Сауда кез-келген елде әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол тұрғындардың өмір деңгейін нақты көрсетіп, көбіне әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығын айқындайды. Мұның бәрі Ақмола облысының сауда саласын дамытуға да тікелей қатысты.
Бөлшек сауданың көлемі өсуде. 2021 жылдың қаңтар-маусымдағы тауар айналымы 115,3 миллион теңгеге жетті. Жыл ішіндегі нақты өсім 2,8 пайызды құрады. Жалпы, азық-түлік тауарларының саудасы 40 пайызды, өзге тауарлардың саудасы 60 пайызды құрайды. Бүгінгі күні тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру үшін облыста 10 мың сауда кәсіпорны, 900-ден астам 51 мың орындық қоғамдық тамақтандыру кәсіпорны бар. Сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары облыс өңірлері бойынша біркелкі жеткілікті орналасқан. Бұл әртүрлі тауарлар мен қызметке деген тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ылғи жоспарлайды. Нарықты реттеу «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жүзеге асырылуда. Мекеме отандық тауар өндірушілерді қолдау арқылы тұтынушыға сапалы әрі арзан азық-түлік ұсынудың ұтымды механизмін жолға қойып отыр. Аталмыш корпорация азық-түліктің сұранысқа ие 19 түрін тікелей тауар өндірушіден сатып алып, нарықтағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермейді. Картоп, сәбіз, қырыққабат, күріш тәрізді тауарлардың маусымдық баға өзгерісін шектеу мақсатында арнайы қор құрылған. Мекеме азық-түліктің шекті бағасын сақтауға, мүмкін болса оны арзанырақ бағаға сатуға күш салады. Бүгінгі күні сауда саласында 40 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл негізінен өз ісін жақсы білетін білікті еңбеккерлер. Солардың бірі – Атбасар қаласында тұратын сауда қызметкері Күләш Алдықова. Ол 90 жылдары ел экономикасы тұралап қалған кезде мұғалім болып жүріп коммерция саласына ауысты. Құдай қосқан қосағы екеуі базарда ыдыс-аяқ пен аяқ киімдер сатты. Сөйтіп, 2000 жылы шаруашылық тауарлары дүкенін, үш жылдан кейін «Бәрі үй үшін» дүкенін ашты, «Жұлдыз» сауда үйін салды. Бүгінгі күні бұл ұжымда 8 адам еңбек етеді. Кәсіпкер өз ісін жанындай сүйеді.
Сенімді басшы қиын жағдайға душар болғандарға ылғи қолұшын созады. Қарапайым және іскер адамдармен тез арада тіл табысады. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға және зейнеткерлерге қолдан келгенінше көмектеседі. Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен канцелярия тауарларын сатып әпереді. Егде адамдар күні азық-түлік пакеттерін жинауға көмектеседі. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер орталығының конкурсқа қатысқан оқушыларына сыйлық әперді. Сауданың материалдық-техникалық базасын дамыту қазіргі заманғы форматтағы сауда нысандарын іске қосумен бағаланады. Қазір қалалар мен аудан орталықтарында сауда үйлері, супермаркеттер мен сауда орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, сауданың қазіргі заманғы әдістері кеңінен қолданылады. Тек жыл басынан бері облыс бойынша 2,5 мыңнан астам POS-терминалдар орнатылды. Ал оның жалпы саны 8,1 мыңға жетті. Ақшасыз төлемдер 6 мыңнан астам сауда орындары мен сервис кәсіпорындарында қабылданады.
Биылғы жылдың 5 айында облыс бойынша 289,4 миллиард теңгенің төлем карточкаларын пайдаланылуымен 29,6 миллион теңгенің ақшасыз төлемі аударылды. Бұны өткен жылмен салыстырғанда транзакция саны бойынша 2,4 есе, сома бойынша 2,2 есе өскенін көрсетеді. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, сауда саласымен айналысатын әр еңбеккерді осы атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Саудаларыңыз сәтті, өнімдеріңіз бен тауарларыңыз сапалы болсын.
Ербол ОСПАНОВ,
Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп
басқармасының басшысы.