Ел басына қатер төнгенде…

індет кең тарала бастаған тұста 435 мың қазақақстандық шет елдерде қыдырып жүрген екен

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров биылғы жылдың 27 ақпаны мен 16 нау-рызы аралығында 435 мыңдай Қазақстан азаматтарының шет елдерге барғандығын мәлімдеді. Ақпан айында коронавирус дерті Қытай аумағынан шығып, әлемге тарала бастаған тұста Сыртқы істер министрлігі шет елдерге барудың қауіпті екендігін айтып, ресми ескерткен және бұл ақпарат БАҚ арқылы таратылған. Бірақ, соған қарамастан, өздеріне ғана емес, өзге отандастарына да қауіп туғызатын осындай сапарларға жүздеген мың адам тәуекел етіпті.
Мәселен, осы кезеңде 5616 қазақстандық Египетке демалысқа аттанса, 6678 адам Біріккен Араб Әмірлігіне, 8327 адам Түркияға сапар шеккен. Мексика, Доминикан Республикасы, Буркина Фасо, Бразилия сияқты елдерге дем алуға барғандар да жетерлік екен. Сыртқы істер министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, қатерлі дерттің кең тарала баста-уына орай, отандық әуе компаниялары біраз рейстерді қысқартқан. Бұл да шет елде дем алуға құлшынған отандастарымызды тоқтата алмапты. Олар енді іргелес Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан арқылы шетелдерге сапарға шыққан. Осы кезең аралығында 174378 адам Ресей арқылы шет елге шықса, 118199 қазақстандық Қырғыз елінен, ал 109125 адам Өзбекстан арқылы шет елдерге жол тартқан.
Шет елге демалысқа асыққан ол азаматтардың елімізге кері қайтуы да Сыртқы істер министрлігі үшін біраз ауыртпалықтар әкеліпті. Өйткені, наурыздың басында көптеген елдер әуе рейстерін қысқартып, шекараларын жауып жатты. Қазіргі күні Камбоджада, Маврикия мен Кения және Кубада демалыста болған біраз отандастарымыз кері қайтуға мүмкіндік болмай, сол елдерде қалып қойған.
Айналдырған бір айға жетпейтін уақыт ішінде 435 мың отандасымыздың қатерлі дерт кең таралып жатқан қиын тұста шет елдерге қыдырып кетуі еліміздегі жағдайдың ушығуына үлкен әсерін тигізгені анық. Шетелде демалыста болғандармен келген қатерлі дерт қазір күн санап өршіп барады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылса, тағы да біраз ірі қалалар карантин жариялаудың алдында тұр. Осы орайда, «тәртіпке бағынған құл болмайды» деген халық даналығы еске түседі. Сыртқы істер министрлігінің ескертуіне құлақ асып, сол тұста отандастарымыз шет елде дем алуды кейінге шегергенде, бәлкім жағдай дәл қазіргідей ауыр болмас па еді деген ой келеді.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар