Елбасы сөзі қуат береді

Ұлболсын АХМЕТОВА, Жарқайың аудандық мәслихатының хатшысы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласын оқып, одан түйген ойларымды ортаға салғым келеді.

Тұңғыш Президент – Елбасының газетте жарияланған мақаласын оқи отырып, мақалада терең ой жатқанын түсіндім. Елбасы төтенше жағдай кезінде туған халқымен ақылдасып отырғандай көрінді. Бүгінде короновирус жұқпасы Қазақстанға ғана емес, күллі әлемге қаупін төндіріп тұр. Мен Тұңғыш Президенттің мақаласында екі аспектіге ерекше көңіл аудардым. Бірінде Елбасы ұлттық қорға байланысты халыққа нақты ақпарат берді. Пандемияға байланысты халықты қолдау үшін ұлттық қордан тиісті қаражат бөлінетінін айтты.

«Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақ­талған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», – деп атап көрсетті Елбасы.

Осыған дейін Елбасына ұлттық қордағы ақшаны қажеттіліктерге жұмсау туралы көптеген ұсыныстар болғаны жасырын емес.  Әйтсе де, Нұрсұлтан Назарбаевтың сол тұста мызғымаған қағидатының бүгінгі күні пайдасын көріп отырғанымызға қуаныштымын. Сонымен қатар, екінші аспектіге тоқталар болсам, елді тыңдата білетін зиялы қауымға айтылған ойы. Себебі, Елбасы халықты сабырға шақырып, өскелең ұрпаққа дұрыс ой айту керек екенін және ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің салтанат құрған 30 жылының жеңісті де жемісті шақтарын айтып отырғаны белгілі.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақытта туған ұл-қыздарымыздың алды қазір орда бұзар отыз жасқа жетті. Олар тәуелсіз еліміздің болашағы. Мемлекет осыған дейін де, кейін де жастарымызды қолдап, білімін шыңдай бермек. Қазір сол жастарымыз елімізге тараған қатерлі індеттің бетін қайтару үшін бірі дәрігер, бірі полиция қызметкері болып, күн-түн демей еңбек етіп жүр. Елбасы олардың еңбегіне де ерекше ризашылығын білдірді. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай атамыздың өсиетімен ұрпағымызды жаман, жат қылықтардан сақтап, үлкенге – ізет, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар» деген Елбасының ұлғатты сөзі баршамызды жігерлендіре түсері хақ.

Осылайша, Елбасы мақаласында идеологиялық тұрғыда үлкен құндылықтар жатыр. «Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды Мәңгілік ел болуға лайықты ете аламыз», – деген жігерлі сөз бәрімізге осы жолда қуат берсін.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар