Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мейрамдардың көнесі әрі төресі - АРҚА АЖАРЫ

Мейрамдардың көнесі әрі төресі

Амалдан басталған Әз Наурыз мерекелердің төресі және ең көнесі, жер ананың омырауы иіп, тұла бойы исінетін, табиғат жан дүниесімен жадырап, өзегінен қауашақ жарып, көкөрім өмірдің нәрін көктететін, тіршілік біткеннің тулай аққан қанын жаңаша жасартатын, ең бастысы жасанды емес, табиғаттың өзі. Тәңірдің қалауымен тойланатын текті мереке.

Наурыз – жеті дәмнен нәрлі көже жасап, жаттың да жақынның да бір-біріне дәм татқызатын, ақ дастарқан басында алқа-қотан бірге ас ішетін ынтымақ пен бірліктің мерекесі.
Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін көңіл-күйдің мерекесі. Адамзат баласының айрықша күтетін ұлық мейрамы – Әз Наурыз. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Сондықтан, болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады.
14 нау­рыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейрам айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлтты айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.
Иә, тағдырын Табиғат-анамен та­мыр­­лас­­тырған халқымыз үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мейрамы. Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жаны­­ның да ерекше түлеп, жасарып, жаңа­рып, жан әлемі жақсылық пен мейі­рімге шөліркеп, амал айында айнала­сына көңіл жылуын сыйлауға айрық­ша құмартатыны жаратылыстың өз заң­дылығы болар. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.
Әз Наурыздың тарихы тереңде. Бес мың жылдан бері Ұлы дала тө­сінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғат­пен үндесе мерекеленіп келе жатқан Ұлыс­тың ұлы күнінің тарихы қандай бай болса, маңызы мен мазмұны да теңдессіз.
Наурызда аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күнді еліміздің батыс өңірі Амал, Көрісу мерекесі деп атаса, оңтүстік өлке «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал, Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында айтулы мейрам Отамалы деген атауға ие. Бірақ, әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың бар қазақ үшін мұраты бір – ол бауырмалдық пен ауызбіршілік.
Наурыздың көне дәуірден бері келе жатқанына тарихта мысал көп. Зороастризмнің киелі кітабы «Авестада» көрініс тапқан мереке біздің заманымызға дейін де тойланған делінеді. Көне грек тарихшысы Страбонның жазбаларына назар аударсақ, Ахеменидтер, Сасанид­тер мемлекеттерінде атап өтіліпті. Ол адамдар от жағып, ерекше үрдістер жасайтынын да жазған. Бұл күндері сол кездегі саудагерлер мен ұсталардың демалғанын ескерсек, мерекенің халық үшін орны бөлек болғаны белгілі. Одан кейін Фирдоусидің де өлеңдерінен ертедегі Наурыз мерекесі туралы оқуға болады.
Наурыз – тек түркі халықтарына емес, парсыларға, тіпті гректерге де ор­тақ мереке. Грек мәдениетінде пат­рих деп атаса, Хорезмшахта наусарджи деп аталған. Көктем мерекесін 3000 жыл­дан бері Балқан түбегі, Қара теңіз ай­ма­ғы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шы­ғыс­та 300 миллионға жуық адам тойлап келеді. Иранда да Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердегідей наурыз 1-2 апта бойы тойланады. Ұйғырлар Наурыз жа­қын­дағанда ата-баба рухына тағзым ету­ді жөн көріп, мереке қарсаңында Өлі­лер күнін тойлаған. Түркілерге ортақ «Ергенекон» дастанында темірді балқытып, көктемнің келгенін, табиғат­тың оянғанын білдіретіні туралы жазылған.
Көне жазба деректерінде жалпы Наурыз айы Хамал, яғни, Амал айы деп көрсетіледі. Бұл, әсіресе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кеңінен түсіндіріледі. Ғалымның айтуы бойынша, қазақта сегіз күндік Наурызнама өтетіні жазылған. Бұл ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде бойынша 14-21 наурыз аралығына тұспа-тұс келеді. Ал, қазақтың біртуар перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы болса:
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып, көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен, –
деп жалпы көрісу мейрамының көнеден бергі тойлану дәстүрі мен сыр-сипатын тамаша суреттейді.
Жалпы, Ұлыстың ұлы күнін 22 нау­рызда күллі қазақ болып атап өткені­мізбен, Амал, Көрісу мейрамын күні бүгінге дейін негізінен еліміздің тек Батыс өңірі, әсіресе, Маңғыстау халқы айрықша тойлап келеді. Наурыздың дәстүр-жоралғысы да еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда осы өңірде ерекше сақталған. Қайбір жылы мереке қарсаңында дәм бұйыртып жолымыз түскенде көзімізбен көріп, куә болғанымыздай, маңғыстаулықтар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтетін айтулы мейрамның өңір халқы үшін маңызы зор.
Расымен де, Наурыз – береке мен бауыр­малдықтың, ауызбіршіліктің мей­рамы. Ұлыс күні қазан толып, арқа-жарқа болған ағайынның кеңпейілді көңі­лінің өзі көктемнің алғашқы күндерін ерекше шуаққа бөлеп, нұрландырып жібере­тіндей. Сондықтан, қазақ ежелден-ақ Наурызды тойлауға айрықша мән беріп келді. Ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, достыққа шақыратын, бірлікке үндейтін бұл мейрамның тағылымы зор. Бұл күні табиғатпен бірге адам жаны да жаңарып, тазарып мұнтаздай күйге түседі. Яғни ,қай жағынан келсек те әз Наурыз­­дың мән-маңызы зор. Әсіресе, жаһан­дану­ға бет бұрған жаңа ғасырда жаңа тұр­пат­ты ұлтқа айналамыз десек, ең әуелі өз тамыр-тегіміз бен дәстүр-сал­ты­мыз­ға еркін бойлап, күнделікті қолда­нысы­­мызға енгізудің рөлі үлкен. Бұл тұр­ғыдан келгенде, Жыл басы – Ұлыс­тың ұлы күнін өз деңгейінде ұлық­тап, тұтас ұлт болып тойлап, қадіріне жете берейік. Наурыздан наурызға аман-есен болайық!
Интернет материалдары бойынша ұйымдастырған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар