2021 жылғы халық санағын өткізу туралы

Халық санағы – белгілі бір уақыт кезеңіндегі жағдай бойынша респонденттерді сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау, өңдеу, біріктірілген деректерді талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық байқау.

Қазақстан Республикасында халық санағы 10 жылда 1 рет өтеді.

2021 жылы Үшінші ұлттық санақ өткізіледі.

Халық санағы “Мемлекеттік статистика туралы” 2010 жылғы 19 наурыздағы № 257-IV Қазақстан Республикасының Заңына, 2018 жылғы 5 қарашада бекітілген өзгерістерге және “2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы” 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына, 2020 жылғы 16 қыркүйектегі № 587 өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 2 кезеңде өтетін болады.

Бірінші кезең 2021 жылғы 1-30 маусым аралығында, екінші кезең – 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтеді.

1 кезеңде елді мекендерде санақ объектілерінің тізімін жасау бойынша жұмыс жүргізіледі. Интервьюерлер барлық тұрғын және тұрғын емес ғимараттар мен құрылыстарды есепке алуды және осы елді мекенде тұратын азаматтардың санын нақтылауды жүргізеді.

2-кезеңде әрбір азамат және оның тұрғын үй жағдайы туралы ақпарат жиналады.

2021 жылғы санақ рәсіміне Қазақстанның барлық азаматтары, сондай-ақ халық санағы кезінде республика аумағында болатын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.

Алдағы халық санағының негізгі айырмашылығы – заманауи цифрлық технологияларды пайдалану және процесті автоматтандыру. Енді халық туралы мәліметтерді жинау процесі екі жолмен жүзеге асырылады.

Бірінші әдіс – мамандандырылған сайтта интернет-сауалнама жүргізу www.sanaq.gov.kz бұл респонденттерге орналасқан жеріне қарамастан өздігінен санақ жүргізуге және өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік береді. Бұл әдіс 2021 жылғы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі кезеңде қолданылады.

Екіншісі – қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып және портативтік-есептеу құрылғыларын (планшеттерді) пайдалана отырып, дәстүрлі жаппай аралау 2021 жылғы 1 қазан мен 30 қазан аралығында онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттердің арасында жүргізілетін болады.

Интернет-сауалнамадан өту үшін респондент www.sanaq.gov.kz сайтында тіркеуден өтуі тиіс. Тіркеуден және авторизациядан ойдағыдай өткеннен кейін осы сайтта респонденттерге 87 сұрақтан тұратын электрондық санақ парағы ұсынылады, оның ішінде білім беру, жұмыспен қамту, неке жағдайы, өмір сүру көздері, тұрғын үй жағдайлары және басқа сұрақтар бар. Сайтқа қолжетімділік тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Санақ парақтарындағы жеке мәліметтер қатаң құпия болып табылады және жария етуге жатпайды.

Санақ қорытындысы бойынша халық санын, олардың қалалық және ауылдық жерлер бойынша бөлінуін, жынысы мен жасын, неке және отбасы жағдайын, ұлттық құрамын, діни сенімін, тілдерді меңгеру дәрежесін, білім деңгейін, оқумен қамтылуын, көші-қонын, үй шаруашылықтарының саны мен мөлшерін, өмір сүру көздерін, жұмыспен қамтылуын және тұрғын үй жағдайларын сипаттайтын көрсеткіштердің кең ауқымы алынатын болады.

Бұл ауқымды акция аса маңызды талдамалық деректерді, оның ішінде: халықтың нақты саны, жас құрамы, гендерлік құрамы, урбандалу дәрежесі және тексерілген

негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қажетті басқа да мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Санақтың мақсаты демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейлерде статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған жиынтық және дұрыс ақпараттың толық кешенін алу болып табылады. Сонымен қатар, санақ базасы кейінгі тақырыптық статистикалық зерттеулер үшін үлгілер базасын жаңарту көзі болып табылады.

Қазіргі уақытта уақытша санақ кадрларын іріктеу, бекіту және оларды арнайы ұйымдастырылған нұсқаулықтарда, практикалық сабақтармен және білімдерін тексерумен оқыту жүзеге асырылуда. Барлық интервьюерлер барлық қажетті құралдармен, оларды оңай тануға болатын арнайы нысанды киіммен қамтамасыз етіледі.

Халық санағының мемлекеттік маңызы зор. Дайындық жұмыстарын нақты ұйымдастыру, жергілікті билік органдарының және облыстың барлық тұрғындарының көмегі елде ауқымды статистикалық зерттеулерді сапалы жүргізудің кепілі болып табылады. Санақтың сәтті өткізілуі көбінесе халықтың санақтың мақсаттары мен міндеттерін, оның мәні мен азаматтардың әлеуметтік белсенділігін түсінуіне байланысты. Санақ жүргізу елдің әрбір азаматының қатысуы мен ынтымақтастығын талап етеді. Санақтың сәттілігі осы іс-шараның Мемлекеттік маңыздылығын және оған қатысудың маңыздылығын, сондай-ақ санақ парағының сұрақтарына шынайы жауап беру қажеттілігін халықтың қаншалықты түсінетініне байланысты.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар