Бурабай ауданының әкімі Әсет МҰЗДЫБАЕВ: «Көрікті өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсы болуы керек»

Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің биылғы жылғы тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және алда тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Бурабай ауданы бойынша жыл басынан бері, яғни, биылғы жылдың тоғыз айында әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштердің өсімі, өнеркәсіп саласы бойынша – 101,1, ауыл шаруашылығы бойынша – 111,8, инвестиция тарту бойынша – 105,6, тұрғын үй салу бойынша – 155,3 пайызға жетті.
29,3 миллиард теңгенің жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Соның ішінде астық өнімдері – 19,0 миллиард теңгеге жетіп, 20 пайызға артты. Мал шаруашылығының 10,3 миллиард теңге өнімі өндіріліп, ол 1,2 пайызға артты.
Биылғы жылы 162,9 мың гектар дәнді және дәнді бұршақ алқаптарынан 191,9 мың тонна астық жиналды. Әр гектардың шығымдылығы 15,8 центнерден айналды.
18 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 пайызға артық.
Щучинчк-Бурабай курортты аймағын дамыту 2020 жылы одан әрі жалғасып, 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Биылғы жылы курортты аймақты дамытуға барлық деңгейдегі бюджеттен 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Аудан әкімі өз баяндамасын алдымен, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерден бастады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп, бөлшек тауар айналымы, инвестициялар, мал шаруашылығы, еңбекақы тәрізді негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер 100 пайыздан артық орындалған. Ауыл шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Мәселен, жыл басынан бері осы салада 29,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның 19,0 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығы, 10,3 миллиард теңгесі мал шаруашылығы үлесінде.
Аудан диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 191,9 мың тонна астық жинады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға жоғары. Мұндағы әр гектардан орташа есеппен 15,8 центнерден астық алынды. Мемлекет тарапынан өсімдік шаруашылығын дамытуға жалпы сомасы 307 миллион теңгеге субсидия түрінде қаржылық қолдау көрсетілді. Аудан әкімінің сөзінен ұққанымыздай, өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Ауданда 457 басқа арналған ет бағытындағы «ҚояндыАгро», «Құлагер», «Бастау» шаруа қожалықтары, «А.Әбдірахманов», «Сайлаубек» жеке кәсіпкерліктері, «Сенім 2019», «Аймақ агро», «Журавлевка-1» серіктестіктері сияқты 8 ферма, 62 басқа арналған 1 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру барысында 48,9 миллиард теңге сомасына өнеркәсіптік өндіріс көлемі қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады.
– Өндіріс көлемінің өсуі өңдеу өнеркәсібі өнімінің 15,4 пайызға, оның ішінде металлургия өнеркәсібінде 19,4 пайызға, тамақ өнімдерінің өндірісі 13 пайыздан астамға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, – деді аудан әкімі өз сөзінде. Осы ретте, ауданда «RG Processing» серіктестігінің жылдық қуаты 5 миллион тонна руданы құрайтын алтын өндіру фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорын іске қосылған кезде 1 мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Брифингте айтылғанындай, ауданда есептік кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 28,9 миллиард теңгені құраған. Сонымен бірге, жеке инвестициялар көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға ұлғайып отыр. Ал, ауданның тұрғын үй құрылысына келетін болсақ, жыл басынан бері жалпы көлемі 18 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіштің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға артқаны байқалды. Осы ретте, жеке тұрғын үй құрылысына ынталандыру мақсатында, 4 көп пәтерлі (210 пәтер) үй салуға жобалық-сметалық құжаттамалардың мемлекеттік сараптамалары әзірленді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында құны 6,9 миллиард теңге болатын 8 жоба іске асырылуда, оның ішінде Щучинск қаласы және Зеленый бор ауылдарында жеке тұрғын үйлер салу үшін инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылуда.
Аудан әкімі Щучинск-Бурабай курорттық аймағын одан әрі дамыту мақсатында биылғы жылы 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Оның ішінде жол, су құбыры, кәріз жүйесі, тазалау құрылғыларының құрылысы бар.
– Бұл жобалардың жалпы құны 22 миллиард теңгені құрайды. Осы мақсатқа жоғарыдағы бюджет есебінен 8,7 миллиард теңге қаржы бөлінді, – деді аудан әкімі. Аудандағы өзекті мәселелердің бірі жолдарды жөндеу болып табылады. Үстіміздегі жылы Щучинск қаласында жалпы көлемі 171,7 миллион теңгеге ұзындығы 15,5 шақырым көше жолдары жөнделді. Щучинск-Николаевка жолының учаскесіне орташа жөндеу, Сарыбұлақ ауылына дейінгі жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ал, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылағаш ауылішілік көше жолдары, Бурабай-Қатаркөл жолы, Бурабай кентінің көшелері жаңартылуда.
Аудан экономикасының басым бағыттарының бірі туризмді дамыту болып табылады.
– Туристік қызмет инфрақұрылымына 13 мыңнан астам орынды қамтитын 178 нысан кіреді. Көрсетілетін қызметтер сапасын көтеру мақсатында орналастыру нысандарына санат беріледі. Бүгінгі таңда Бурабай ауданының аумағында 22 нысанның санаттылық сертификаты бар, – деді Әсет Мұздыбаев.
Ағымдағы жылы жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 5 жаңа туристік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында спорт базасы және Орленок аквапаркі, DI-Group кешені, Береке-Бурабай сауда-ойын-сауық орталығы, Інжу отелі маңындағы Береке-Бурабай аквапаркі, шолу дөңгелегі, сондай-ақ, ойын-сауық және қосымша нысандар, «Бурабай даму» визит-орталығы бар. Бұдан бөлек, тағы тоғыз 9 туристік нысанның құрылысы жалғасуда.
Ауданда ірі жобалардың жүзеге асуы Щучинск-Бурабай курорттық аймағының дамуына үлкен серпін береді. Аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Бүгінгі таңда 4985 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 86,3 пайызға өскен. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет маңызды қаржылық қолдау көрсетті. Іске асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында ағымдағы жылы 21 жоба қолдау тапты. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 301,4 миллион теңгеге 8 жоба мақұлданды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасы аясында 38 адам 162,8 миллион теңге сомасына шағын несие, 45 адам 7,9 миллион теңге сомасына бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар алды. Аудан әкімі атап өткеніндей, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған. Осы ретте, ауданның барлық мектептері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына көшіп отыр.
– Аудандық бюджет есебінен оқушылар тегін оқулықтармен толық қамтамасыз етілді. Оқушыларды тасымалдау сапасын жақсарту үшін №11 IТ лицейіне 1 автобус сатып алынды, – деді аудан әкімі.
Аудандағы 42 мектеп кең жолақты Интернетке қосылып, білім беру объектілерінің материалдық-техникалық базасы 98,1 миллион теңгеге нығайтылған. Жыл сайын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны артып келеді. Осы кезеңге дейін ауданда 40 спорттық іс-шара өткізілген. Ауданда халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне де көп көңіл бөлініп келеді. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 1482 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен екі мыңға жуық адам қамтылған.
Брифингте Әсет Мұздыбаев пандемия кезінде ауданда коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын болдырмау бағытында бірқатар күшейтілген шаралар қолға алынғанын атап өтті. Мәселен, ағымдағы жылдың қазан айынан Бурабай ауданының аумағында тұрғындар арасында коронавирус инфекциясына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай күрделі болып қалуда.
– Аудандық медициналық ұйымдар коронавирустық инфекцияны бақылау және алдын алу шараларын өткізуде. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да күшейтілді. Жалпы, пандемия басталғаннан бері 323 зертханалық расталған COVID-19 жағдайы тіркелді, оның 144-і ауру белгілері бар жағдай, 179-ғы ауру симптомынсыз вирус тасымалдаушылар, – деп қорытындылады аудан әкімі өз сөзін. Брифингте әкім журналистердің өңірдің басқа да әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары жөнінде қойған сауалдарына жауап берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар