Жер-ана қатыгездікті кешіре ала ма екен?!

немесе жан тазалығы мен тән тазалығы хақында

Төрткүл дүниеге таралып, халықтың ой-санасын өзгерткен коронавирус індеті біздің елге жеткен сәтте-ақ, ел Президенті Қ.Тоқаев халқымызға Үндеу жариялап, төтенше жағдай режимін енгізді. «Еліміздің баға жетпес байлығы – адам, оның құқығы, денсаулығы, сондықтан, алдымен азаматтардың амандығы маңызды. Бұлай жасамасақ, жағдайды ушықтырып аламыз, іңдет белең алып, барша ұлтымыздың денсаулығына ұлттың қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Сол себепті, қауіпсіздік шараларын күшейте түсуден басқа шара жоқ», – деді Мемлекет басшысы.

Жасырары жоқ, бастапқы кезде халықтың үрейі ұшып, қорқып қалғаны бар. Өмірдің талай қиыншылығын басынан өткізген тәжірибесі мол, ақыл-парасаты кемелденген абыздардан, елдің тізгінін ұстап тұрған биліктен ақыл-кеңес күтті. Халықтың «Ханда қырық адамның ақылы бар» – деген асыл сөзі бар. Осы кезде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елді сабырлыққа шақырды, дүрбелеңге бой алдырудың керегі жоғын, бұл уақытша қиындық екенін, ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік, қиындықтан кейін, жақсылық болады деген асыл сөзін жеткізді, шындықты айтты, әділдікті айтты, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді дегендей, халықтың жүрегіне жеткізе айтты. Кезінде Абылай ханның ақылшысы, үзеңгілесі Бұқар жырау: «Әй, Абылай, хан біреу болу керек, қалғанымыз ханға тіреу болуымыз керек. Басқаша жағдай болса елдің бірлігіне нұқсан келеді» – деген екен. Сын сағатта халық Президентімізге тіреу бола білді, қолдады, айтқанына ұйыды, сенді – өйткені, шындықты айтты, анығын ұқтырды. Президентіміздің дер кезінде қабылданған шешімдерінің арқасында індеттің тез таралуына жол берілмеді. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы оқшаулану мен карантиннің талабын қатаң сақтану екенін халыққа түсіндіруден шаршаған емес. Қалаларымызға індет тараған кезде, жоспарсыз урбанизацияның кесірінен қаланы жағалап келген ауыл адамдары еліне қашты, індеттен үрейлері ұшты. Осының өзі, олар қаланы өркендетіп, жатағы болу үшін емес, күн көру үшін келгендерін көрсетті.
Осы бір қиыншылық сәтте, олар елдің, жердің киесі де, иесі де ауыл азаматтары екенін, ауылдың менталитеті бойында екенін түсінді. Өйткені, нуы да, суы да, ауасы да таза – елге не жетсін?! Ауылдың азық-түлігі де дертке дауа емес пе? Ендігі жерде ауылдас-тар тұралап қалған елді орнықтыру үшін еңбек етсе, ауылымыздың тамырына қан жүгіріп, жан бітер еді. Ежелден халқымыз сәлемдескеннен кейін, мал мен жанның, елдің амандығын сұрап жататын. Себебі, қазақтың жаны ежелден малменен екені белгілі. Елдің абыздары айтқан аталы сөз әлі күнге дейін жадымызда. Олар «от пен су – індет, айтып келмейтін тілсіз жау» дейтін. Жайбарақат отыруға болмайтынын түсіндіретін. Ерте кезде неше түрлі індет малға жұғатын еді. Сол себепті, ауырған малды оқшаулайтын орнын, сау малға мал аяғы баспаған жайылымды сақтап қоятын, шамалары келгенше ауыл адамдары ем жасайтын. Егер өткен тарихқа жүгінсек, 1904-1915 жылдары Орал мен Ақмола губернияларында обадан мыңға жақын адам өлген екен. Міне, бір ғасырдан асқан кезде, бейхабарсыз отырған, айтуға ауыз бармайтын жаман індет халықтың басына қауіп төндірді. Себебі, адамға жұғатын індетті ұмытқан секілдіміз…
Індетті құрықтау үшін дайындықтың жоқтығын байқап қалдық. Бетперделер, дизенфекция жасайтын дәрі-дәрмектер, індеттен қорғау киімдері жетіспей жатты. Әсіресе, вируспен күресетін вирусиолог, эпидемиолог дәрігерлер жетіспеді. Елімізде ондаған дәрігерлер даярлайтын жоғары оқу орны, колледждер бола тұра, осы аралықта бірде-бір вируспен күресетін дәрігерлер даярланбағаны өкінішті-ақ! Осы сәтте билік пен халықтың бірлігінің арқасында тез арада эпидемия жағдайында керек жоғарыда көрсетілген заттар елімізде дайындалып дәрігерлерге, халыққа таратылды. Осының арқасында індеттің таралуы бәсеңдеді, аз уақыттың ішінде індетпен күресуге жағдай жасалды. Сындарлы сәтте мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, халыққа көптеген әлеуметтік қолдау белгіленді, жәрдемақылар мен сыйақылар, жеңілдіктер тағайындалды. Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қоғамдық қорына бизнесмендер, меценаттар және шаруа қожалықтарының арқасында 23 миллиард теңге қаржы жиналды, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер бір күндік еңбекақысын бөлді. Халқымызға қиыншылық туған кезде қолұшын беріп, көмек жасаған адамдарға алғысымыздан басқа айтарымыз жоқ, бірлігіміз жараса бергей! Осындай көмектің арқасында көп балалы аналарға, жалғыз басты сырқаты бар адамдарға, мүгедектерге тағы басқа қаржылай көмек көрсетілді, азық-түлік себеті таратылды, бұл ел күйзеліске тап болған кезде үлкен көмек емес пе?!
Бүгінгі күннің батырлары – еліміздің дәрігерлері мен медбикелері. Олар адам өміріне араша түсіп, қайсарлығын көрсетіп жатыр, басты мақсаттары қатерге басын тігіп, басқаны арашалап қалу. Осындай қиыншылық сәтте жан тазалығы мен тән тазалығын бойына сіңірген, антын бұлжытпай орындап жүрген дәрігерлерді қалай мақтаса да орынды-ақ. Олар бейбіт күннің ерлік үлгісін көрсетуде. Абзал жандарға арнап шығарған өлең де, ән де, БАҚ бетінде жарияланып жатқан мақалалар да орынды. Сондықтан, еңбегі сіңген дәрігерлерге тірісінде ескерткіш орнатып, халыққа, әсіресе, өскелең ұрпаққа өнеге емес пе, осыны көрген жастар дәрігерлік мамандықты таңдап, қатарын көбейте түсуі мүмкін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халқымызда жылы сөз бар ғой. Беделді халықаралық ұйымдардың еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне, дәрігерлер мен медбикелеріне жоғары баға бергені, олардың кәсіби даярлығының жоғары бағаланғаны қуантады. Сондай-ақ, полиция мен әскери қызметкерлер, еріктілер патриоттық сезімін, адал еңбек үлгісін көрсетіп жүр, атқарып жатқан еңбектері үшін мақтаудан гөрі біздерге мақтанып жүру абзалырақ. «Індет батпандап кіріп, мысқылдап шығады» демекші, бұл індет күннен-күнге ел арасында таралып жатыр, тез арада кемейтін түрі жоқ секілді. Не себепті? Жаратқан иеміз жер, су, орман, жердің асты үсті байлығын адамзат бейбіт өмір сүру үшін, адам баласының игілігіне болашағы үшін берген еді ғой. Біздер дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Бәлкім дұрыс пайдаланып жүрмеген шығармыз. Сол себепті, адамдарға Алланың жіберген сынағы ма екен? Сәт сайын өзгеріп жатқан аумалы-төкпелі мына заманда адам баласы тарапынан Алла тыйымдарының өрескел бұзылуының себебі ме екен? Адамнан ақыл-ой парасатының шынымен алыстап кеткені ме? Ел Президенті Қ.Тоқаев Халықаралық жер күніне байланысты «Табиғатты ластамай дұрыс пайдаланып, ұрпағымызға таза күйінде қалдырайық» – дегені аталы сөз емес пе! Елдің болашағын ойлаған адамның осындай сөзінен артық, қандай сөз ақыл керек?!
Өткен жылы жолым түсіп, «Алтынтау» кәсіпорнына бардым. Бірнеше жүз метр тереңдікте жерді қазып жатқан эксковатор, қиыршық тасты әкетіп жатқан біз көрмеген ауыр жүк таситын КРАЗ-дар, жердің астынан шыққан шаң топырақ аспанға ұшып қара бұлтқа айналуда. Тау-тау болып жатқан порода, ашық жатқан карьер… Табиғатты таза сақтаймыз деген «патриот» экологтар не көріп жүр екен? Халқымыз «Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен» дегендей, өткен ғасырда осы жерде жайқалған егін өсіп, мыңғырлаған төрт түлік мал бағылатын еді. Осындай жерде сол маңайдағы елге қызмет атқару талай азаматтардың арманы болатын, біреудің қолы жетсе, біреудің қолы жете бермейтін.
Семейдің жерінде, хакім Абай, Шәкәрім, Мұхтардың елінде Ресей полигон құрып, қырық жыл атом бомбасын сынақтан өткізді. Құпия, құйтырқы саясаттың қырсығынан қаншама халық зардап шекті. Миллиондаған гектар жер жарты ғасырға жақын уранның қалдығынан уланып, адамның игілігіне пайдалануға жарамай жатыр. Бір кездегі Ресей мен Германия басшыларының полигонды залалсыздандыруға көмек жасаймыз деген сөздері орындалмай жатыр. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының қарсаңында осы жұмыс қолға алынса, Семейдің халқы бір серпіліп қалары сөзсіз. Адам баласы табиғаттың берген сыйын, мүмкіндігін, қанша өмір сүрсе де бұрмалаумен келеді.
Ұлы даланың көркі мен байлығы – елік пен киікті жауыз пенделер машинамен қуып, оқпен қырып салады. Елу, жүз жыл өсірген мыңдаған гектар орманымыз адамның қолынан өртеніп жатыр. Отты дер кезінде сөңдіріп алуға әзірше дайын емес екенбіз. Ертеде аталарымыз нанның қоқымын да «бай боласың» деп баласына жегізіп қоятын. Бүгінде желінбей қалған нанды «қатып қалды» деп, далаға лақтырып тастауды ұрпағымызға үйретіп жатырмыз. Ертең олар өскенде не боларын айту қиын-ақ. «Бір күні киесі ұрады» деген асыл сөзді ұмытқандаймыз. Осындай бассыздықтан, имансыздықтан кейін табиғат неге өкпелемесін? Өкпелейді! Жер-ана мұның бәрін кешіре ала ма? Адам қолымен жасаған қиянатты сезеді, сондықтан, Алланың жіберген сынынан шығу жолы – ол адамның бойындағы жан тазалығы мен тән тазалығы.
Қазіргі таңда негізсіз ақпарат көп, кейбір қара ниеттілердің ұрымтал сәтті пайдаланып сүттей ұйыған елдің ішіне іріткі салып, зардап шектіруі көңілге кірбің ұялатады. Қалай дегенмен де, халықтың дені түсінеді, қаңқу сөзге ермеу керек. Еліміздің азаматтарын тек мемлекеттік ресми органдар таратқан ақпаратқа сенуге шақырамыз. Төтенше жағдай кезінде індет жағадан алып жатқан кезде етектен алып, өз пайдасын ойлап, жаман ойын асырумен болғандар болды. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде мыңнан аса көлік айыппұл тұрағына қойылған. Блок бекеттерде тұрған полицейлер, әскери қызметкерлер, еріктілер қырағылық танытып, тәртіп бұзушылардың арам ойларын әшкереледі, жауапқа тартты, қамауға алды. Болашақта шыдамдылық, төзімділік, жауапкершілік танытсақ, қазақы бейқамдықтан құтылсақ, сақтағанды сақтайтынын ұғынсақ бұл індетті де жеңеміз. Әр қиындықтың бір қайыры да болатынын білгендей болдық. Сондықтан, осы кезде кездес-кен кемшіліктерімізді түзеп, етек-жеңімізді жинап, іргемізді бекітіп, бірлігімізді одан әрі бекемдей түсуге тиіспіз. Халқымыздың «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең», «Дені саудың малы аман» – деген қанатты сөздері бар. Иә, рас адамның денсаулығы баға жетпес байлық. Біздің халық талай қиыншылыққа төтеп беріп, аман өткен. Сабырлығымен, шыдамдылығымен, ақыл-ойымен жеңген. Жанның тазалығы, тәннің тазалығы, темірдей тәртіп бар жерде – жеңіс бар. Қашанда бірлігіміз бен сыйластығымыз мәңгілік жалғаса бергей!
Алтай НҰРҒАСЫМҰЛЫ,
еңбек және тыл ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар