Шапан деген аты бар да, қадірі жоқтай…

Мен тарихшы да, мәдени қызметкер де емеспін. Жай ғана жасым 82-дегі қарапайым бір жанкүйер адаммын. Осы бір көптен бері ойландырып жүрген жайды орталарыңызға салғым келіп жазып отырмын.

Ол қазіргі кездері көпшілікке, оның ішінде көбінесе үлкен кісілерге туған күндерде, дүниеге келіп, мектепке барып, отау құрып жатқан балалар мен жастарға бата бергенде иығына жабылатын шапан. Ол да бір дұрыс дәстүр шығар, дегенмен, сол шапандарды қадірлеп, осы уақытқа дейін киіп жүрген бірде-бір адамды көрген емеспін. Ертеректе ол ұзын шапандарды үлкен адамдар киетін. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз қысы-жазы ат үстінде көп жүретін болғандықтан, суық күндері тоңбас үшін түлкінің, қасқырдың терісінен астарланған ішік-тон, бастарында түлкі тымақ, аяқтарында былғары саптама етік, оның ішкі жағынан тізеге дейін жауып тұратын киізден тігілген астары болатын. Ол кездері уақытына қарай солай лайықты болған шығар. Ал, қазір ше? Мен де біраз тойларда, туған күндерде болып, бата беріп дегендей, бірталай шапан жинадым. Арқаңызға құрметтеп жауып жатқан соң ізетпен қабылдап жатамыз. Әсіресе, ұлттық киімдер 1989 жылы Наурыз мерекесі тойлана бастағалы жаппай сипат ала бастағандай. Наурыз мерекесінде әкімшілік тарапынан әр мекеме, мектепке ұлттық киім кию, басқа да салт-дәстүрлерді ұстану тұрғысынан тапсырмалар берілетін. Ол киімдер тек сол күндері ғана киілетіні белгілі.
Халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау керек, ол жағын құптаймын. Тек шапанның қадірі кеткені ойландырады. Мен біраз жерлерде болғанда, сондағы көрген жайларды ғана айтайын. Оңтүстік облыстардың бір ауылында бір үлкен кісінің жаназасында туысқаны марқұмның біраз шапандарын намазға жиналған үлкен кісілерге, ру-руға деп таратып жатты. Көбінің сол шапандарды алғысы келіп, құлшыныс танытып жатқанын байқамадым.
Тағы бір үйде марқұм болған кісінің қырқына құран оқыған молдаға үй иесі пакетке салып шапан берген еді. Әлгі молда кетерінде сырттағы біреулерге «шапанның орнына 2 мың теңгесі дұрыс еді» деп ренішін білдіріпті. Сонда деймін-ау, шапандардың құны біздің теңгеміз сияқты құнсызданып бара жатқаны ма?!
Ал, енді менің негізгі ойым былай. Қазіргі кезде әншілеріміздің көбі сахнаға шыққанда қазақы нақышта оюланған әдемі, көз тартатын кәстөмдермен шығып жүр. Қандай жарасымды, тамаша дерсің. Ал, енді сол ұзын шапандарды қазақы нақыштағы осындай кәстөмдермен ауыстырсақ, көбіміз оны көпшілік жерлерде, тіпті көшеде де киіп жүрсек, қандай тамаша, жарасымды болар еді. Осы күні көпшілік жерлерде кейбір әйелдер киіп жүрген қамзолдар да қандай тартымды көрінеді. Тек соны өзге қыз-келіншектеріміз де киіп жүрсе, ұлттық бет-бейнеміз қалыптасып, тамаша болмай ма?!
Менің осы ойымды көпшілік оқырмандар қалай қабылдар екен? Ортаға салар пікірлеріңіз болса, газет бетінен оқып тұшынайық.
Роман Жарылқасынов,
қарт ұстаз, еңбек ардагері.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар