Назарбаев университетінің қоғамдық әлеуметтік даму қоры мен Астана медицина университетінің волонтерлер тобы Ұлттық еріктілер ұйымымен бірлесіп, медицина қызметкерлерінің балаларына ноутбуктер сыйлады.
Мұндай көмек төтенше жағдай кезінде қашықтықтан оқуға мәжбүр болған, бірақ, үйлерінде компьютері жоқ медициналық қызметкерлердің балаларына көрсетілді. Сөйтіп, Қазақстанның барлық аймақтарында коронавирус індетімен күресіп жатқан жүздеген медицина қызметкерлерінің балалары үшін ноутбуктер сатып алынды. Ақмола облысында да 14 бала осындай сыйлыққа ие болды. Оны балаларға «Жизненный путь» қоғамдық қоры табыс етті. Осылайша коронавирус жұқтырған науқастарды емдеумен және олармен байланыста болған адамдардың денсаулығын қадағалаумен айналысып жатқан медбикелер мен санитарлардың, сондай-ақ, блок бекеттерде қызмет етіп жүрген медициналық қызметкерлердің балалары осындай бір-бір ноутбукке ие болып, үлкен қуанышқа бөленді. Олардың ішінде №2 блок бекетте жұмыс істейтін Ләззат Мұқашеваның ұлы, осы уақытқа дейін сабақты телефон арқылы оқып келген 11 сынып оқушысы Арлан да бар.
Бұл облысымызда COVID-19 дертімен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне жасалған жалғыз игілікті іс емес. Карантин басталғалы медициналық ұйымдарға «Тыныс» акционерлік қоғамынан 77 оттегі баллоны берілді. Сондай-ақ, коронавирус жұқпасына шалдыққан науқастарды емдейтін медицина қызметкерлеріне Зерендіден демалыс орындары ұсынылды. «Жекебатыр» базарынан алынған азық-түлік пен жеміс-жидек себеттері берілді.
Ы.АХМЕТҚАЛИЕВА.