Ойға алған ісі алға жылжып, еңбекте де, өмірде де жақсы нәтижелерге жетіп жүретін адамдар бар және керісінше, түрлі қиындықтар мен ауыртпалықтардан көз аша алмай, ісі алға баспай, үнемі сәтсіздіктер мен бақытсыздықтарға ұшырап жүретін пенделер де бар. Бірінші топтағыларды біз «табысты адамдар» дейміз, ал, екінші топтағы жандарды қырсық шалған, жолы ашылмайтын, сәтсіздік соңынан қалмайтын адамдар деп жатамыз. Сіз осы топтың қайсындасыз? Егер алғашқы топта болсаңыз, онда мақаланы әрі қарай оқымай-ақ қойсаңыз болады. Өйткені, бұл мақала екінші топтағы жандарға арнап жазылған.
Табысқа жету – өз қолыңызда
Өмір жолыңыз айқын және ашық болуы керек
Табысты адам болу үшін ең бірінші қажеттілік: өмір жолыңыз ашық және айқын болуы шарт. Бұны қалай түсінуге болады? Сіз айналаңызға ақыл тоқтата, байыппен барлап қарап көріңіз, адамдардың көбінің бар өмірлерін күнделікті өмір ағысымен өткізіп жатқанын бағамдайсыз. Олардың қатарында өзіңіз де барсыз.
Енді осы жайға кеңірек тоқтала кетейік. Сіз күнде сағат қоңырауымен оянып, жуынып-шайынып, таңғы тамағыңызды ішіп алып жұмысқа аттанасыз. Жұмысыңызды да үйреншікті әдетпен еш ойсыз, мақсатсыз атқарып, кеш болған соң үйіңізге ораласыз. Содан кешкі асыңызды ішкен соң біраз теледидар қарап немесе отбасында әңгіме-дүкен құрып, түн ортасына таман ұйқыға жатасыз. Осындай бірсарынды өмір үздіксіз қайталанып отырады. Ал енді осылайша өмір ағысымен аға беру қандай нәтижеге жеткізбек? Кездейсоқ бақ қонса, биікке көтеріліп, әйтпесе төмен құлдырап немесе бірсарынды бірқалыпты тірлікпен күн кешесіз. Әрине, кездейсоқ бақыт екінің бірінің басына қона салмайтыны белгілі. Сондықтан, осылай тірлік кешетіндердің көбі бірсарынды, сүреңсіз өмір сүреді және қиындықтар мен сәтсіздіктерге жиі ұшырап, содан қалай шығамыз деп үнемі бастары қатып жүреді.
Ал, табысты адамдар не істейді? Өзін-өзі дамыту ғылымының білгір сарапшысы американдық Брайан Трейсидің айтуынша, ол аптасына бір кітап, айына төрт кітап, жылына 50 кітап оқиды екен. Осылайша үнемі білімін жетілдіріп отырады. Күн сайын таңертең ерте тұрып, сол күні атқаратын барлық шаруаларын жоспарлап алады және күнұзақ сол өзі құрған жоспарға сай әрекет жасайды. Оның күндік жоспарымен бірге, ай ішінде, жыл ішінде атқаратын жұмыстарына байланысты жасалған айлық және жылдық жос-
парлары да бар екен.
Күнделікті істейтін шаруаларын, ай, жыл ішінде атқаратын істерін жоспарлап, сол жоспарға сай әрекет ету, өмір бағдарын айқындап, оны ашық етеді. Алғашқы топтағылар қараңғы орман ішінде оң-солын ажырата алмай, басы ауған жаққа кетіп бара жатқан адасқан адам сияқты болса, екінші топтағылар, бағыт-бағдарын белгілеп алып, жетер жерін, оған қалай жетуге болатынын және қанша уақытта жететінін білетін, сол білімін пайдаланып, саналы түрде әрекет ететін адамға ұқсайды. Олардың табысты болуының ең басты және негізгі себебі де осында.
Табысты болудың бір кілті – ерте тұру
Орыс халқының «утро вечера мудренее» деген нақылы бар. Кешкілік ми шаршап тұрғанда адам жақсы мен жаманды, пайдалы мен залалды нәрсені анық ажырата алмайды. Ал, таңертең ұйқысы қанып тұрған соң ол өзін толғандыратын өзекті мәселені шешудің дұрыс жолын қатесіз таңдай алады.
Сондықтан, таңертең ерте тұруды әдетке айналдырсаңыз – бұл табысты болуға жасалған ең алғашқы және маңызды қадамыңыз болары анық. Содан кейін басыңыз тынық болып тұрған кезде сол күні жасайтын шаруаларыңызды ақылға салып, жоспарлап алыңыз. Күнұзақ сол жоспарыңызға сай әрекет етуге тырысыңыз. Ай соңында қол жеткен жетістіктеріңізді қорытындылап, келесі айда жасайтын істеріңізді ақылмен шолып, байыптап алғаныңыз жөн.
Осыны берік әдетке айналдырып алсаңыз, көп ұзамай ісіңіз алға басып, қыр соңыңыздан қалмаған қырсықтан құтыла бастағаныңызды сезінесіз. Ал, келе-келе жолыңыз ашылып, ісіңіз алға баса бастайды. Жылдар өте сіз жолыңыздың үнемі болып, шаруаңыздың үнемі алға басуы – сіздің саналы әрекетіңіздің жемісі екендігін түсінесіз және табысты адам болу өз қолыңызда екендігін ұғынасыз.
Қалкөз ЖҮСІП.