Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліне ес болған Есдәулет - АРҚА АЖАРЫ

Еліне ес болған Есдәулет

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын дала төсінде ілкіде күн кешкен аруақты ата-бабалардың кейінгі ұрпаққа өміршең өнеге болатын ізі сайрап жатыр.

Есімі ел есінде жатталған, көзі тірісіндегі өнегелі ісімен, парасатты шаруасымен жалпақ жұртқа жақсы атанған ел ағасы Есдәулет Айдарбекұлы Көкшетау төңірегіне аты шыққан абыройлы адам болған екен. Қысылғанға қол ұшын беретін, жаяуды атқа мінгізген, үйсізді үйлі қылған атымтай жомарттың өзі болса керек. Әрі ет жақын ағайынды ғана емес, маңайындағы дүйім елдің ұйытқысына айналған. Табиғат сыйлаған айрықша дарынның, кемел қабілетінің арқасында. Әйтпесе қай заманда да жұртқа жағу оңай-оспақ шаруа емес қой. Еліне ес бола білген Есдәулет ата әлдекім мені жақсы көрсінші деп тырыспаған-ақ шығар, әуел бастағы ішкі жан дүниесінің тазалығы, рухани әлемінің мөлдірлігі. Құдіреті күшті жаратқан ие осылай қалыптаған соң өмірлік ұстанымы да арлы адамгершілікпен, келбетті кісілікпен астасып жатқан ғой.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Есдәулет шамамен 1850 жылдары бұрынғы Раздольный, қазіргі Өзен ауылынан тоғыз шақырым жерде, сәл нақтыласақ, Кеңес ауылы жақ беттегі қамысты шалқар көлдің маңайында жарық дүние есігін ашқан. Ілкіден жалғасқан дәулетті, босағасынан байлық кетпеген, береке біткен отбасында. Атам қазақта тек деген ғажап түсінік бар. «Шөп те өсетін жеріне өседі» демей ме, оның үстіне тұлпар аунаған жерде түк қалатынын ескерсек, адалдығымен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен аты шыққан, артына өшпес із қалдырған Есдәулет атамыздың қасиетті қара шаңырақта алған тәрбиесі толайым болғаны да.
Ол заман байлықтың жылқымен өлшенетін тұсы. Атадан мұра болып қалған дәулетті алып жүру үшін де, алып жүріп қана қоймай, еселей көбейту үшін де істің көзін білетін, жұмыстың ыңғайын табатын сарабдалдық керек. Есдәулет ата заманында мыңды айдаған бай болған. Бай мен молданы жау санаған, тұқымын тұздай құртуға тырысқан кешегі кеңес заманында кейінгі ұрпағы адалдан мал жиған, сол адал малын жалғыз өзі пайдаланбай, біреуге етін, біреуге сүтін азық еткен ата туралы тіс жарып айта алмады. Заманның әлпеті солай болды. Әйтсе де, халық аумалы-төкпелі заманда қорған болған қамқоршысын ұмыта қойған жоқ, құрметі кемімеді, ықыласы азаймады. Ел тарапынан көрсетілген жүрек қалауы, ыстық ықылас өзі жағасында дүниеге келген көлге Есдәулеттің есімін беру еді. Егер жұрт жақсы көрмесе, халық қалаулы ұлым деп санамаса, суын ішіп, ырыздығын татып отырған көлді Есдәулет көлі деп атамайды ғой. Сыйлағасын атаған, құрметтеген соң кейінгіге осындай белгі қалдырған. Оның астарында ел қамын Есдәулеттей же деген емеуірін жатқандығын есті адамдардың аңғарарына дау жоқ. Көл атауының өзі-ақ қасиетті Көкшенің осы бір құнарлы пұшпағында жалпақ жұртқа аты шыққан аруақты атаның күн кешкендігін, әншейін пенде тіршілік қана емес, жұртының жайын ойлаған жампоз болғандығын айғақтап тұрады. Көл атауы әлі де сол қалпы. Әдемі әңгіменің, тағылымы мол тарихтың соқпағы да үзілмеген. Кейінгіге мұра, жасқа өнеге.
1960 жылдары жер қойнауын зерттеген геологтар осы маңнан жер астындағы мол су қорын тапқан. Демек, тегін жер емес. Ырыс қонған, дәулет дарыған өлке. Қазір де өлкенің өз тарихын жақсы білетін жандар Есдәулет ойпаты деп атайды. Географиялық және геологиялық картаға осы атпен ресми енген.
1920 жылдары Петропавл-Көкшетау темір жолы салынғаны белгілі. Қолдың қысқа уақыты. Теміржолшылар да қатты қиналған көрінеді. Олар қақаған қыста, Арқаның сақылдаған сары аязында шатырларда тұрыпты. Бұл кезде Есдәулет ақсақалдың жетпістен асқан шағы екен. Рахымберген атамыздың айтуына қарағанда, 11 разъезден бастап Азат станциясына дейінгі темір жол салған құрылысшыларды қолы ашық, ел қамын ойлаған есті жан Есдәулет ата азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Ашқұрсақ теміржолшылар семіз қой мен жылқы етіне қарық болыпты.
Кейін саяси қуғын-сүргін басталды. Босағасына тепкілесе кетпейтін береке байланған бай атаулы халық жаулары атанды. Заманның сұрапыл сесінен сескенген Рахымберген атамыз Омбыға қарай көшіп кеткен екен. Баласы Қабдуақас 1956 жылдары Омбы облысында колхоз төрағасы болып еңбек етеді. Қазақстанда тың жерлерді игеру басталған шақта туған өлкеге табан тірепті. Зеренді ауданының Игілік ауылында колхоз төрағасы болады. 1957 жылы «Раздольный» кеңшары құрылғанда, кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып табаны күректей қырық жыл абыройлы жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Тегі жақсының тегін болмайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Санамен салмақтап қарасаңыз, Алаш жұрты ежелден ырымшыл. Алдыңғы толқынның ішінде ақадал еңбегімен, кісілік келбетімен, адамгершілікке негізделген ақыл-парасатымен жалпақ жұрттың арасында жақсы аты шыққан адамдардың есімін дүние есігін жаңа ашқан сәбиге қоятын бір жосық бар. Бітім-болмысы, парасат-пайымы ұлты ұлықтаған ұлыларға ұқсасын деген ниет.
Ел ағасы атанған Есдәулеттің артында қалған ұрпағының бірі Көкшетау жұртшылығына есімі мәлім Мағауия Рахымбергенов 1970 жылдары сол кездегі Көкшетау ауданына қарасты «Бұлақ» кеңшарына жұмысқа орналасқанда елдің ақсақалы, белгілі де білімді азамат Құсайын Ыбыраев жөн сұрасады. Бұрынғы дәстүр бойынша елін, сүйегін сұраған сыңайлы да. Мән-жайды білгеннен соң «сен елге аға болған Есдәулеттің ұрпағы екенсің ғой» деп қуаныпты. Сөз арасында «мен үшінші баламды сенің атаңдай болсын деп ырымдап, атын Есдәулет қойып едім» дейді. Жылдар жылжып өтіп жатты. Ақсақалдың ұлдары Бота, Ақтайлақ, Есдәулет өздерінің ақ адал еңбектерімен ел сыйлаған үлкен азаматтар болды. Есдәулеттің аудандық газетте редактор болып абыройлы қызмет еткендігін аға толқын әлі ұмытқан жоқ. Үлкен ұлы Бота облыстық партия комитетінде бөлім басшысы болып еңбек етті. Бұл жайлы қаузап айтып жатқандығым, қазақы ырымның қате кетпейтіндігін аңғарту еді.
Жоғарыда тек туралы әңгіме тегін айтылған жоқ. Есдәулеттің ұлы Мұса да заманында ел иесі, болыс болған адам. Әділдігімен аты шыққан, жақсылығымен жұрт есінде қалған.
Осы бір екшелген ел тарихында қалатын көне деректі қайта тірілтіп айтудағы басты мақсат – халқына жасаған жақсылықтың ешқашан көнермейтіндігін, жоғалмайтындығын меңзеу. Өнегенің өрісі де аталарымыздың кеудесіндегі таңғы шықтай мөлдіреген ақ пейілден бастау алады емес пе?! Жақсылықтың сорабы жалғасып жатса, тұтас қоғам ізгілік нұрымен көмкеріліп, шапағат арайы шалқып тұрар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар