КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат — Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Елдар Әбуев пен «Ақмола — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Самира Тайтенова «Antikor ortalyǵy» сервис орталығында тікелей эфирге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала басшысының орынбасары СОVID-19 вирусының таралуымен байланысты елдегі төтенше жағдай кезінде халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету жұмысы туралы айтып берді.
Елдар Әбуевтің айтуынша, қазіргі уақытта аймақ тұрғындарын әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазіргі таңда бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізуді жүзеге асыратын автокөліктердің тізімін жинау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, әкімдік аймақта азық-түлік тауарларын өндіретін кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуде.
Спикердің айтуынша, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған қорлар жеткілікті мөлшерде бар. «Қамқор» коммуналдық базарында орналасқан «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының павильонында азық-түлік тауараларын сатып алуға болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингі және өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қатысты «Есіл» ӘКК қызметінің мониторингі нәтижелері туралы Самира Тайтенова айтты.
Жүргізілген мониторинг барысында жұмыс тобы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары рұқсат етілмейтін ауқымда сатылатынын анықтады. Мониторинг қорытындысы бойынша талдау анықтамасы жасалды, ол бағаны негізсіз көтеруге монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.
Белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 31 наурызынан Көкшетау қаласы жабылған сәттен бастап барлық бизнес нысандар өз қызметін тоқтатты. Бұған азық-түлік дүкендері мен дәріханалар кірмейді. Олардың жұмысы санитарлық және дезинфекциялық шараларды міндетті түрде сақтай отырып, штаттық режимде жалғастырылды. Қалада барлығы 515-тен астам азық-түлік сауда орындары жұмыс істейді, бұл — дүкендер, базарлар, гипермаркеттер, супермаркеттер.