Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін атқарған игі істері көңілде ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт, тыныш өмір сүруіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Қарттарды құрметтемейтін, олардың алдындағы перзенттік парызын үлкен ынтамен орындамайтын, әдептілік, кішіпейілділік, сергек сезімталдық көрсетпейтін ұрпақтан не опа, не қайыр?! Адам өмірінің мәні мен сұлулығы баланың өз ата-анасын ардақ тұтып, оның алдындағы перзенттік қарызын бір сәт те есінен шығармауында жатса керек. Кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ, кәріліктің өзінің сәні-мәні бар. Соған сай ардагерлердің бірі – біздің ауылдың тұрғыны Насиболла Кабдуллин атамыз. Насиболла ата еңбек жолын ұстаздыққа арнап, бүгінгі күні сол еңбегінің зейнетін көріп отырған ақсақал. Жылда қазан айының басында қатар келетін қос мереке – Қарттар күні мен Мұғалім күнінің атамыз үшін маңызы зор. Назкен атамызды сол төл мерекелерімен құттықтап, батасын алып қайттық.
– Ата, көп жылдар бойы ұстаз болып еңбек еттіңіз, сол еңбегіңіздің зейнетін көріп отырсыз, дегенмен, артта қалған ұстаздық жолға ойша қайта оралып, саралаған кездеріңіз бар ма? – деп сұрадық алдымен:
– Әрине, адам баласы болғаннан кейін мен қандай болдым, осы күнге қалай жеттім деген сұрақ әрбір жанның ой түбінде жататын нәрсе ғой. Бір шүкіршілігі, өзім еңбек жолымды жақсы өткіздім, шәкірттеріммен де мақтанамын, менің алдымнан өткен оқушыларым өмірде өз орындарын тауып, әр салада жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, мен жұмыс істеген ұжым да береке мен бірлікке толы ұйымшыл болды. Соңымнан ерген ізбасар әріптестерім мені үнемі үлгі тұтты, маған осы үлкен мәртебе емес пе! – дейді қария бұл орайда.
– Мұғалім болу оңай, ал, ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейтін іс, нағыз ұстаз қандай болуы керек?
– Иә, ұстаз болу әркімнің қолынан келе беретін іс емес, ұстаздық көп тер төгумен қатар, шыдамдылықты талап етеді. Табанды да еңбекқор адам ғана бұл жолда өз мақсатына жетеді.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіз Елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында деп атап көрсеткені белгілі. Сіз болашақ ұрпақтан не күтесіз?
– Дұрыс айтасыз. Біздің еліміз күннен-күнге дамып, өркендеп келеді. Сол елдің болашағы сауатты да саламатты ұрпақтың қолында. Ал, ондай ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі жаңашыл ұстаздардың міндеті болып табылады. Болашағымыз жарқын болсын десек, жан-жақты, ұлтжанды, намысты қолдан бермейтін өжет ұрпақ тәрбиелей білуіміз қажет. Сонда ғана тәуелсіздіктің тұғыры берік болмақ.
– Ата, қатар келген қос мерекеңіз тағы да құтты болсын! Сізге денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық тілей отырып, бізге берген ақыл-кеңестеріңіз үшін тағы да алғысымызды білдіреміз,–дедік сөз соңында.
– Сендерге де көп рақмет! Мекте-біміздегі ұстаздар қауымының еңбегі жанып, білімді, өнегелі шәкірттерің көп болсын, абыройларың асқақтай берсін! – деп атамыз ағынан жарыла батасын берді.
Қарттарымызды асыл қазына деп бағалайтынымыз осыдан ғой. Әрдайым аман-сау болыңыздар, ардақты ардагерлеріміз!
Сәулеш ДОЛИЙ,
Бұланды орта мектебінің мұғалімі.
Біржан сал ауданы.