервісімен ойнайды.
Ерлердің өңі бұзылып,
Әйелдердің көзі жайнайды.
Білекті сыбанып,
Мықынды таянып,
Сөзді қарша боратады.
Қойшы,
Арғы-бергіні қопарып,
Жеті атасына дейін таратады.
Ие болмаған ауыздан,
Ақ ит кіріп, көк ит шығады,
Кейде рукопашныйға да,
Барып калып,
Біреуі ұмтылса,
Біреуі бұғады.
Кейбіреулер жаны ашып,
Қойыңдар дейді.
Кейбіреулер іштей шоқ-шоқ,
Бір-біріңді сойыңдар дейді.
Бұл ашуға ма,
Күнің мен түнің бәрібір.
Ерлі-зайыптылар,
Тіресіп алады,
Төсекке жатқанда да әлі бір.
Ертеңінде кешірім сұрап,
Жаздым-жаңылдым деп,
Аяққа жығылып иілетіні бар,
Қап, ананы айтпаған екем,
Мынаны айтпаған екем,
Деп онан сайын өрекпіп,
Күйінетіні бар.
Көрмей кететіні бар,
Сәлем бермей кететіні бар.
Еһ, ашу,
Сен бе сен, сондайсың,
Енді кайтып жоламайын десе,
Болмайсың,
Сонда осылай,
Кете бересің бе,
Талайдың түбіне,
Жете бересің бе?!.
Жоқ, тоқта!
Құлынды жастай үйреткендей,
Саған да керек шығар бір ноқта.
Осыны ойласайық,
Бұл пәленің желкесін қиюға,
Қам жасайық.
Әйтпесе, бөтен сөз көп,
Өй, аналар неге даурықты,
Қатты-қатты сөйлеп?!.
Ойбай,
Екеуі тағы шекісті дей ме,
Достығы кетісті дей ме?..
Әй, жүйкесі жұқарғандар-ай,
Енді неттік,
Жүр, ашуларын басуға кеттік!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар