Қаһарман тұлға

Тарихты қашан да тұлғалардың жасайтыны анық! Батырлық – Жаратқан иенің сүйікті құлына тартқан сыйы! Жаратқанның да, халықтың да бір сүйікті ұлы болса, ол – Жұмабек Тәшенев болар! Туған халқы мен сол халқының тоқымдай жері үшін өз басын құрбандыққа шалуға дейін барған Жұмабек Тәшеневтей біртуар дара перзент Жаратқанның жазуымен енді, міне, тәуелсіз елінің ірі тарихи тұлғасына айналып отыр. Ұлы даланың бір тұтам жерін ерлігімен де, жүрегіндегі бар махаббатымен де қорғаған ерлерін қазақ халқы қаншама ғасырлар өтсе де ұмытпай келе жатқаны анық. Сондай тұлғалардың бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев!

Тарихты қашан да тұлғалардың жасайтыны анық! Батырлық – Жаратқан иенің сүйікті құлына тартқан сыйы! Жаратқанның да, халықтың да бір сүйікті ұлы болса, ол – Жұмабек Тәшенев болар! Туған халқы мен сол халқының тоқымдай жері үшін өз басын құрбандыққа шалуға дейін барған Жұмабек Тәшеневтей біртуар дара перзент Жаратқанның жазуымен енді, міне, тәуелсіз елінің ірі тарихи тұлғасына айналып отыр. Ұлы даланың бір тұтам жерін ерлігімен де, жүрегіндегі бар махаббатымен де қорғаған ерлерін қазақ халқы қаншама ғасырлар өтсе де ұмытпай келе жатқаны анық. Сондай тұлғалардың бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев!
Алаш қайраткерлері мен халқымыздың ұлы тұлғаларының қатарынан орын алар Жұмабек Тәшенев – шынында да, арыстан жүректі, теңдесі жоқ дара тұлға.
Ол қазақ елінің тарихында, туған халқының алдында үлкен ерлік жасады. Кешегі кеңестік жүйенің хрущевтік дәуірінде Қазақстанның солтүстік аймағындағы жерінің асты да, үсті де қазына, байлығы шалқыған, егін-жайы толқыған бес облысты біріктіріп, әуелі «Тың өлкесі» ұйымдастырылғаны белгілі. Кеңес Одағының құйтұрқы саясатының көздегені – түптің түбінде осы аймақтарды Ресейге қосу, сөйтіп, республика аумағының бестен бір бөлігі болатын қазақ елін толықтай Мәскеудің құзырына мықтап бағындыру болатын. Міне, осы бір ұлт үшін апатты жағдайдан қазақтың жерін де, елін де аман алып қалу және қазақтың ұлан-ғайыр киелі жерін талан-таражға салудан қорғап қалу Жұмабек Тәшеневтің маңдайына жазылыпты. Бұл 1960 жылдың желтоқсан айында болған жағдай еді.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев 1915 жылы 20 наурызда Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Танагүл ауылында (қазіргі Береке және Қойгелді ауылдарына көршілес болған) дүниеге келген. Еңбек жолын 1924 жылы Жалтыркөл ауылында бұзау бағудан бастаған ол 1947-1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1948-1951 жылдар аралығында облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған болатын. 1952 жылы Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, осы өңірде жақсы қызмет істеп, жоғары көрсеткіштерге жеткен Жұмабек Тәшенев 1955 жылдың наурыз айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне тағайындалады. Ал, 1960 жылдың қаңтар айында 45 жастағы Тәшенев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасына тағайындалды.
Бұл қызметтен ол бір жылдан соң, яғни, 1961 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан КОК-тің «жабық» бюро мәжілісінің шешімімен босатылған еді. Бес ай бойы жұмыссыз жүріп, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл кешегі Қазақстан сияқты республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының, одан кейін Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Тәшеневті Мәскеудің қитұрқы саясатымен төмендету болатын. Содан Жұмабек Тәшенев сол Шымкентте қызмет атқара жүрген кезінде жасы алпысқа енді толмағанына қарамастан, 1975 жылдың наурыз айында қызметтен шұғыл босатылып, еңбегі сіңген дербес зейнеткерлікке жіберілді.
Сол кездегі кеңестік билік Жұмекеңнің нақтылы туған күнін де, яғни, зейнеткер жасына – алпыс жасқа толғанын да күтпеді. Сіңірген еңбегіне қарағанда оған 500 сом зейнетақы берілуі керек еді, бірақ Мәскеуден келген комиссияның шешімі бойынша небәрі 180 сом зейнетақы тағайындалды. Содан да болар, кейін алпыс жастағы Тәшенев амалсыздан Қаракөл ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, одан соң ғылыми-техникалық орталықтың директоры қызметтерін атқарды.
Кеңестік жүйе Жұмабек Тәшеневті көзінің тірісінде барынша елемеуге тырысты. Тіпті кемсіту әрекеттері де орын алған кездер бар. Дегенмен елі мен халқының Жұмабек Тәшеневке деген ыстық ықыласы, сүйіспеншілігі ерекше болды. Яғни халқы ардақтады, құрметке бөледі. Кезінде адал еңбегі үшін Кеңес Одағының «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Соқтықпалы соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген ардақты азамат 1986 жылы қарашаның 18-і күні 71 жасында дүниеден өтті.
Өз ғұмырында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев ісіне өте берілген, сеніп тапсырылған кез-келген жұмысқа асқан жауапкершілікпен қараған адам еді. «Елім, жерім» деп өмір сүрді. Халқына жақсылық жасаудан жанын аямады. Қандай мәселеге болса да әділдікпен қарап, ортаға белсене шығып, қызына сөйлеп, өз көзқарасымен, елдің мүддесін батыл қорғайтын. Небір үлкен әрі дәрежелі жиындарда өзі де пікірін ашық айтатын, өзгенің де жасқанбай сөйлеуін қалайтын.
Неге екені белгісіз, ресми құжаттарда Жұмабек Тәшеневтің қазақ елін бөлшектеуден сақтап қалғандығы жайлы ашық айтылмағанымен, қазақ жерінің тұтастығы үшін істеген істері халықтың жүрегіне әбден жатталып, ол ерлігі аңызға да айналып кеткен-ді.
«Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, Жұмекеңнің сынды қазақтың озық ойлы азаматының өмір жолындағы осындай ерекше жағдайларды қалың халқы аңыз етіп жүрді. Ол жер үшін өзін де, ағайын туғандарын да ойламай, тек халықтың күйін күйттеп, жырын жырлап «халық үшін жан пида!» деп, асқақ рухымен өмір сүрді.
Тарих Жұмабек Тәшеневтің туған жерге ғана емес, сонымен бірге ана тілімізге, қазақ баспасөзіне үлкен жанашыр болғанын біледі. Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстан өңіріндегі бес облыстық газет жабылып, қазақ журналистерінің жұмыссыз қалғаны да – тарихи шындық. Сол жылдары республикалық қазақ тілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Төрағасы Тәшеневтің қарсы тұруының нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») және басқа қазақ газеттері жабылудан аман қалды.
Белгілі жазушы Садықбек Адам­беков өзінің «Қайта соққан боран – замандастарым жайлы» атты мақаласында Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитеті бюросының 1958 жылғы 28 шіл­дедегі «Қазақ әдебиеті» газетін жа­бу туралы мәселе қойыл­ған оты­­ры­сы туралы әңгі­мелейді. Осын­да Ж.Тәшенев солақай белсенділердің сойқан­ды әрекеттеріне батыл соққы береді. Мәжілісте күнілгері дайын­далып қойған, «шаш ал десе, бас алуға» ниет еткен қай­сыбір жалаңқылышты жандай­шаптар жарыса жамырап, мәсе­ле­нің байыбына бармай, Қазақ­стандағы қазақ тілінде шығатын барлық газеттерді жа-
уып, аудар­ма басылымдарға айналдыру жөнінде ұсыныс жасайды. Тіпті сол тұста «Социалистік Қазақ­станның» қара­­шаңыра­ғын ұстап отырған Қ.Шә­ріпов өзінің «Казахстанская прав­да» газеті редакторының орынба­сары болып қалуға да бейіл екенін білдіреді. Осы сәтте оты­рысқа қатысып отырған Жұмекең: «Социалистік Қазақстанды» ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не тантып тұрсың өзің!» – деп дүрсе қоя береді. Ал «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Сырбай Мәуле­нов мінберге қарай сылбыр басып, түсі қашып бара жат­қан­да, әлі ашуы басылмай отырған Тәшенев: «Тайсақтамай, батыл сөйле! – деп, орнынан қозғалып қойды», – дейді.
Ұзын-ырғасы үш сағатқа созылған талқылау барысында Ж.Тәшенев ұлт тілін­дегі газеттерді жабудың не­гізсіз екендігін қисынды дәлелдермен айтып, оларды дәйектеп, бірнеше рет сөз сөй­леген екен. Әлбетте, туған халқының, ұлт тілінің тағдырына араша түсіп, кемелділік танытып, өзінің нарлығын да, арлылығын да көрсеткен ұлтжанды ардагер ағаның арқа­сында қазақ газеттері солақай сая­саттың сойылынан аман қал­ғанына, тәуелсіздік алған мына за­манда бұдан былай да сақтала бере­тініне тәубе деуіміз керек шығар! («Қазақ әдебиеті» газеті, 1991 жылғы тамыз айы).
Жұмекең қолында билік тұрған кезінде қазақтың барлық шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына қол ұшын беріп, жағдайларын жасап отырған. Тіпті бұған белсене кіріскен деуге де болады. Мәселен, 1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі өткен онкүндігінің аса жоғары салтанатты жағдайда табысты өтуіне үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей қазақ өнерпазына – Қалибек Қуанышбаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Шәкен Айманов пен Мұқан Төлебаевқа – сол кездегі ең жоғары атақ – КСРО Халық әртісі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенев үлкен қажырлылық көрсетті. Осыдан кейін дәл осылай, бір алғанда бірнеше өнер иесіне қатарынан мұндай жоғары атақ алу қазақ өнері мен мәдениетінде бұрын-соңды болған емес. Кейін Тәшенев Совминнің төрағасы болып, «… 1960 жылы қазіргі Алматыдағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 120 пәтерлік үлкен жаңа жобамен салынған үйді түгелімен өнер мен әдебиет қайраткерлеріне бергізді. Осы Қонаев даңғылындағы №135 үйді бүгінге дейін жұрт мақтаныш ретінде «Қазақ ауылы» немесе «Тәшеневтің үйі» деп атайды. Бұл үйге қоныстанған елге танымал қайраткерлердің ішінде Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмаилова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалымдар Әбді Тұрсынбаев, академик Б.Ермеков және т.б. болды. Тіпті сол уақытта классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов көшедегі телефоннан Ж.Тәшеневке қоңырау соғып: «Жұмеке, менің үйім жоқ, үй беріңіз», – депті. Сонда Тәшенев: «Автоматтан хабарласып тұрғаның не, келмейсің бе өзіме» деп шақырып алып, үй бергізіпті» (С.Дүйсен, Қ.Еңсенов «Жұмабек Тәшенев»: ғылыми басылым, Алматы: «Литер-М» ЖШС. 2012. 172 бет).
Кеңес Одағының тұсында одақтас республикалардың Жоғарғы Кеңестерінің Төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болып саналатын. Олардың әрқайсысы кезекпен бір ай бойы Мәскеуде қызмет ететін тәртіп болған. Жұмекең осы мүмкіншілікті де халқының мүддесі үшін кеңінен пайдалана білді. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының Лениндік сыйлыққа өтуіне де осы қызметі арқылы көп күш салған-ды. Алматының ең үлкен магистральды көшесін Абайдың атымен атау-
ды және көшенің төріне ақынның үлкен ескерткішін қоюды ұсынып, «оған ақша жоқ» деп қиынсынған шенеуніктерге Тәшенев Тбилисиде – Руставелидің, Мәскеуде – Горькийдің, Ташкентте – Науаидің ескерткіштері барын алға тарта отырып, ұтымды сөзбен ұғынықты дәлел келтірген көрінеді. Мәскеудегілер амалсыз мойынсұнып, Абайдың атымен көше атауға және көрнекті етіп ескерткіш орнатуға рұқсат берген екен.
Ол жылдары жергілікті тұрғын халықтың мүдделері онша ескеріле бермейтін және тіпті әрі басшы кадрды да Мәскеу тағайындайтын. Мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің (бұдан әрі – ҚазКОК) бірінші хатшысы Леонид Брежнев КОКП-ның ХХ съезінде КОКП Орталық Комитетінің хатшысы болып тағайындалған соң Алматыға келіп, ҚазКОК-нің бюросын өткізеді. Осы бюрода Орталық Комитеттің бірінші және екінші хатшылығына И.Яковлев пен Н.Журиннің кандидатуралары ұсынылатынын хабарлайды. Бұған бюро мүшелері Д.Қонаев, Ф.Кәрібжанов, М.Бейсенбаевтер келісімдерін білдіргендей, тіс жармай және үндемей тұнжырап отырады да қояды. Мәскеуден келген Л.И.Брежнев енді бюро мәжілісін жапқалы жатқан сәтте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Ж.Тәшенев сөз алып, былай дейді: «Құрметті, Леонид Ильич! Аудандарда, облыс-
тарда, орталық аппаратта, министрліктерде республиканың партия ұйымының екінші хатшысы қызметін атқара алатын лайықты кадрлар өсіп-жетілді. Міне, ортамызда ҚазКОК хатшысы Фазыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалардан несі кем? Неге ол екінші хатшы болып істей алмайды деп ойлайсыздар? Мені осындай дайын жергілікті кадрларға осылайша менсінбей қарау таң қалдырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім көрсетпеушілік, оларды ашықтан-ашық кемсітушілік деп қабылдаймын. Партиялық биліктің бірінші және екінші хатшы қызметтеріне ұлттық кадрлар өкілдерін жібермеу белгілі дәстүрге айнала бастады». («Егеменді Қазақстан» газеті. 1995 жылғы
8 сәуір).
Қайсар Тәшеневтің бұл сөзінің Брежневті есеңгіретіп тастағаны соншалықты, ол өзіне-өзі келе алмай, жүрегін ұстайды. Брежнев осының алдында Қазақстанда жоғарғы лауазымда біраз жылдар қызмет еткен болатын. Кейін, Тәшеневтің ұлы Саянның айтуынша, сол бюро отырысында Жұмабек Ахметұлын Орталық Комитеттің хатшысы Тәжиев қана жалғыз өзі қолдап:
– Рас-ау, неге Орталық Комитет осыншалық біржақты кадр саясатын жүргізеді, республика басшыларымен неге алдын ала ақылдаспайды? – деп, өз ойын ашық айтыпты.
Бюродан кейін берілген түстікте Брежнев қасында отырған Тәшеневке:
– Мен сіздің мұныңызды ешқашан ұмытпаймын, – деген екен. Шынында да, ол Тәшеневтің сол айтқанын ұмытпады. Кейіннен Л.И.Брежнев Кеңес Одағын басқару дәуірінде Тәшеневтің қызмет сатысымен өсуіне кедергісін тигізді және қатаң бақылауда ұстап келді.
Сол бюродағы Тәшеневтің өткір де қатаң сыны Мәскеуге әсер етпей қалмады. Кейін бір жылға жетер-жетпесте Ф.Кәрібжанов екінші хатшы болады. Араға тағы екі жыл салып Д.Қонаевтың қолы ҚазКОК-тің бірінші хатшылығына жетеді. Жергілікті ұлт өкілдері кадрларын елеу, оларға сенім көрсету басталады. Сол жағдайда, Х.Бектұрғанов Ақтөбе, А.Асқаров Жамбыл, Е.Әуелбеков Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеттеріне төраға болса, Б.Әшімов Көкшетауға, О.Қозыбаев Қостанайға екінші хатшылыққа өсіріледі. Өстіп өмір өзінің табиғи арнасына түсіп, алға жылжи бастайды.
Ж.Тәшенев Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне төраға болысымен аппаратты қазақтандыруға, жасартуға көп күш салды. Бұл нәтижесіз де болған жоқ. Жалпы сол кезде Жоғарғы Кеңесті жаппай қазақтандырған – Тәшенев! Мысалы, Кемел Тоқаевты «Социалистік Қазақстан» газетінде істеп жүрген жерінен «Жоғары Кеңестің Ведомствосы» журналының редакциясына алып келген де Ж.Тәшенев болатын. Жұмекең Жоғарғы Кеңестен Министрлер Кеңесіне ауысқанда да өз ұлтын қызметке тартты. Бас-аяғы бір жетінің ішінде 12 қазақ жігітін Совминге алғызады. Тәшенев «Сов-
минде» төраға болып, бас-аяғы он бір ай ғана істеді. Ал, әлгі азаматтардың көпшілігі кейін министр болып кетті. Солардың бірі Нұрсұлтан Төлекбаев кейін Мәсімхан Бейсебаевқа көп жыл көмекші болды. (Кәрішал Асан ата «Шынжырда өткен Жолбарыс», Алматы: «Үш Қиян», 2004ж. 40-43 бет).
1960 жылы желтоқсанның 26-сы күні Қазақстанның солтүстік облыстары құрамына енген Тың өлкесі құрылады. Осы өлкенің бірінші хатшысы болып Т.Соколов, ал өлкенің атқару комитетіне төраға болып В.Мацкевич сайланады. Бұған дейін В.Мацкевич КСРО ауыл шаруашылығының министрі болған адам. Жұмабек Ахметұлы Тәшенев бұған да үзілді-кесілді қарсы болады. Екеуінің бірі қазақ болсын дейді. Бірақ, тың игеру саясаты арқылы жаппай орыстандыру ашық жүргізілді емес пе? Сол кездегі Кеңес Одағының коммунистік партиясының тізгінін ұстап отырған Н.С.Хрущев Мәскеудің шешіміне үнемі кедергі болып тұратын Тәшеневті қызметінен босатып жіберген еді.
Жұмабек Тәшенев – өнер, мәдениет саласындағыларға қамқоршы болған жан. Олардың сөзін тыңдап, дұрыс ұсыныс, пікір айтқандарға барынша көмектесіп отырған. Оған жоғарыдағы үлкен ағаларын тындап, інілік ізетпен сыйлай білгенінің өзі дәлел. Мәселен, ақындар Хамит Ерғалиев пен Сырбай Мәуленов Қап тауындағы «Узбекистон» деген санаторийді көріп: «Мәскеуде де осылардың дүкендері мен ресторандары менмұндалайды да тұрады. Бізде соның бірі жоқ», – деп налып, сол ойларын Ж.Ахметұлына айтады. «Бізде де болады!», – деп Жұмабек Тәшенев олардың көңілдерін орындарына түсіреді. Кейін Есентоқа (Есентуки) деген жерде «Қазақстан» деп аталған санаторий салынып, ол осы уақытқа дейін жұмыс істеп тұр («Жақсыдан шарапат», «Қайнар», 1996 жыл. 104-бет).
Тәшенев жоғары қызмет істеген тұста Қазақстанда 1937-1952 жылдары репрессияға ұшырағандарды ақтау бойынша қыруар жұмыстар атқарылды.  Мыңдаған адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің қоғамда беделі қайта көтерілді. Осы бір қайырымды істің басында Жұмабек Тәшенев те тұрған болатын. Өзі де солшыл саясаттың құрбанына айналып кете жаздаған ол сол бір нәубет жылдардың тірі куәсі еді. Басқалармен бірге НКВД-ның уысына жас Тәшенев те ілініп кете жаздады. Осы себептен 1938 жылдың қаңтар айының бір түнінде туған жері Ақмола облысынан қызмет бабымен ауысып, бірінші Қарағанды қаласына, кейін Солтүстік Қазақстан облысы Бейнетқор ауданына қоныстанды. Мүмкін, тез орын ауыстырмағанда ол да ерте құрбан болып кетер еді.
Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ-дың профессоры, тарих ғылымының докторы О.Мұхатова «Өз заманының ірі тұлғасы» мақаласында Тәшенев туралы былай деді: «… Оның бойындағы ең ерекше қасиетті даралап айтар болсақ, ол – үлкен адамгершілік асыл қасиет. Оған дәлел ретінде Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып отырғанда Украинаның бір белгілі ғалымы жазықсыз, жаламен ату жазасына кесілгенде, Жұмабек Ахметұлы оның мәселесін әділетті түрде қайта қарап, Бас прокурорға тағы тексерткізіп, ақтап шығарған. Сол жылдары Ақтөбе облысының Алға ауданынан келіп, Алматыдағы студент баласының қазасына кезіккен соғыс ардагері Әли Едігеевке мүрдені алыс ауылына жеткізу үшін өзінің Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қызмет ұшағын ұсынған… Жұмекең Бауыржан Момышұлын және Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған еді. Әттең-ай, билік басындағы уақыты қысқа болғандықтан, екеуін де өткізе алмады. Дей тұрғанмен Баукеңнің алғашқы кітаптарының жарыққа шығуына Жұмабек Ахметұлы себепкер болғаны баршаға мәлім. («Қазақстан тарих: әдістемелік журнал» 12. 2009ж, 72-73 б.). Ол Алматы облысының Талдықорған ауданындағы еңбегі сіңген атақты колхоз төрағасы Нұрмолда Алдабергеновке екінші рет Социалистік Еңбек Ері жұлдызын Мәскеудегі орталықпен таласып жүріп, алып берген (Көлбаев Т. «Сілтесең семсер, қорғансаң қалқан болған» мақаласынан, Қазақстан-Заман 2003ж. 14 қараша).
Кейін, Нұрмолда атамыз күрсініп айтқан еді: «… мен барлық атақты қазақтарды білемін, бірақ Тәшеневтей қазақ жоқ, ондай қазақ тумаған… Әттең, Тәшенев орнынан түспей, енді бір жарты жыл тұрғанда үшінші жұлдызды да маған алып берер еді. Жігіттер, бұл мен үшін емес, қазақ ұлтының мақтанышы үшін керек еді ғой. Қайран Жұмабек осыны жақсы түсінетін жігіт. Өйткені, ол ұлтының мұқтажын түсінетін ұлы перзенті еді. Әрі басқан қадамынан ұлтқа жанашырлығы байқалған нар тұлға қолынан келген ісінен аянып қалған жоқ» («Тіл» журналы, 2010 ж. № 6 (23), 36 бет).
Жеке адамға табынған тоталитарлық жүйе біздің аға буын азаматтарды қаншама қырып-жойғанымен, киелі қазақ жері елдің болашағын ойлайтын, оның намысын қорғайтын қайраткерлерден құр алақан болған емес. Кешегі қазақ жерін бөлшектеп, басқаларға үлестіре бастаған кезде, Қазақстан деп аталатын елді жойып, оның орнына бірнеше өлкелер құрып, Мәскеуден тікелей басқаруға көше бастағанда, еліміздің орта буын адал ұлдары, ержүрек батыл азаматтары бас сауғалап бұқпай, Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің, әсіресе, Никита Хрущевтің, кеңестік саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, наразылық білдіріп, билік орындарынан, лауазымды қызметтерінен қуылып жатты. Осындай ұлтжанды, қайсар басшылардың бірі аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы, кейіннен Республиканың Министрлер Кеңесінің Төрағасы болған Жұмабек Тәшенев еді.
Академик Б.Ермұқанов «Сіз бізге қарсы емессіз, сіз өз күйіңізді күйт­­тейсіз» деген мақаласында мынадай тәм­сіл келті­реді: ғұндар­дың ұлы мем­лекетінің іргесін қа­лау­шы Модэге (б.з. д. 209 ж.) дұшпан­дар келіп, одан сәйгүлік арғымағын беруді талап етіп, сонан соң ғұн­дар­дың аса сүйік­ті әйел­де­рінің біреуін алып кетуін емеурінмен білдіреді, ол сұ­ра­­ған­дарын береді. Ал, олар жер­дің бір бөлігін алғысы келгенде, ол ашу­ға булығып: «Жер – мемле­кет­тің тұғыры, оны қалай беремін?», – дейді. Ол өзіне жерді беру жөнінде кеңес айтқандардың бәрінің баста­рын шауып, жау­ларға тарпа бас салып, олар­ды талқан­даған. Одан әрі мақала авторы мына жәйтке назар аударта­ды: «… 60-шы жылдардың бас кезінде КОКП генсек Никита Хру­щев Қазақ­стан­ның бес об­лысы (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) кірген «Тың өлкесі» деп аталатын құры­лым арқылы өлкені тікелей орталыққа ба­ғын­дырып, іс жүзінде қазақ жерін күштеп бөлшектеуге жан­та­ла­са ұмтылған кезде республи­каның аумақтық тұтастығына ай­тарлықтай қатер төнген еді. Бағы­мызға қарай, осы сәтте Хрущевтің буынсыз жерге пышақ салған ұсы­нысына өжет басшы –
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.Тәшенев батыл қарсы шықты. Ақыры Одақ басшысының бұл даурықпа дәме­гөйлік пиғылы жүзеге аспай қалды» («Ка­захстан­ская правда» газеті, 1995ж. 15 ақпан).
Сол үшін таяқ жеп жатса да ол тайсалмады. Мәселен, Тың өлкесін Ресей Федерациясына қосу туралы КОКП Орталық Комитетінің басшысы Хрущев Тәшеневтен пікірін сұрағанда, ол өз қарсылығын ашық айтты: «Мен өзім Ақмолада туып-өстім, менің ата-анамның, ата-бабамның жаны осы жерде жай тапқан. Енді осы жерді бізден алып, Ресейге бергелі отырсыздар. Мұндаймен ешбір қазақ келіспейді. Ойланыңыздар, жолдастар! Мен осындай мәселені көтергеннің өзіне жан-тәніммен қарсымын!» депті. Ал, оңтүстіктегі үш ауданның жерін Өзбекстанға беру туралы пікірін сұрағанда «… мұндай мәселені шешу түгіл, көтерудің өзіне қарсы…» екенін айтқан.
Бұған шамданып қалған Хрущев «КСРО – біртұтас мемлекет, сондықтан қай республикаға қандай жерді беру керектігін біз сізден, Тәшенев, сұрамай-ақ шеше аламыз» дегенде: «Олай болса, бұл – КСРО Конституциясына қарсы шыққандарыңыз. Ал, онда әрбір республиканың аумағы оның бұлжымас меншігі делінген. Егер Конституцияның бұл талабы ерескел бұзылатын болса, біздің халықаралық ұйымдардың араласуын сұрауға қақымыз бар», – деп Тәшенев тойтарып тастайды. Оның бұл сөздерін естіп, қатарлас отырған Д.Қонаев өзі Жұмекеңнің батылдығына таңғалғанын жасыра алмай, қонақ үйге келе жатып: «Сіздің жүрегіңіз, Жұмеке, адамдікі емес, арыстандікі шығар» деген екен (Кәрішал Асан ата «Шынжырда өткен Жолбарыс…» Алматы «Үш қиян», 2004ж. 53-55 бет).
Ал, Тың өлкесін басқарып отырған Т.Соколовтың 1960 жылдың аяғында Қазақ үкіметінің билігін мойындағысы келмей, қиқарланып, Мәскеуге бұра тартқанын естігенде, шыдай алмай күйініп кетіп, арнайы ұшақпен сол кездегі Ақмолаға (1961 жылдың 20 нау-
рызынан бастап – Целиноград қаласы) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев ұшып келіп: «Жолдас Соколов, келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар? Қазақстанға бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде бұл жерден табаныңды жалтырат! Есінде болсын, Тың өлкесі ешқашан да Ресейге берілмейді, ана жақтағы бастықтарыңа да солай деп айт», – деген екен. Әрине, мұндай сөздерді жүрегінің түгі бар адам ғана айта алса керек. Халықтың сүйсінген көңілден аузынан тастамай айтып, түрлі аңыздарға айналдырып жүрген Ж.Тәшенев ерліктерінің бір парасы міне, осындай.
КОКП Орталық Комитеті ұйымдық бөлімі инспекторларының бірі кейіннен есіне алғанындай, Хрущевті таң қалдырғаны Тәшеневтің «өлкені Ресейге беруге қарсы шыққан сөзі емес, Соколовқа: 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан табаныңды жалтырат!» дегені екен. Әрине, оның мұндай сөздерін бүкіл билік қолында тұрған Хрущев кешірген жоқ.
Хрущевтің шыдамының таусылғанына мына бір жағдай да әсер етсе керек. 1960 жылдың күзінде Ақмола облысы аумағындағы бір әскери лагерьдің казармасында республикалық үлкен кеңес өтіп жатады. Сол кезде Хрущевтің көмекшісі Шевченко рұқсатсыз және мас күйінде өз бетімен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының жеке ұшағымен Бурабайға ұшып кетеді. Мұны естіген Тәшенев рация арқылы ұшқышпен байланысып, қайыра әуежайға қайтуға бұйырады. Мәскеуден келген жүгенсіз кеткен шенеуніктің «сыбағасын» береді де, бірақ бұл туралы Хрущевке баяндамайды. Осыны пайдаланып, Шевченко бұл жағдайды бастығына басқаша жеткізеді.
Республика Министрлер Кеңе­сінде бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген Ж.Тәшеневті «бөгде ойлы адам» ретінде күстәна­лап, Н.Хру­щевтің нұсқауымен Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару коми­теті төрағасының орын­басары қыз­метіне тайдырып жіберді. Ол осында 1975 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы жұмыс істеді. Елім деп еңіреген, отансүйгіш аптал азаматты осыншалық батпандай зұлымдық жазадан Н.Хрущевтің қызметі қатал сынға ұшыраған КОКП Орталық Комитетінің 1964 жылғы қараша пленумынан кейін де заман зауалы ахуалымен Қазақ ­КОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың өзі де ақтай алмады (Қонаев Д. «Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы, «Санат». 1994ж. 210-211-беттер).
Дәл осы тұста «құрамына Өзбек­стан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қыр­ғыз­стан және Қазақстан­ның Шым­кент облысы басшылары енген «Орта Азия бю­росы» құрылды. Хрущевтің күллі жы­мыс­қы ойы осыдан кейін тайға таңба бас­қандай айқын болып еді. Ол бола­шақ­та рес­пуб­лика ара­сындағы шекараларды жою жө­нін­дегі өз идея­сын қалайда тезірек жүзеге асырмақ» болған екен (Қонаев Д. «Өтті дәурен осы­лай» Алматы, 1992 жыл, 235-бет).
Украинаға сый-сыяпат ретінде бе­ріл­ген Қы­рым­ның ащы сабағының мысалын­да Ж.Тәшеневтің тегеурін танытқан теңдесі жоқ ерлігін лайық­ты баға­лауымыз ләзім десек те, өкінішке қарай, кезінде оның есімі өзі сіңір­ген еңбегіне сай бағасын алмады. Осыны есептеп, Қазақ КОК-нің бұрынғы 1- хатшысы Исмайыл Юсупов: «Егер қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар» деп айтқан еді (Е.Нұрқасымның мақаласы, «Тың игеру және Тәшенев» 2010 жылы ақпан 19, 14 бет).
Мұхтар Шаханов ширек ғасыр Қазақстанды басқарған Д.А.Қонаевтан: «…тың өлкесін Ресейге қосудан аман алып қалған Жұмабек Тәшенев дейді. Сол рас па?» деп сұрағанда, Димекең: «Иә. Ол кезде Тәшенев Қазақ КСР-і Үкіметінің төрағасы болатын» деп қысқа жауап береді («Жалын» 2008 жылы № 2).
Акаде­мик Ма­наш Қозыбаев өзінің «Дерек – тарихи дәлел» деген мақала­сында («Казах­станская правда» газеті, 1990 жыл­ғы 12 қаңтар) былай деп көрсетті: «… Ж.Тәшенев және басқа да адамдар Қазақ­стан аумағындағы ядролық жары­лыстарға қарсы шығып, озбыр­лық­тың құрбаны болды». Ал, Д.Қонаев жоғарыда аталған кітабында: «Әрбір нақты жағдайда әмір Мәскеуден түсетін. Онда қандай да бір ау­мақты басқа аймаққа қосу жөнінде үзілді-кесілді ай­ты­лып, ол өңірлер­ді ауылдар­дан, деревнялардан, шо­пандар қыстауларынан жылан жа­лаған­дай тазартудың мерзімі көр­се­ті­ле­тін. Бұл әмірлер сөзге кел­мес­тен атқарылатын» деп жазды.
Елі үшін қызмет жасап дағдыланған Жұмекең лауазымым төмендеді деп қайғырған жоқ, керісінше, жатпай-тұрмай осы қызметте 14 жыл болып, облыстың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Жасы келіп, зейнетке шыққасын да қарап отырмай, ғылыми жұмыстармен айналысты, қаракөл елтірісінің сапасын жақсарту мәселелеріне араласты.
Белгілі филология ғылымының докторы, профессор Керімбек Сыздықов бір мақаласында Жұмекең туралы өз құлағымен естіген Ғабит Мүсіреповтің әңгімесін жеткізді: «Жігіттер, біз, жазушылар, ЦеКа емеспіз, … біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз… Бірақ, жазушы деген халық асыл азаматтарға өз жүрегінен орын бере алады… Менің жүрегімнің төрінен өз орнын мықтап алатын… Менің ер інім, еркек інім – Жұмабектің мынау елдеріңізге келген қадамы сіздерге құт болсын, өзінің денсаулығы мықты болсын деп тілек айтамын…» – деген сөзіне отырғандар аса бір құшырланып, ал, Жұмекеңнің өзі қолында айналдырып, былқылдатып босатып отырған үлкен анарды бырт еткізіп бармағын батырып, шашыратып жібергенін де байқамай қалғаны әлі күнге дейін көз алдымда тұрғандай («Егеменді Қазақстан» газеті 2002 жылы 12 маусым).
Тың игеру кезінде Жұмабек Тәшеневті осы мәселеге байланысты көзқарасы, іс-әрекеттері жөнінде әр түрлі пікірлер айтылып жүрді. Ал, Жұмекең жолдасы Төре Болатовпен әңгімелескен кезде айтыпты: «Мен еш уақытта тың көтеріп, Қазақстан байлығын еселеуге қарсы болып көргемін жоқ, тек Қазақ Республикасының егемендік дербестігі жөнінде Орталықпен қатты айтысқа түсіп жүрмін» (Болатов Т. «Қалқаны болған халқының» мақаласы. «Арқа ажары» газеті, 1995 жылғы 14 наурыз).
«Қазақстан – 2030» Даму стра­тегиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп атап көрсетті: «Бос­тандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түр­де қорғап, нығай­тып, ұрпақ­тарға қалды­ру қажет. Біздің ұрпақ еңсере алмай, өзде­ріне қалдырған ауырт­палықтар, қиын­шылықтар мен пробле­ма­лар үшін болашақ ұрпақ кеші­рер. Егер біз өз мемлекетіміз­ден айрылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерле­ріміз бен ресурстарымызды қолы­мыз­дан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ» («Ел Прези­дентінің Қа­зақстан халқына Жолдауы» кіта­бынан, Алматы, «Білім» баспа­сы, 1997 жыл, 35 бет).
Жұмабек Тәшенев шынында кім болған?
Бұл сұраққа халқымызды білімге, мәдениетке, сонымен қатар еңбек етуге жетелеп, қазақтың жері үшін күрескен нар тұлға деп жауап берер едім. Сонымен, Тәшенев өз халқының адал перзенті ғана емес, үлкен қайраткер, елдің болашағы үшін тайталасқан ұлы күрескер де бола білген демекпін. Ұлттық мүддені қорғап, ел ардақтысына айналған осындай арыстарымыздың есімдері ел есінен өшпей, жыл өткен сайын жаңғыра береді. Солардың қатарында Жұмабек Тәшеневтің есімі де тұрары сөзсіз. Оған 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Республика және Тәуелсіздік даңғылдарын «батырдың екі қолымен мықтап қосып тұрған сияқты» кең, үлкен көшенің атауы берілді. Осындай шаралар кезінде Шымкент (1995 жылы) және Көкшетау (2008 жылы) қалаларында, Аршалы ауданының орталығында (2002 жылы) өткен. Қазіргі кезде ономастика комиссиясының шешімі бойынша Үкімет қаулымен астанадағы №10 лицей-гимназиясы, Солтүстік Қазақстанның Петропавл қаласы №20, Ақтөбе қаласының №68, Түркістан облысының Арыс және Ақмола облысының Аршалы кентіндегі №3 орта мектептеріне атақты мемлекет қайраткері Ж.А.Тәшеневтің аты берілген.
Осыған қоса 2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің магистранты Досбол Жанәлиев «Жұмабек Тәшеневтің қоғамдық-саяси қызметі» ғылыми-зерттеу жұмысын аяқтап, магистрлік диссертациясын қорғады. Бұл негізінде ресми түрде Тәшеневке арналған ең бірінші ғылыми деңгейдегі зерттеу деп есептеледі. Кейін 2012 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының ғалымдары «Ұлы дала тұлғалары» сериясы топтамасында Жұмабек Тәшенев туралы күрделі 320 беттік ғылыми басылымды жариялады.
Әйтсе де, есіл ер есімін ұлықтауда әлі де жетіспейтін жайлар бар. Оның халқына, еліне, туған жеріне сіңірген еңбегі «Халық Қаһарманы» атағына әбден лайық деп еспетеймін. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәшенев атымен аталған көшеде (оны даңғыл денгейіне көтеріп) осы ұлы тұлғаға биік ескерткіш тұрғызылса деген тілек бар. Сонымен қоса, осы замандағы Қазақстан тарихы оқулықтарына және энциклопедияларға аңызға айналған Жұмабек Тәшенев, оның халықтың есінде қалған өшпес ерліктері туралы мәліметтерді толық енгізіп, жас ұрпаққа жеткізудің маңызы зор деп есептеймін.

Ерекболат ҚАБЫЛДА,
Тәшеневтанушы.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар