Облыстық әкімдікте

Білім берудің және дәрігерлік қызмет көрсетудің сапасы жақсартылсын

Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде оқу жылының қорытындылары және Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық мәселелері, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың барысы талқыланып, жауапты басшыларға нақтылы міндеттер жүктелді.

Аппарат кеңесінде облыс әкімі жаңадан тағайындалған облыстық туризм басқармасының басшысы Уәлихан Ғабдуллинді, облыстық экология департаментінің басшысы Абай Сафинді, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ба-уыржан Ерназаров пен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновті таныстырып, жауапты қызметтеріне табыс тіледі.
Бұдан әрі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов өткен оқу жылының қорытындысына тоқталды. Оның айтуынша, өңірімізде 576 мектеп, оның ішінде 556 мектепке дейінгі мемлекеттік күндізгі жалпы білім беру мектептері, 9 кешкілік, 5 түзету, 2 ведомстволық, 3 мемлекеттік емес, 1 Назарбаев зияткерлік мектебі жұмыс істейді.
–Пандемияға байланысты өткен оқу жылының соңғы тоқсаны ерекше форматта өткені баршамызға белгілі. Облыс бойынша 449 мектеп қашықтықтан оқыту арқылы оқу жылын аяқтады. Яғни, 121 979 оқушысы қашықтан білім алса, оның 63,8 пайызына интернет порталы арқылы және 36,2 пайызына телесабақ арқылы ұйымдастырылды. Ал, қалған 107 мектепте оқыту дәстүрлі түрде жүргізілді, – деді Бейбіт Жүсіпов.
Сонымен бірге, басқарма басшысы атап өткендей, 2019 – 2020 оқу жылына жоғары білімді кадрларды даярлау үшін облыстық бюджеттен 150 грант бөлінген. Оның 100 педагогикалық мамандықтарға, 50 медицина мамандарын даярлауға. Осы ретте, облыс әкімі бүгінгі күні соңғысына сұраныс артып отырғанын айта келе, алдағы уақытта бұл мамандық иелерін дарялау үшін бөлінетін грант көлемін педагогтерге бөлінетін грантпен теңестіру қажеттігін атап өтті.
Жиында айтылғандай, биыл облыста 4515 оқушы мектеп бітірген, оның 297-сі «Алтын белгі» иегері атаныпты. Сондай-ақ, 187-сі білім ордасын үздік аттестатпен аяқтаған. Мектеп бітіруші 4515 түлектің 3718-і немесе мектеп бітірушілердің 82,3 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. ҰБТ маусымның 20-ы мен шілденің 5-і аралығында өткізілетін болады. Ал, облыстағы мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау салтанатын аттестат тапсыру рәсімімен бірге 3-4 маусым аралығында өткізу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов баяндады. Оның айтуынша, өңірде денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы басты мақсат денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру болып табылады. Осы бағытта биылғы жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті 40 пайызға ұлғайып, 60,5 миллиард теңгені құрап отыр. Облыста төрт денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, Көкшетау қаласында онкологиялық емханада ішкі әрілеу жұмыстары жүргізілуде. Шортанды ауданының Степное ауылында медициналық пункт, Целиноград ауданының Софиевка ауылында бір ауысымда 50 адамды қабылайтын дәрігерлік амбулатория, Целиноград ауданының Қосшы ауылында емхананың құрылысы жүргізілуде, Бұдан бөлек, Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде тоғыз денсаулық сақтау нысанына жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
– Биыл бұл нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл аталмыш елді мекендерде халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Сүлен Ілиясов.
Басқарма басшысы атап өткеніндей, облыста барлығы 562 денсаулық сақтау нысаны бар, онда 7513 медициналық қызметкер еңбек етеді. Мұндағы басты мәселе мамандардың жетіспеушілігі болып отыр. Қазіргі кезде өңірде 413 дәрігер жетіспесе, оның 97-сі ауылдық елді мекендерде.
–Биылғы жылы облыс аудандары мен қалаларында 106 дәрігерді баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Сүлен Ілиясов.
Жиынды қорытындылаған Ермек Маржықпаев аудан әкімдері мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне талдау жасауды және үстіміздегі жылдың төрт айында жол берілген кемішіліктерді бірінші жартыжылдықтың соңына дейін жоюды тапсырды. Медициналық ұйымдарға жас мамандарды тартып, оларды баспанамен қамту арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, соңғы кезде белең алып бара жатқан жасөспірімдер арасындағы, жол-көлік оқиғасы кезіндегі орын алатын өлім-жітімдерді азайту туралы нақтылы міндеттерді шешуге тиісті.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар