Бауырына бауырын бөліп берген

Мараттың адамгершілікке толы асыл қасиетін сөзбен айтып жеткізу қиын

Тасбауыр ана, тастанды бала, «жүрексіз» жандар… Бұл – бүгінгі жатбауыр қоғамның бір көрінісі. Өмірдің өкпек желінде, қоғамның суық сызында, тұйықталған өмір құрсауында қалған жандар кейбір сәттерде біреуге пана, қамқор, жанашыр болмақ түгілі, қара басының қамын күйттеуден әрі аса алмай қалатыны бар. Бірақ, күн мен түннің алмасып тұратыны сияқты жақсылық пен жамандық, мейірім мен зұлымдықтың бар екендігі заңдылық. Өкініштісі, өзгені айтпағанда бір тамырдан тараған бір үйдің балалары бір-бірімен бақталасып, бірін-бірі жау көретін көріністер көптеп кездесіп қалады қазір.

Алайда, бауырым деп егілген, солардың болашағы жолында барын салып, Алладан медет, адамнан мейірім тілей жүріп, өзі өрге шықса бауырын бірге шыңға шығаратын, сол бауыры үшін жанын пида етуге де даяр тұратын жандар жоқ емес. Солардың қатарында Жарқайың ауданының тұрғыны Марат Мұқанов та бар. Ол таяуда ауыр дертке душар болған туған ағасы Болатқа өз бауырын бөліп беріп, оны өлімнен құтқарды.Қазақ халқында «Басың аман, бауырың бүтін болсын» деген сөз бар. Халық нанымында амандық-саулықтың белгісі бауырдың бүтіндігімен өлшенген ғой. Мамандардың айтуынша, былайғы өмірде ағзаңыздағы бауыр ауырса білдірмейді екен, айтпай азап шектіреді деседі.
Болат Амантайұлы денсаулығында кінәрат барын 2018 жылы анықтаған. Алайда, алғашында аса мән бермеген. Содан бері ауру меңдей берген. Соңғы жылдары ауру азабын тартып, аурухана табалдырығын тоздырды десек те артық емес. Ауруы асқынып кеткендіктен ота жасау аман қалудың бірден-бір жолы деді дәрігерлер. Тек донор табылса болғаны. Бауыры Болатқа донор керек дегенді естіген Марат бірден өз келісімін берген.
– Ағам ажал аузында жатқанда, мен қалайша сая табайын. Қолымнан келгенімше көмектесуге тырыстым. Аллаға шүкір ота сәтті жасалып, ағам аман қалды. Қазір екеуіміздің де денсаулығымыз жақсы. Бәлендей ерлік жасадым деп ойламаймын. Мұсылманның алғашқы белгілері – имандылық пен қамқорлық. Жан баласы бір тамырдан тараған туғанына демеу көрсетсе, оған жәрдем берсе бауырластық пен ізеттіліктің сипаты екендігі анық. Туған ағамды қиын жағдайда қалдырғым келмеді! Осы орайда бізге ота жасаған білікті мамандарға алғысымыз шексіз екендігін баса айтқым келеді, – дейді Мараттың өзі ағынан жарылып.
Күрделі ота Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық онкология және траснплантология ғылыми орталығында жасалған. Бар жоғы 33 жастағы Марат өз өміріне қауіп төнсе де, бауыры үшін тәуекелге барған. Марат Амантайұлы қазіргі таңда аудандық тіркеу және жер кадастр бөлімінің бас маманы. Отбасын құрған, екі өрімдей қызғалдақ гүлдің әкесі. Қарлығаш есімді жұбайы мен Дәрия мен Айлин деген қос қызы бар.
Жарқайыңның Үшқарасу деп аталатын ауылында тылсым дүние есігін ашқан бауырлар ата-анасынан ерте айырылған екен. Бір кіндіктен тараған алты баланың үшеуі де тағдырдың жазуымен өмірден ерте өткен. Үлкен әпкелері де бауыр ауруының азабын тартқан.
– Шіркін-ай, сол кезде Қазақстанда мұндай оталар жасалған жоқ қой. Қазір медицина алға қарыштап дамып жатыр. Бәлкім, Розаға да осындай ота дер кезінде жасалғанында ол да арамызда ақылшымыз болып жүрер ме еді!, – дейді Мараттың өзі әпкесін сағынышпен еске алып.
Жалғанда адам баласын абзал атына сай ететін үш қасиет бар. Ол оның адамгершілігі мен адал еңбегі және көркем мінезі ғой. Бір бойынан біз жоғарыда санамалап өткен абзал қасиеттердің барлығы табылатын жарқайыңдық жақсы азаматтың сауабы мол ізгі өнегесі өзгелерге үлгі боларлықтай. Қазақ «Бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген. Әсте олай емес екен-ау кей сәтте. Бауыры үшін ет жүрегі езіліп тұратын ағайындар көп болсын әманда! Бауыры үшін өз бауырын бөліп берген қос жарқайыңдық азаматқа біз алдағы уақытта денсаулықтарының мығым, ғұмырларының ұзақ болғанын тілейміз.
Қазір көп сұмдықтың барлығы әлеуметтік желі арқылы беріліп жатады. Өткенде екі ағайынды бір-бірін болмашы дүниеге бола көрместей сабап жатқандығын көзіміз шалған. Сондайларға бауыр болсаң, Марат пен Болаттай болыңдар дегіміз келеді!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар