Ұлт денсаулығымен бағаланатын маңызды сала

Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы мен 2025 жылға дейінгі еліміздің дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы және 2016-2020 жылдарға арналған Ақмола облысының аумақтарын дамыту бағдарламасы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы үшін негізгі жұмыс бағыты болып табылады.

Спорт индустриясына арналған бірден-бір құжаттағы мақсатты индикатор – облыс тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Айта кету керек, бұл үшін өңірімізде спортшыларға қажеттінің бәрі бар. Мәселен, облыста 2483 спорттық нысандар бар болса, оның ішінде 1723-і ауылдық жерлерде орналасқан. Спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету 2020 жылдың соңында 55,1 пайызды құрады. Оның орындалуы 104,0 пайыз.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл Жақсы ауданының Жақсы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, Бурабай ауданындағы Мәдениет ауылының спорт кешенінің, Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы спорт сарайының құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, 12 аудандағы 15 спорт алаңын жабдықтауға қаражат бөлініп отыр. Олар Ақкөл, Атбасар, Аршалы, Есіл, Сандықтау, Жақсы, Біржан сал, Целиноград, Зеренді, Шортанды, Степногорск және Шортанды ауданының Шортанды кентіндегі стадионға күрделі жөндеу жүргізілмекші.
Бұқаралық спортты дамыту тұрғысынан жыл сайын дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтарды қамту көлемінің артып келе жатқаны байқалады. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 30,7 пайызы дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға өсіп отыр. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың соңына дейін 33 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бүгінде облыстағы 19 аймақтың 16 аймағының тұрғындарының 30 пайыздан астамы бұқаралық спортпен айналысатыны мақтануға тұрарлық жағдай. Кез-келген саладағы сияқты, спортта да көп нәрсе жоғары білікті мамандарға байланысты.
Қазіргі таңда дене шынықтыру және спорт саласында 2240 адам еңбек етеді. Оның 1224-і ауылдық жерлердегі спорт саласында болса, ауылдық округтерде 141 спорт нұсқаушысы халықпен тығыз жұмыс істейді. Облыста салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 10797 адамның қатысуымен 258 спорттық іс-шаралар өткізілді. Өңіріміздің «қызыл аймаққа» енуіне байланысты бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салуынан спорттық шаралардың көпшілігі онлайн-режимінде өткізілді.
Бүгінде облыстың барлық аймақтарында спорт мектептері жүйелі жұмыс істейді. Мәселен, 15133 адамнан тұратын 29 спорт мектебі балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мен спортқа тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Тағы бір айтарым, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап барлық спорт мектептері дене шынықтыру мен спорт басқармасына берілді.
Бокс және еркін күрес, триатлон, жеңіл атлетика, ауыр атлетика саласы бойынша біздің өңірде танымалдылыққа ие. Жыл сайын балалардың ұлттық спортқа қызығушылығы да артып келеді. Біртіндеп, қазақ күресі, көкпар, асық ату тағы басқа секциялар ашылуда. Сондай-ақ, хоккей, футбол, волейбол сынды ойын спорттары да дамуда. Ақмолалық баскетболшылар да айтарлықтай жетістікке жетті. Мәселен, ұлттық стартта қыздар өздерінің жас категориялары бойынша чемпиондар мен жүлдегерлер қатарынан табылды. Айталық, «Арлан» хоккей командасы шайбалы хоккейден Қазақстаны Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, балалар олимпиадалық емес спорт түрлерінің ішінде қоян-қолтық ұрысты, армрестлингті, гир көтеруді жақсы көреді. Бұған көбінесе білікті жаттықтырушылар құрамының мықты болуы себеп. Өйткені, облысымыздың шаңғы және биатлон саласы бойынша бас жаттықтырушысы Геннадий Макаров пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Васильевтер жастармен жиі тәжірибе алмасып отырады. Көрнекті спортшыларымыздың тұтас құрамын облыстық бокстан бас жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Высоцкий дайындады.
Өңіріміздегі жас ауыр атлеттер дәстүрлі түрде нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Олар білікті мамандар Батырбек Оздоев, Сергей Шевченко, Дмитрий Чурсиндермен бірге жаттығулар жасайды. Армрестлингтен чемпиондардың бір емес бірнеше ұрпағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Илья Ильиннің алдында тәрбиеленуде.
Ақмола спортының болашағы бар, өйткені, жас спортшы жігіттер қатары көбейіп келеді. Олар қазірдің өзінде әлемдік деңгейдегі жетістіктерін көрсете білуде. Барлық спорт сүйер қауымға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дина Жоламанның, әйелдер күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айна Теміртасованың есімдері жақсы таныс. Велосипедші Андрей Чугай, триатлоншылар Аян Бейсембаев пен Темірлан Теміров, ауыр атлет Карина Кузганбаева, еркін күресші Ерхан Бексұлтанов және тағы басқалар лайықты нәтижеге қол жеткізіп, әрдайым жанкүйерлерінің ықыласына бөленуде. Біздің жігіттер іріктеуден сүрінбей өтіп, 2024 жылы Парижде өтетін олимпиада ойындарында біздің елдің намысын абыроймен қорғайды деп үміттенеміз. Біз алдымен, олимпиадаға қатысу үшін лицензия алуға, содан кейін жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуге бар күшімізді саламыз.
Биылғы жылы біз жақын арада Токиода басталатын Паралимпиадалық ойындарда Ақмола парапауэрлифтингі бойынша Давид Дегтяревтің сәтті өнер көрсеткенін күтеміз. Және оған сәттілік тілей отырып, жақсы нәтиже көрсететін спортшыға лайықты деген үміттеміз.
Сондықтан, Спорт күні қарсаңында кәсіби және әуесқой спортшыларды да кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Жалпы, спортпен кәсіби деңгейде айналысумен қатар, үнемі қозғалыста болып, өз нәтижеңді жақсартуға ұмтылу керек, себебі дене мәдениеті – күш, сұлулық, денсаулық кепілі. Спорт өмірді ұзартады және адамдарды бір-біріне жақындастырады. Дені сау ұрпақ – болашағымыздың жарқын бейнесі. Мен әріптестеріме жаттықтырушылардың ауыр да қажырлы еңбегі әрқашан оң нәтиже әкеліп, жаңа белестерді бағындыруларын тілеймін.

Әсет БҮКІБАЕВ,
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар