Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дүние танымының құнды еңбегі - АРҚА АЖАРЫ

Дүние танымының құнды еңбегі

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту Бағдарламасын іске асыру жөніндегі аймақтық сараптама кеңесінің төрайымы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шыққанына міне, үш жыл толып отыр. Бұл дүниетанымдық және идеологиялық еңбек «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегіне айналды.

Осы бағдарлама жүзеге асырыла бастаған алғашқы сәттен бастап қалың жұртшылықтың назарын аударып, қызығушылықтарын туғызды. 2017 жылы Бағдарлама жарияланғаннан кейін ол Қазақстанда және шет елдерде кең талқылау нысанына айналды. Әр деңгейдегі сарапшылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуын, оның дәл уағында жасалғандығын және маңыздылығы мен тиімділігін атап көрсеткен-ді.
Осы орайда, Франция университетінің профессоры Альберт Фишлер былай деп жазды: «Бұл арада сөз Қазақстанның тек қана жалпы әлемдік мәдени ортаға жедел әрі тез арада бірігуге әрекет жасауында емес, сонымен бірге, олар өз бірегейліктерін, дәстүрін сақтай білді. ХІХ ғасырдың ұлы философы Абай Құнанбаевтың ойлары осы күнге шейін өзекті және осы заманғы болып қала береді. Қазақстан және оның мәдениеті әлемге өзінің трансперенттігімен ашық болып саналады».
Бағдарламаның негізгі алты бағыты бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы тұтас қоғамның және әр қазақстандықтың санасын жаңғырудың басты жүйесін анықтады. Бағдарламаның мақсатты ұстанымы тұтас 13 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылуда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінгі күні өткеннің көкжиегімен халықтың бүгіні мен болашағын біріктіретін идеялық платформа болып табылады. Өткен үш жылда осы бағдарламаның институционалдық базасын құруға үлкен көңіл бөлінді. Осы кезең ішінде облыс бойынша 2 миллионнан астам адамды қамтыған 7 мыңнан астам шаралар өткізілді.
Жастар жылы аясында облыста «Eljastar» тұңғыш рет эспериментальды- лабораториялық театры ашылды. Бурабай ауданының аумағында «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешені іске қосылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және «Астана опера» театры бірлесіп, Щучье-Бурабай курортты аумағында ашық аспан астында «Біржан-Сара» операсын қойды. Біздің облысымыз елімізде алғашқылардың бірі болып киелі жерлерге саяхаттар ұйымдастырып, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының 200 мектеп оқушысын қабылдады. ХVІІІ ғасырдың тарихи жолымен «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы ұйымдастырылып, (қашықтығы 3,5 мың километр) «Бурабай-Ұлытау-Түркістан» бағытымен (Қарағанды, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы) ол сәтті аяқталды. Облыстық музейлердің экспедициялары қайра жаңартылды.
Облыс орталығының 195 жылдығына арналған мерекелік бағдарлама аясында, жергілікті тұрғындар тіккен бұйымдардың «Құрақ көрпе FEST» (ұзындығы 11 километр) фестивалінің өткізілуі айрықша әсерге бөледі. Осының нәтижесінде екі әлемдік рекорд жасалып, «Ең үлкен шеңбердегі ұлттық құрақ көрпе» және «Ең ұзын құрақ көрпе» тігілді.
«Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде үш жыл ішінде облыста 15,3 миллиард теңгенің 600 әлеуметтік бастамасы іске асырылды. Табысты шаруа қожалықтарының жетекшілері ауыл тұрғындарына үлкен көмек көрсетуде. Олардың қолдауымен 68 нысан қайта құрылып, 98 жаңа нысан салынды және басқа 425 әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Негізінен әлеуметтік маңыздағы нысандар: мектептер, балалар бақшалары, медициналық мекемелер, мәдениет нысандары, спорт алаңдары, жас мамандарға арналған тұрғын үйлер, тағы басқалары қатарға қосылды.
Бұл көрсеткіштер жергілікті жерлерде айта қаларлықтай жұмыстар атқарылғанын білдіреді.
«Туған жер» арнайы жобасы қолға алынғалы біздің өңіріміздің көптеген меценаттары «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары атанды. Атап айтқанда, Сандықтау ауданындағы «Свободное» ЖШС директоры Александр Закусилов, «Есіл ауданындағы «Заречный» ЖШС директоры Уәлихан Әріпов бар. Сондай-ақ, «Родина» агрофирмасы» АҚ бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, биыл «Туған жер» арнайы жобасы аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының амбассадорлығына сайланған
Иван Адамович Сауэрді бөлектеп айтамыз.

2019 жылы бұл атақты «Жарқайың» ЖШС директоры Виталий Камышенский (Жарқайың ауданы) және «Шуиское ХХІ» ЖШС директоры Алтынбек Құрманқұлов (Атбасар ауданы) иеленді.
Меценаттықтың мұндай үлгілі мысалдарын көптеп келтіруге болады. Бұл біздің жерлестеріміздің биік патриоттық рухын, өздерінің қайырымдылық шаралары арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына нақты үлес қосып отырғандығын білдіреді. Бұлар – өздерінің шағын Отанының гүлденуіне мүдделі қарапайым кәсіпкерлер, фермерлер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері.
Ағымдағы жылдың өзінде көрсетілген көмек 22 миллион теңгеден асып түсті. Біздің кәсіпкерлер бүгінгі пандемияға қарсы күрестен де шет қалмауда. Олар қарттар мен жалғызілікті кісілерге, көпбалалы және табысы аз отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, оларды күнделікті қажетті азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, маскамен және анисептикалық бұйымдармен қамтамасыз етуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп белгіледі. Талдамалар еріктілердің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенділікпен қатысып отырғанын көрсетуде. Олар орын алған мәселелерді шешуге әрдайын дайын екендігімен, тиімді жолдар қарастыра білетіндігімен, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүретіндігімен ерекшеленеді. Ақмола облысының әкімі Е.Б.Маржықпаевтың қолдауымен ақпан айында волонтерлерді қолдаудың алғашқы Орталығы ашылып, ол өңірдегі 2 мыңнан астам еріктінің басын қосып отыр. Облыс орталығы мен аудандарда күн сайын азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа қажетті заттарды жеткізу жұмыстары атқарылуда.
Біздің жастарымыз көп жылдардан бері республикалық және халықаралық интеллектуалдық, ғылыми-практикалық байқауларда жүлделі орындарды иемденіп, лауреаттар атануда. 2018-2019 оқу жылында облыстағы барлық 560 мектепте 1200 «Тегін ІТ-сыныптар» ашылуы оқушылардың озық цифрлық үрдіске машықтануына жол ашты.
Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында біздің қоғамға қазіргі уақыт пен болашақтың ауанын жақсы түсінетін гуманитарлық бағыттағы адамдар қажеттігін атап өтті. Бұл міндетті орындау үшін, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы шеңберінде 47 кітап аударылды және жарық көрді. Бұлар www.100kі tah.kz ресми сайтында электронды форматта орналас-тырылды. Ақмола облысында жаңа оқулықтармен 30 кітапхана қамтамасыз етіліп, 350-ден астам таныстырылымдық-танымдық шаралар өткізілді.
«Қазақстанның киелі жерлер Картасы» арнайы жобасының маңыздылығы ұлттық біртұтастылықты қолдау мен қалыптастырудан, заманауи өркениет тұрғысындағы қоғамның рухани дамуынан көрініс табады. Бүгінгі күні бұл жоба елімізде айрықша белсенді сипат алуда. Өңірде 250 мың адамды қамтыған 3 мыңнан астам шара іске асырылды. Ақмола облысының 11 киелі нысаны ұлттық реестрге, 35-і өңірлік тіркеуге алынды. Бүгінгі күні бұл нысандар жалпыұлттық құндылықтар саналады. Бұл бағытта жыл сайын 400 экспедиция мен саяхаттар ұйымдастырылуда. Барлық киелі нысандарда QR-коды қойылып, кірме жолдар салынды, ақпараттық тақталар, билбордтар және жол сілтемелері орнатылды.
Өңірдің қайталанбас табиғатын ашып көрсету мақсатында туристік бағыттар Картасы жасалып, оған киелі жерлердің 8 туристік соқпағы енгізілді. 2018 жылдан бері «Визит Центр Бурабай» орталығының ашық аспан астындағы археологиялық-этнографиялық кешені жұмыс істеуде. Былтыр мұнда 5 мыңнан астам турист болды.
Өлкетану қызметін дамыту өскелең ұрпақ бойында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Облыста 5, 6, және 7 сынып оқушылары үшін «Өлкетану» курсы қарастырылды.
Өлкетану бағыты бойынша 2 мың оқушыны қамтитын қосымша 300 үйірме жұмыс істейді. Олар балалар археологиясы мен өлкетану бағыты бойынша 250-ден астам ғылыми жоба жазды. Жақсы, Зеренді және Астрахан аудандарында балалар археологиясы үйірмелері бар.
«Жас өлкетанушылар академиясының» көшпелі сессиясы өткізіліп отырады. Ол екінші жыл қатарынан жас экскурсия жетекшілерін, тарихшыларды, экологтар мен өлкетанушыларды дайындайды. Ақмола облысында Бурабай ауданының «Звездный» сауықтыру орталығының базасында жыл сайын «Менің Отаным – Қазақстан» экспедициялық туристік-өлкетану облыстық слеті өтеді. Слет аясында 1,5 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер көрікті Бурабайдың табиғатымен танысып, уақыттарын қызықты өткізеді және тәжірибе алмасады.
Бурабай ауданында оқушылардың ғылыми жұмыстары негізінде 2019 жылы «Менің шағын Отаным» атты хрестоматия жарық көріп, бұл еңбек Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қазақстан «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының жоғары бағасына ие болды.
Ақмолалық оқушылардың дарындылығын дамыту мақсатында IТ-технология мен инновациялық әдістерді ұштастырған, мектепке дейінгі балалардан бастап студент жастарға дейін ғылыммен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей алаң – «Болашақ» сарайының құрылысы басталып кетті.
«Тарихи-әдеби өлкетану» жобасын іске асыру аясында 2018-2019 жылдары 6 шығарма, атап айтсақ, Нұрдәулет Ақыштың «Афанасий Латута» тарихи романы, Жұмаш Кенебайдың «Ғашық жүрек» поэмасы, Айгүл Кемелбаеваның «Арқаның алтын белдеуі» ғылыми очеркі, Әбілқайыр Қанағаттың «Атажұртым – Көкшетау» романы, Ермахан Шайхыұлының «Арқаның ақтаңгерлері» повесі, Ерболат Баятұлының «Тұлпар тұяғының ізімен» эссесі жарияланды.
Сонымен қатар, Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудиокітаптары жарық көрді. Олар: Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері», Төлеген Қажыбайдың «Айбозым», Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Естай Мырзахметовтің «Медет», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар», Кәкімбек Салықовтың «Үкілі Ыбырай», Ерік Асқаровтың «Ата қаз», Жабал Ерғалиевтің «Ескі арба» және Мәлік Ғабдулиннің эпистолярлық шығармалары.
«Архив-2025» арнайы жобасын іске асыру аясында бұрын зерттелмеген мұрағат құжаттары бойынша жаңа әдебиет шығаратын шағын баспа орталығы бар «Цифрлық зертхана» жұмыс істейді. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 2019 жылы халық саны 21 мыңнан асатын 3 аудан орталығы – Аршалы кенті, Зеренді және Астраханка ауылдары пилоттық өңірлер болып таңдалды.
Осы жобаның арқасында облыста 3 миллиард теңгеге 30-дан астам жоба жүзеге асырылды (соның ішінде 2,7 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінді). Көлік инфрақұрылымы саласы бойынша – 10, әлеуметтік сала – 11, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша 9 жоба іске асты. Бұл жоба ауылдық жерлерде жылдар бойы шешілмеген мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етті.
Ауыл тұрғындарының тұрмысын және әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік саланы дамыту, жол және тұрғын үй салу, коммуникация желілерін өткізу, ауылдық елді мекендердің даму әлеуеті мен
заманауи экономикалық ахуалын арттыру Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тұрақты бақылауында.
2020 жылы облыста бекітілген бюджет шеңберінде 8 жобаны іске асыру қарастырылған. Оның екеуі ауыспалы (Астраханка ауылында бу қазандығы бар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы және Аршалы кентіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы), ал, алты жаңа жоба Краснояр селосы мен Көкшетау қаласына тиесілі (Көкшетау қаласында бір жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында, оған қоса, «Көкше» мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеу, қалғаны жол жөндеуге қатысты жобалар).
Өздеріңіз байқап отырғандай, «Туған жер», «Сакральды география», «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобалары әсіресе, ауылдар мен аудандарда қоғамдық сананы жаңғыртудың қозғаушы күшіне айналды. Бұл жобалардың арқасында біздің өңірдің өзекті салаларын, атап айтсақ, туристік кластер, қайырымдылық пен волонтерлік меценаттық мәдениетін, отансүйгіштіктің жаңа деңгейін қалыптастыруға негіз болатын ірі жобалар іске асып жатыр.
Қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық жағдайлар мен жаһандану үрдістерінде мәдени құндылықтардың экспорты оларды сақтау мен гүлдендірудің аса тиімді жолы жолы болып табылады. Осыған байланысты «Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет» әлеуметтік жобасы шеңберінде облыстың шығармашылық ұжымдары жыл сайын Австрия, Италия, Польша, Ресей, Түркия Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде және тағы да басқа көптеген мемлекеттерде өтетін халықаралық байқауларға қатысады. Біздің шығармашылық ұжымдар шетелдік әріптестерімен тығыз мәдени байланыс орнатуда, бұл олардың шығармашылық даму таланттары мен бәсекеге қабілеттілік деңгейлерін айтарлықтай көтеретіні сөзсіз.
Өткен жылы «Ұлы даланың – Ұлы есімдері» әлеуметтік жобасы бағытында «Көкшетау – Нұр-Сұлтан» тас жолының бойында Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ және Кенесары ханның құрметіне 5 ескерткіш орнатылды, ал, Степногорск қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш тұрғызылды.
Өмірдегі табысты жандардың бәсекеге қабілеттілік идеяларын алға қарай дамытуға арналған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасы меритократиялық идеяларды қолдауда ең маңызды серпіліс драйверлерінің бірі болып табылады. Жобаның қолға алынған жылынан бастап, оған 294 ақмолалық қатысты, оның 9-ы аталмыш жобаның жеңімпаздары атанды. Жобаның танымалдылығын арттыру мақсатында облыс аумағында жеңімпаздардың қатысуымен 240 іс-шара өткізілді. Бұған қоса, жоба жеңімпаздары мен оның қатысушыларын облыста өтетін іс-шараларға тарту және олардың табысты жолдарын БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде насихаттау бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бағдарламаның жүзеге асырылуының барысы ақпараттық жағынан кеңінен сүйемелденді. Осылайша 2019 жылы БАҚ-тарда 16 мыңнан астам материал жарияланды (әлеуметтік желілерде 12 мың пост, мерзімді баспасөз беттері мен электрондық БАҚ-тарда 4 мың ). Облыста 60-тан астам көз тартатын көрнекілік құралдар орнатылды.
Облыстық «Көкше» телеарнасында «Рухани жаңғыру. Ұлт болашағы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. «Аманат», «Сәттілікке 1001 қадам», «Көкше қаламгері» бағдарламалары мен «Асар», «Біз жанбасақ», «Темірқазық» телемарафондары өз жұмыстарын жалғастыруда. Цифрлық құралдарды қолдануға болатын «Smart «Рухани жаңғыру» (http:srh.kz) мобильдік жобасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Рухани AQMOLA» журналы шығарылуда.
2019 жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесі жұмыс істейді. 44 кабинет (4-еуі ЖОО, 25-і мектептерде, 15-і колледждерде) пен 2 кафедра (Ш.Уәлиханов атындағы КМУ, А.Мырзахметов атындағы университетте) ашылды. Аймақтық сараптамалық кеңесі тұрақты түрде жұмыс істейді.
Жалпы, Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жұмысы жүйелі түрде қалыптасқан. Бұның өзі қоғамдық сананы жаңғыртуды жүзеге асырудың аралық қорытындысы ғана.
«Рухани жаңғыру» бүгінде заманауи құндылықтар әлемінде өзекті саналатын бәсекеге қабілеттілік негізінде қоғамды мығым етіп біріктіре алатын идеологиялық платформа болып табылады. Сонымен бірге, бағдарлама барлық жаңғырту түрлерінің іргетасы ретінде ұлттық кодты, құндылықтар мен салт-дәстүрді терең ұғынуды ұсынады, сондай-ақ, олардың қазіргі заманғы талаптарға сай өзектілігін қарастырады. Бұл кешенді тәсіл әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымы, барлық мемлекеттік және қоғамдық түрленулердің тренді болуы тиіс
Бізде, ақмолалықтарда – өзіміздің ерекшеліктеріміз, құндылықтарымыз, облыс тұрғындары тарапынан қолдау мен жеке бастамаларымыз және ең бастысы – құндылықтарды сақтау мен патриоттық сезімдері жасампаздық арқылы білінетін адамдарымыз бар.
Ағымдағы жылы және алдағы бірнеше жылдарда көптеген міндеттер мен идеяларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Өзекті мәселелерді шешуге кешенді бағытталған, мақсат-міндеттеріне халықтың басым бөлігі көңілін аударатын, өзара байланыстырылған іс-шаралармен толықтырылатын арнайы жобалар, азаматтық белсенділікті арттыруға жол ашатын және оның жүзеге асырылуының тиімді драйверлері болатын нақтылы жобалар жоспарланды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар