Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауындағы «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі аларлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын» – деген сөзі бізге де терең ой салып, бойымызға күш-қуат береді.
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің қызметіндегі басым бағыттардың бірі – аға ұрпақтың құқықтары мен мүддесін қорғай отырып, әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу. Бұл бағытта жүргізіп жатқан табанды жұмыстарымыз өз нәтижесін беруде. Қалалық ұйым есебіндегі жиырма жеті мың зейнеткердің бәрін бірдей үлде мен бүлдеге бөлемесек те, олардың тарапынан айтылар өтініш-тілектер назардан тыс қалған емес. Қолға алған істерді жоспарлы түрде жүргізуде облыстық, қалалық әкімдіктердің, халық қалаулыларының, еңбек ұжымдарының, әсіресе, кәсіпкерлердің жанашырлық көмегін көптеп сезінудеміз.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен Көкшетау қаласының құрметті азаматтарын қабылдап, Қарттар айлығының басталуымен құттықтады. Ал, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов болса майдангер, еңбек ардагері Асылбек Дәулетовты, ұстаз Ольга Мырзагельдинова мен Кеңес Одағының Батыры Николай Остапенконың зайыбы Мария Александровнаны үйіне барып құттықтап, сый-сияпат жасады. Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагерлерді шефтік қамқорлыққа алған кәсіпорындар да қамқорлыққа бөлеп, ілтипат көрсетуде. Майдангер Николай Дериглазовтың пәтеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Спортқа жаны құмар қарияларымыздың шахмат-дойбы ойнауларына, өнерсүйгіш зейнеткерлеріміздің көркемөнерпаздықпен, қолөнермен, сурет салумен емін-еркін айналысуына толық мүмкіндік жасалған. Биыл «Ақбұлақ-Родник» клубының құрылғанына жиырма жыл толмақ. Бұл – ардагерлер қозғалысының өміріндегі елеулі оқиға. Коронавирус індеті жұмыс кестемізге елеулі өзгерістер енгізгенімен, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралар толығымен орындалды. Күні кеше ғана Қарттар айлығы құрметіне шахмат пен дойбыдан қала әкімінің жүлдесі үшін турнир өткіздік. Бұл жолы ерлер арасында шахматтан Т.Мұқышев, С.Тәңірқұлов, С.Убышев, әйелдер арасында Л.Титенко мен В.Мұхамеджанова жеңімпаз атанды. Дойбышылар сайысы да қызу өтіп, А.Жұрын, Т.Мұқышев, С.Көшкенұлы мен М.Титенконың бағы жанды.
Ардагерлерді қоғамдық жұмыстарға белсене тартып, олардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында үш жылдан бері мәслихат депутаттары және мемлекеттік мекеме басшылары қабылдаулар ұйымдастырып келеді. Әр айдың үшінші-төртінші сәрсенбісінде олар бізге келіп, қариялардың толғандырып жүрген сауалдарына жауап береді. «Еңбек ардагері» атағын алу, қоғамдық көлікте тегін жүру, «Соғыс балалары» мәртебесін беру мәселелері жиі қозғалғанымен, шешімі қиынға түсуде. Дегенмен, қол қусырып қарап жүрген жоқпыз. Мәселен, Социалистік Еңбек Ері Есілбай Қадіралин Кеңес Одағы кезінде тағайындалған материалдық жеңілдіктерді ала алмай жүргендігі жөнінде мәселе көтерді. Біздің қолдауымызбен әлеуметтік желілерге ақпарат таратылып, баспасөзде де жазылды. Ақыры, Парламент тарапынан қолдау тауып, жеңілдікті алатын болды. Тұрмыста туындайтын мәселелерді шешуде өзімізбен қатар орналасқан заңгерлік компания елеулі көмек көрсетуде. Олар зейнеткерлерімізді әр айдың төртінші сәрсенбісінде тегін қабылдайды.
Кәмелеттік жасқа толмаған концлагерь тұтқындары қоғамдық көлікте тегін жүру жөнінде өтініш білдірді. Қалалық әкімдік пен жолаушылар тасымалы қауымдастығы бұл өтінішімізге бірден қолдау көрсетті. Ауылдық жерлерден көшіп келген зейнеткерлерді есепке алуда көп қиындықтар туындап отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс кәсіпорындары, сауда мекемелері тарапынан қарсылыққа тап болудамыз. Өйткені, бұл ұйымдарға жаңа мүшелерді қабылдауды ереже бойынша жалпы жиналыс қана шешеді екен. Соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің мәртебесін тағайындау жөніндегі мәселені қалалық әкімдіктің жанындағы арнайы комиссияда талқылап, шешуге тура келді. Соңғы үш жылдың ішінде 4 мың өтініш қаралды.
Қалалық кеңес пандемия кезінде әлеуметтік әлсіз топтағыларға көмек көрсету шараларына белсене атсалысты. Осы мақсатпен қор құрдық. Кәсіпкерлердің демеушілігімен қорға жиналған қаражатқа 468 отбасыға азық-түлік сатып әпердік. Енді міне, Қарттар айлығына орай 80 жастан асқан жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетуді ұйғардық. Көпшіліктің назарын аударатын тағы бір маңызды мәселе – биыл ардагерлер ұйымдарында есеп беру-сайлау жиналысы өтуге тиісті. Коронавирустық пандемияға байланысты төтенше жағдайға қарамастан, бұл шараның да ұйымшылдықпен өтетініне сеніміміз мол. Иә, қарияларымыздың көңілін аулап, әлеуметтік мұқтаждықтарын өтеу – біздің басты борышымыз. Саналы ғұмырын ел игілігі жолына арнаған ардагерлеріміз қандай да болсын құрметке лайықты.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.