Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл қатшы, жүрек!.. - АРҚА АЖАРЫ

Тіл қатшы, жүрек!..

Жүрек сөйлейді дегенге қалай қарайсыз?  Иланбассыз, бәлкім. Бәрінен де, өз тілін білмейтін жандарды айтсаңызшы. Тілсіз жүрек қандай күйде екен?..

Ызғары өңмеңіңнен өтетін қоңыр күз де келіп жетті. Күн райының өзгеруі табиғат заңдылығы ғой. Әйтсе де, көңілге мұңлы сарынның орнағанына кім кінәлі? Күз бе, кінәлі бәріне?
Халық арасынан табылсаң, елдегі жағдайдың бәрін өз көзіңмен көруге болады. Ешбір статистикалық дерек те, ешбір маңызды құжат та қоғамдағы жағдайды дөп басып айта алмайды. Өмірдің өзінен алынған, қаз қалпындағы көріністер, күндегі болып жатқан тіршілік түйткілдері қоғамның қазіргі көрінісін дөп басып көрсетіп тұрғандай. Бір ғана мысал, күні кеше дүкенде анасы мен кішкентай балдырған қыздың әңгімесіне кездейсоқ куә болдық.
– Анашым, маған ана қуыршақты сатып алып беріңізші, – деді қиылып қызы анасына орыс тілінде.
Қазақша сөйле, – деп бұйырды анасы орысша.
– Анашым, қазақша сөйле деп несіне айта бересіз? Бақшада да, аулада да достарым, тіпті би үйірмесіндегі апайлар да, бәрі орысша сөйлейді. Мультфильмдер де орыс тілінде. Тек сіз ғана қазақша сөйле деп қоймайтын. Одан да сіз де орысша сөйлеңіз, – деді қыз бала. Ойын орысша жетік жеткізеді екен. «Бала тілі – бал» демекші, кезекте тұрғандардың барлығы кішкентай қыздың тапқырлығына тәнті болғандай болды.
–Сумаңдай берме, тыныш тұр! Анасы соңғы сөзді қазақша айтты. Қызының түк түсінбегені анық. Бірақ, анасының зілді шыққан сөзінен әлденені дұрыс жасамағанын анық аңғарғандай, тып-тыныш томпиып тұра қалды.
Көңілсіз көрініс. Кімге қалай әсер еткенін қайдам, анасы кішкентай қызының әрекетіне өзін кінәлі санайтын сияқты көрінді. Ойлап отырсақ, жалпы, тәуелсіздіктің отыз жылында мемлекеттік тілдің мәртебесі қандай деңгейде екендігін осы көріністен-ақ, аңғаруға болатындай. Балдырған балақай айтпақшы, бақшада да, жалпы барлық жерде адамдардың басым көпшілігі өзге тілде сөйлейді. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, республика бойынша 6963 мемлекеттік мектеп бар екен. Оның 3720-сы – қазақ, 1168-і – орыс, 2052-сі аралас мектеп болса, тіпті араларында 12 өзбек, 11 ұйғыр мектебі де бар. 2052 аралас мектеп дегеніміз –мемлекеттік тілге, ұлтымызға, болашағымызға төніп тұрған нағыз үлкен қатер демеске лаж жоқ.
Тағы бір мысал. Жолсапарлап поезбен өзге қалаға бара жатқан едік. Бізбен бір купеде ерлі-зайыпты адамдар бірге сапарлас болды. Бір екпін түсіре айта кететін жәйт, әйел орыс болса, ер азамат қазақ екен. Ағамыз әйелі шығып кеткенде бізбен қазақша сөйлеп, шер тарқатып алғандай болады.
– Айналайындар, жастық албырт сезімнің жетегінде өзге ұлттың қызына ғашық болдым. Отбасын құрдым, үйлі-баранды болдым, жас кезінде байқай бермейді екенсің. Қартайғанда қиын. Жасыратыны жоқ, орта жастан асқасын, ақирет күнді ойлай бастайсың. Мен мешітке барамын десем, әйелім шіркеуді аңсап тұрады. Балаларымыз да өзге тілде сөйлейді, өз ана тілінен мақұрым. Өкінішім бар осындай.., – деген аға назы күні бүгінгідей құлағымызда шыңылдап тұратыны бар.
…Жүрек бұл жолы үнсіз. Жылап жатыр ма, бәлкім!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар