Көктемгі су тасқынының алдын алудың шешуші сәті келді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Ақмола өңіріндегі көктемгі су тасқынының қаупі бар жерлерді әуеден тікұшақпен бақылап, тиісті қызметтер мен жергілікті орындарға осы қауіп-қатердің алдын алу жұмыстарын неғұрлым ширата түсуді тапсырды.

Вице-министрмен бірге тікұшақ бортында болған  облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы мен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов Аршалы, Целиноград, Атбасар, Астрахан аудандарының аумағын, сондай-ақ, Нұра, Есіл, Қалқұтан, Жабай, Шағалалы өзендері мен Астана бақылау реттегіші, Преображенский гидрожелісі, ылғалдандырып суару жүйесі, Астана, Бессуат, Айдабол, Шағалалы су қоймаларындағы су тораптарының тасқын суларды өткізуге дайындықтарын тексерді.
–  Ақмола облысында біз Нұр-Сұлтан қаласынан Атбасарға дейінгі су тасқынының қауіпті тұстарын бақылап көрдік. Жағдай тұрақты. Қыста жауған қардың мөлшері көп болғандықтан бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Бұл көшелер мен үйлерді қарғын судан қорғайды. Жалпы алғанда, өңірде жағдай тұрақты, өзендердің көпшілігі қазір мұз астында, бірақ, осы аптада ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде. Алайда, Атбасар, Талапкер және басқа өңірлерде су тасқынының қаупі жоқ. Ақмола облысының төтенше жағдайлар құрылымының күштері мен құралдары карантиндік режимдегі Талапкер және Жібек жолы елді мекендеріне бағытталып отыр. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерден қосымша күштерді тарту жоспарда бар. Қазір жағдай тұрақты, сондықтан, аптаның соңына дейін шешім қабылдаймыз, –  деді Юрий Ильин.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдегі су айдындарында мұздың ери бастағаны байқалады. Шағалалы, Жабай, Есіл өзендерінде мұз еріп, су көріне бастады. Су тасқыны қаупі бар аудандар бақылауға алынған. Атбасар, Целиноград, Астрахан және Аршалы аудандарында су тасқынынан қорғау жұмыстарына 147 адам, 62 техника және 15 сусорғыш тартылған. Жағдай күрделенетін болса, қосымша резервтегі 2410 адам және 1 058 техниканы жұмылдыру жоспарланған.
Көктем келді дегенімізбен, облыс аумағындағы өзендер мен су көздеріндегі мұз әлі ери қойған жоқ. Кейбір тұстарында ғана сәл жібігені байқалады. Демек, қауіп-қатердің бетін қайтару үшін қамдануға аз болса да уақыт бар.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар