Көкшетаулық волонтерлер грант ұтып алып, оның ақшасына жалғызбасты зейнеткерлердің үйін жөндеп жүр.
Елімізде қайырымды адамдар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Тіпті, өзіміз тұрған Көкшетау қаласында жан-жағына мейірім шуағын төгіп жүрген қайырымды жандарды жиі кездестіруге болады. Бір қызығы, олардың бәрі бірдей қалтасы қалың, үлкен қаржылық топтарға кіретін дәулетті адамдар емес. Бірақ, рухани жан дүниелері бай адамдар. Соның бірі – жасы небары 18-дегі Айза Мыңжасарова. Ол өткен жылдың қазан айында Көкшетауда құрылған «Рахат» волонтерлер клубының мүшесі. Бұл клубтың барлық мүшесі Айзамен бірге Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжде білім алады.
Айзаның айтуынша, клубта 15-ке жуық волонтер тіркелген. Өрімдей жап-жас қыз-жігіттер қолдары қысқа, қалталары тесік, дерттері ауыр науқастардың ем-домына қажет қаражатты жинау үшін өз күштерімен түрлі аукциондар ұйымдастырып, талай жанның ажалына араша болған екен. «Көп түкірсе көл» деген рас-ау. Олар жұмыстан соң немесе сабақтан бос уақыттарында бір-бірімен хабарласа отырып, мүгедек, кемтар, жоқ-жітік жандардың тозығы жеткен баспаналарын жөндеп беруді әдетке айналдырған. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүрген талай адамның алғысын алғандары сөзсіз. Жақында Айза «Жылу сыйлаймыз» атты жобаға қатысып, қайтарымсыз грантты ұтып алған. Ұтып алған ақшаны өзінің жеке басына емес, жалғыз басты қарияның үйін жөндеуге жұмсауда.
– Біз семинарға қатыстық, онда 68 грант ұсынылды. Мен ойлана келе, өзімнің «Жылу сыйлаймыз» жобасын жасап, байқауға қатыстым. Біз алдымен жастар ресурстық орталығына хабарласып, жалғызбасты қарияны таптық. Қарияның жағдайын зерттедік. Қарттың үйінде терезе жоқ, санитарлық тораптарының да тозығы жеткен екен, – дейді Айза.
Оған грант қаржысы екі траншпен бөлінді. Оның алғашқы 150 мың теңгесіне волонтерлер құрбысымен бірге, жалғызбасты қарияның үйіне санитарлық торап, су жылытқыш орнатып беріпті.
– Бірінші траншқа бөлінген ақшаға құрбым екеуіміз қажетті сантехникалық заттарды сатып алдық та, оны орнату үшін жұмысшыларды жалдадық. Екінші транш бойынша тағы 150 мың теңге бөлінуі тиіс. Бұған қарияның үйіне пластик терезе орнатамыз, – деп ағынан жарылды Айза.
Қайырымды істерімен көпке үлгі боп жүрген көкірек көзі ояу, жүрегінде иманы бар Айза сияқты жастардың қатары жылдан-жылға көбейе түсеріне күмәніміз жоқ. Ел ішінде елеусіз ғана, қайырымдылық істердің ұйтқысы боп жүрген жастардың бары қуантады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.