Құс фабрикасының қауқары күшті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде Қараөзек селолық округінің аумағында салынған «Макинск құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Орта Азиядағы теңдесі жоқ ауқымды жоба.

Кешен құрылысының бастамашылары – «Aitas KZ» Холдингі, Еуропа Қайта құру және даму банкі, «Вaiterek Venture Fund» АҚ және «Қазақстан даму банкі» АҚ-ның несиелік желісі.

Кәсіпорынның бірінші кезеңі тоғыз өндірістік алаңды қамтыды. Оның ішінде: инкубатор, әрқайсысында 12 құс қорасы бар 4 бройлерлік алаң, құс етін өңдеу зауыты, қалдықтарды қордаландыру желісі, қосалқы алаң, жемшөп өңдеу цехы.

Фабрика импорттық азық-түлік тауарларын ығыстырып, отандық өнім мөлшерін көбейтуге айрықша әсер етуде. Шығаратын негізгі өнімі – тоңазытылған бройлер еті. Екінші кезек іске қосылғаннан кейін, кәсіпорынның қуаттылығы Қазақстанның құс етіне деген ішкі нарықтың қажеттілігін өтеуге мол септігін тигізді. Сөз арасында 2017 жылы елдегі құс етін тұтыну көлемі 341 000 тоннаны құрағандығын айта кеткен ләзім. Жаңа фабрика өз кезегінде импорт үлесін қазіргі 50,4 пайыздан 32,6 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді.

Макинск құс фабрикасы – бұл әлемдік құс шаруашылығының озат үлгісі. Ең үздік жабдық, ең үздік тәжірибе де осында. Сонымен қатар, ол стратегиялық жоспарда 2022 жылы қуаттылығы жылына 100 000 тонна құс етін өндіруге жетеді. Жоба жүзеге асырыла бастаған кезде уәде етілгеніндей екінші кезең алғашқы жылдың соңында толық жүзеге асырылды. Инкубатордың мүмкіндігі артып, құс азығы цехы толық қуатында жұмыс істей бастады. Фабрика биыл 85 мың тонна өнім өндіруді межелеп отыр. Бұл еліміздегі құс етіне деген қажеттіліктің 22 пайызы деген сөз.

Жұмыс орындары да көбейді. Қосымша 570 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Жұмысшылардың барлығы құс фабрикасы орналасқан жерге жақын елді мекендердің тұрғындары. Бүгінгі күні кәсіпорында бір жарым мың адамның еңбек етіп жатқандығын айтсақ, жаңа жобаның жергілікті жердегі халыққа қаншалықты тиімді болғандығын айқын аңғарар едіңіз. Жұмысшылардың орташа айлық еңбекақысы 200 000 теңге төңірегінде. Ауылдық жердегі адамдар үшін көп-көрім табыс.

Құс фабрикасының аумағында орналасатын барлық ғимараттардың жалпы ауданы 227 366,88 шаршы метрді құрайды. Кәсіпорында биоқауіпсіздік пен өндірістің экологиялығы талаптарын сақтау мақсатында инкубациялық өндіріс, құс сою және ет-сүйек ұнын өндіру кезеңдерінде жоғары технологиялық энергия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. «Aitas KZ» АҚ – бұл вертикальды-интеграцияланған холдинг, өз құрамында өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ет өңдеу саласындағы кәсіпорындарды біріктіреді. Холдинг құрамына 11 компания кіреді.

Бұландылықтар бүгінгі таңда өз өлкесінің өрісін осы ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен байланыстырады. Аудан жүгін арқалаған кәсіпорын дамыса, келешектің көкжиегін кеңейте түспекші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар