Тиімділікке негізделген ұсыныстар

Заманауи жағдайларда негізгі міндеттерінің бірі елдің күллі экономикасының драйверінің, аграрлық сала өндірісін әртараптандырудың озық жолдарын қарастыру болып табылатын ауыл шаруашылығы ғылымымен серіктеспей, агроөнеркәсіптік кешеннің ойдағыдай дамуы мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрлігіне республиканың солтүстік аймағындағы үш ірі астық өсіруші өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және өндіріске ғылыми сүйемелдеу үшін ғалымдарды жұмылдыруды тапсырды.
Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау үшін А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы ауыл шаруашылығы өндірісін «Цифрландыру» перспективаларымен байланысты – «нақты егіншілік» бағыты бойынша ғылыми-практикалық семинарлар өткізді.
Жуырда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Р.Құрмановтың басшылығымен, Қостанай облысының тәжірибесі негізінде, көктемгі-егіс жұмыстарын өткізу бойынша онлайн-агрожиналыс ұйымдастырылып, тоғыз негізгі баяндама тыңдалды. Онда аграрлық ғылым өкілдерінің ұсыныстары мен салмақты пікірлері ортаға салынды. Барлық баяндамаларда ғылыми жүйедегі нақты деректер келтірілді және қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Соның ішінде А.И.Бараев атындағы АШҒӨО бас директорының орынбасары Әбдумамат Кочоровтың «2020 жылғы көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу тактикасы мен стратегиясы» тақырыбындағы баяндамасы назар аударарлықтай. Ғалым майлы және бұршақ дақылдарының үлесін арттыра отырып, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және оңтайландыру, эрозиялық үдерістерді бақылау, топырақ құнарлығын сақтау және арттыру, нақты егіншілік – «Цифр-
ландыру» инновациялық технологияларына көшу мәселесіне талдау жасады. Әсіресе, орталық ұжымының солтүстік аймақтардың егіншілігіне арналған стратегиялық ғылыми негізделген қағидаттары, топырақ-климаттық ерекшеліктер бойынша дақылдарды сапалы орналастыру арқылы тиімділік көрсеткішін еселеу жұмыстары көңілден шықты.
Бұған қоса, бараевтық ғалым топырақтың 1 метрлік қабатындағы пайдалы ылғалдың көктемгі қорлануы мен маусымдық жауын-шашын мөлшеріне байланысты 2020 жылғы жаздық бидайдың ықтимал өнімділігінің күтілген болжамына барлау жасады. Бұл ретте, Әбдумамат Сүлейманұлы көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу туралы ұсынымдарды дайындау барысындағы Орталық ғалымдарының жыл сайынғы ғылыми негізделген талдауы шаруа қожалығы басшыларына, фермерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандарына арналған іс-әрекеттің сенімді нұсқаулығы болып табылатынын атап өтті.
Мәселенің өндірістік бөлігіне әңгімелеу барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жаздық бидайдың «Тәуелсіздік 20», «Шортандинская 2014», «Таймас» сорттары мен құрғақшылыққа және зиянды организмдерге төзімді өзге де сорттары ұсынылды. Мәселен, шабындық пен жайылымдарды құру үшін: тарлау қияқтың – «Шортандинский», сұр бидайықтың – «Қызылжар», қылтанақсыз арпабастың – «Ишимский юбилейный», сары түйе жоңышқаның –«Сарбас», жоңышқаның – «Шортандинская 2» сұрыптары тиімді болатыны айтылды. Орталықта көпжылдық бұршақ және астық тұқымдас шөптердің өзге түрлерінің тұқымдары да қорланғаны атап өтілді.
Бейнеконференцияның қарарында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда нақты егіншілік жүйесіне инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы көрініс тапты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар