Қолдан келгенше үлесімізді қосамыз

Төкен ҚИЗАЕВА, Шортанды аудандық ардагерлер кеңесінің және аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы.

Жасыратыны жоқ, қазір барлығымыз да алаң-елең күй кешудеміз. «Болашағымыз не болады? Дүниені жайлаған қауіпті індеттен қалай аман шығамыз?» деген сауалдар кез-келгенімізді толғандыратыны ақиқат.

Егемен еліміздің Ата Заңында жазылғанындай, мемлекетіміз үшін адам өмірі мен денсаулығы басты құндылық болып саналады және қазіргідей сындарлы сәтте еліміз ұлтымыздың амандығы бәрінен қымбат екенін күн сайын дәлелдеп келеді. Халық өмірін сақтап қалу үшін қоғамымызда қолдан келген шаралардың бәрі жасалуда.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын оқып, барша қазақстандықтардың бірге екеніне, бір бүтін ел екеніне, кез-келген қиындықты бірге еңсере алатынымызға көзім анық жете түсті. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазір­гі сәтте де Нұрсұлтан Әбішұлының баршаны сабырға, байсал­ды­лыққа шақырып, жұртымызға ақ тілеулі сөзін арнағаны дұрыс болған.

Өзім әлдеқашан зейнеткерлікке шықсам да, аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық қоғамдық кеңесіне төрайымдылық етемін. Нұрсұлтан Әбішұлы мақалада атап өткен жайттар күні кешегідей жадымда. Иә, біздің еліміз егемендік жылдары қаншама асуларды бағындырды. Өзінің дербес экономикасын құрып, медицина, басқа да салаларды дамыта білді. Осы ретте, әсіресе, медицина саласына тоқталғым келіп отыр. Расымен де, отандық дәрігерлеріміздің небір індеттерге тойтарыс беруге қауқары жететініне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Қайсар да қажырлы, білімді де білікті, қаһарман дәрігерлеріміз күн-түн демей, жарғақ құлақтары жастыққа тимей коронавирус жұқтырған науқастардың өмірі үшін күресіп жатыр.

«Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан, әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуа­тын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің же­тістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұ­мыл­дырып, ынтымақтаса әрекет етуде»  деді Елбасы.

Қатерлі  індетпен күресу – баршаға ортақ міндет. Дәрігерлер тиісті ем-дом жасап жатыр, ал қалғандарымыз соларға демеу болайық. Карантин тәртібін сақтап, еліміздің тілеуін тілейік. Елбасының мақаласында айтылғандай, Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді.

 «Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын» деген Елбасымыздың осы бір сөзі аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арналып отыр. Біз, ардагерлер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеу ісіне қолдан келгенше үлесімізді қосатын боламыз. Кейінгі ұрпақ та солай. Мәселен, шортандылық волонтер жастар төтенше жағдай кезінде қарттарға барынша қолдау көрсетуде. Қарт адамның денсаулығы ауруға тез берілгіш келетіндіктен, 55 жастан асқандар қауіпті топқа енгізіліп отыр. Сол себепті, барша қарияларға үйде болыңыздар, көпшілік орындарға бармаңыздар дегім келеді. Қазір баршамызға сабырлы болу, бірлігімізді таныту аса маңызды болып отыр.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар