Қажыр-қайратымыз сыналар шақ

Абай Медеубаев,
«Жер-888» шаруа қожалығының жетекшісі.

Қазақстан жұртшылығы 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимінде күн кешуде. Мұның өзі әлемді тітіркендіріп отырған коронавирус індетінің қауіптілігін білдіреді. Орын алған жағдайдың барысы халыққа күнделікті жеткізіліп, ашық ақпарат берілуі елді жинақылыққа бастап, жауапкершілікті арттырды.

Әрине, бұл кезең жұртшылыққа оңай тимегені анық. Бұл орайда, мемлекеттік деңгейде көптеген ұйымдық шаралар өткізіліп, нақты көмектің ауқымы кеңейтілуі алаң көңілімізді орнықтырды. Ел-жұрт ешкімнің көмек-қолдаудан шет қалмайтынын көріп отыр. Осынау көмектің екі бірдей топтамасы жүзеге асырылуда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кешегі Мәлімдемесінде аты жаман індеттің жаппай таралмағанын айтуы үлкен жеңістің бастамасы деп білеміз.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы еңбеккерлері еселенген жігермен жұмыс істеуде. Біздің «Жер-888»
шаруа қожалығының мүшелері биыл 11 мың гектарға дәнді дақылдар себеміз деген бастапқы жоспарымыздан тайған жоқпыз. Өйткені, Президенттің алғашқы Мәлімдемесі алаң көңілімізді орнықтырды. Көктемгі егіс науқаны мәселелері шешімін тапты. Қазіргі күні егістік алқаптағы жұмыс қызу әрі тоқтаусыз жүргізілуде. Бұған елішілік «Қолдау» сайтының көмегі орасан екендігін айтқым келеді. Біз осы ұшқыр әдіспен ақпараттар алмасып, керек-жарағымызды Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының аумағынан кідіріссіз алудамыз.
Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне және әкімдерге арнайы міндеттер жүктегені де көңілден шықты. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Біз қосалқы бөлшектерді, жанар-жағар майды жеңілдік бағамен тасып алдық. Енді, мамырдың орта шенінде тұқым себуді бастаймыз. Жалпы, науқанды ойдағыдай өткізуге мүмкіндігіміз толық жетеді.

Жантеке ауылы,
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар