Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мемлекеттік архивтің ұжымы Ұлыстың ұлы күнін тойлауды «Тұсаукесер» рәсімімен бастап кетті.
Рәсімде Әдия есімді бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Ол – Құнанбаевтар әулетінің тұңғыш немересі. Ата-анасы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы Сара Қожахметоваға ұқсасын деген ниетпен бұл рәсімді сол кісіге аманаттапты. Бүлдіршіннің әжесі Гүлнәр Құнанбаева:
– Осындай рәсімге қатысып жатқанымызға қуанышымыз шексіз. Немерем Сара әжесіндей еңбекқор, үлкен азамат болсын деп тілеймін, – дейді. Сондай-ақ, мемлекеттік архив ұжымы «Облыс тарихының архив құжаттары» жобасы аясында ашылған «Жас зерттеуші» клубының мүшелерімен түрлі сайыстар өткізбекші. Айта кетейік, бұл клубқа Көкшетау қаласының орта мектептері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары тартылған. Сайыстар салт-дәстүр, халық әндері, ауыз әдебиеті, қолөнер шеберлігі және ұлттық ойындарға байланысты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, облыстық архивтің ұжымы қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындау бойынша да бейнеролик дайындауды қолға алған. Облыстық мемлекеттік архивтің бөлім жетекшісі Ділдар Бегайдарова:
– Бізде Ұлыстың ұлы күніне бірқатар жоспарлар бар. Сол арқылы өскелең ұрпаққа салт-дәстүрімізді насихаттағымыз келеді. Сондай-ақ, табиғатты, қоршаған ортаны қорғай білуді де үйретуіміз керек, – деген ойда.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.