Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл жанашыры Юлия - АРҚА АЖАРЫ

Тіл жанашыры Юлия

қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуына үлесін қосуда

Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп қана қоймай, оның ұлтаралық қатынас тіліне айналуына үлес қосып жүргені анық. Біз жуырда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының XXIV сессиясында мінбеден қазақша сөз сөйлеп, барша жастарды Отанды, оның тілі мен дәстүрін құрметтеуге шақырған орыс қызы Юлия Лагуткинамен әңгімелескен едік.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің түлегі Юлия Лагуткина бүгінде облыстық ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі, сонымен қатар Ақмола облысының Қазақ-түрік достастығы орталығының өкілі.
– Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданында дүниеге келдім. 10 жыл бойы орыс мектебінде білім алдым. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді ауылдағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Ғазизқызы оятты. Ұстазым сабақ үстінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасымыздың сөзін жиі қайталап айтатын. Сол кезден бастап менің де мемлекеттік тілге, қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне ерекше қызығушылығым ояна бастады, – дейді белсенді жас.
Қазақстан халқы Асамблеясының XXIX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік саясат пен ұлттық бірегейліктің негізін қалыптастыратын 5 маңызды қағидат жөнінде атап өткен болатын. Оның біріншісі – Қазақстандық отансүйгіштік, екіншісі – азаматтық тең құқықтық, үшіншісі – мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі, төртіншісі мәдениеттер алуандығымен сабақтасатын «Алуан түрліліктің бірлігі» және соңғысы – ұлттың үздіксіз жаңғыруы қағидаттары. Осы бес қағидаттың әрқайсысын маңызды деп білетін және оның жүзеге асуына үлесін қосуға ниетті біздің кейіпкеріміз қазақ тілін білу мемлекетімізде тұрып жатқан әрбір азаматтың қасиетті парызы деп есептейді.
–Өкінішке орай, кейбір жастарымыз шет тілдерді кеңінен меңгеріп, ана тілді үйренуге ерінеді. Бұл – өзекті мәселе. Екінші жағынан өзге ұлт-өкілдері, әсіресе, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің жастары мемлекеттік тілде сөйлеп, оны насихаттап, барша қазақстандықтарға керемет үлгі көрсетеді. Елбасымыз айтқандай, «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс»! Қазіргі таңда Қазақстанда жастар ерекше әлеуметтік топ ретінде басты рөлге ие. Бұл ретте баршамызға қажетті жағдай жасалғанын атап өткен ләзім. Біз білім алып, өзімізді үздіксіз дамыту үстіндеміз. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы бізді біріктіп отыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында біз өзімізге тарихтың жаңа беттерін аштық, өмірдің шынайы құндылықтарына ие болдық, – деген Юлия өзі мүшесі болып табылатын облыстық ассамблея жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының тыныс-тіршілігі жайлы да әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, пандемия кезінде ассамблея еріктілері мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп, қайырымдылық акция-
ларына белсенді қатысқан. Елордалық және облыстық «Жаңғыру жолы» штабтары Арыс қаласында болған апаттан зардап шеккендерге қайырымдылық гуманитарлық көмекті ұйымдастыруға және жөнелтуге жәрдемдескен. Сондай-ақ, жастар қозғалысы этномәдени бірлестіктермен бірлесе отырып, Арыстағы ағайынға бірінші қажеттіліктегі тауарларды жіберді. COVID-19 індетімен күресу жолында медициналық бетперде мен қолғаптарды адамдарға таратып, үлкен қоғамдық жұмысты атқарды.
Кейіпкеріміздің Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау орталығында өзге ұлт өкілдері жастарына мемлекеттік тілді насихаттап жүргенін айтуымыз керек. Бұл орталық биыл Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай əлеуметтік желі беттерінде «Күй құдіреті» интернет-акциясына, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай əлеуметтік желіде «Ақиық ақын мұрасы» атты ақын өлеңдерін оқу эстафетасына, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «1001 мақал, 101 жұмбақ» онлайн викторинасына қатысып, ZOOM платформасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Жамбылдың жыры – халықтың үні» жəне Əлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына орай «Айбынды алаш арысы» атты онлайн дөңгелек үстел отырыстарын өткізген. Және «Тілге құрмет – елге құрмет» және «Мен қазақша сөйлеймін» атты республикалық акцияларға қатысқан. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларында Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай өңірде тұратын түрлі этнос жастары арасында жыл сайынғы «Абай оқулары» облыстық онлайн-байқауын ұйымдастырды.
–Қазақ жері – елімізді мекендеген әр этностың алтын бесігі. Қаймағы бұзылмаған табиғатымыз, көркем тіліміз, бай тарихымыз және ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүріміз – осының бәрі қазақ жерін мекендейтін 130-дан астам ұлт-өкілдерін біріктіріп, жүректе Отанға деген ыстық махаббатты ұялатады. Ұлтаралық тұтастық, бірлік пен ынтымақ біздің Отанымызға тән қасиеттер, соларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бүгінгі ұрпағымыздың, жастардың басты міндеті болып табылады, – деген Юлия мемлекеттік тілді меңгергенін, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді азаматтық ұстанымы бар жастар қозғалысының мүшесі болғанын мақтаныш санайды.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар