Менің биіктен көрінген бапкерлерім

Менің бүгінгі спорт саласындағы азды-көпті жетістігім үздік бапкерлерімнің жемісі десем артық айтқандық болмас. Олардың бірі – 35 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Мәлғаждар Омаров. Екіншісі қазақ күресінен Қазақстан Республикасының Жоғары санатты ұлттық төрешісі, «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері» атағының иегері Жанболат Мүсіпов. Сондықтан, Спорт күні қарсаңында оларға деген жүрекжарды ризашылығымды білдіріп, көптеген спорт саңлақтарын тәрбиелеудегі қажырлылықтарына басымды иемін.

Алдымен, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Мәлғаждар Омарұлына тоқталар болсам, ол 1949 жылы 1 сәуірде Ұялы кеңшарының Саға ауылында дүниеге келген. Оның күреске деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. Сөйтіп, мектепті бітірген соң, самбо күресінен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Табиғи табандылығының арқасында күрестің қыр-сырына бойлай жүріп, алты айдан кейін самбодан Х жалпықазақстандық студенттер ойындарының күміс жүлдесіне ие болады. Сондай-ақ, Мәлғаждар Омарұлы самбодан бес рет, қазақ күресінен екі рет Қазақстан чемпионы атанады.
1971 жылы институтты бітіргеннен кейін туған жері Ұялыға оралып, онда балаларды спортқа тәрбиелей бастайды. Оның тәрбиеленушілері алғашқы жылдан-ақ, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарды ала бастады. Тәлімгердің өзі де Бүкілодақтық турнирде үшінші орын алса, сонымен қатар, самбо күресінен Кеңес Одағының студенттер чемпионатында күміс жүлдені иеленген. Бұл жетістігі үшін М.Омаровқа КСРО спорт шебері атағы беріледі. Кейін ол өзі бапкерлікпен айналысып, отызға жуық спорт шеберін дайындады. Тәрбиеленушілері арасында Қазақстанның және Орталық Азияның жүлдегерлері бар.
Әрдайым жеңіс тұғырынан көріне білген Мәлғаждар Омаровтың өз жетістіктерінің арасында Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Ақжар ауданының Құрметті азаматы, ұлттық санаттағы жоғары төреші атақтары да жоқ емес. Ол біздей шәкірттеріне, осындай еңбекқор да табанды қасиеттерімен үлгі бола біледі. Мен бапкерімді қашанда мақтан тұтамын.
Ал, одан кейінгі екінші бапкерім – Жанболат Ешкенұлы Мүсіпов. Ол 1964 жылы сол кездегі Көкшетау облысының Қызылту ауданы 22-партия съезі совхозында (Ұялы ауылы) дүниеге келген. 2006 жылы Көкшетау университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдаған. Мәлғаждар ағамыздың алдынан алғашқы күрес әліппесін бастаған. Сол жасөспірім кезінен облыстық және аудандық жарыстардың чемпионы және жүлдегері болды. 1988 жылы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаевтың жүлдесі үшін Жамбыл облысы, Мойынқұм ауылында өткен жарыста Орта Азия мен Қазақстан турнирінің жеңімпазы атанды. Кейін жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етті. 2013-2018 жылдары Ақжар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта осында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. 1992-1996 жылдары аралығында КСРО-ның құрметті спорт шебері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Қазымбетовтің жүлдесі үшін студенттер арасында қазақ күресінен облыстық және аймақаралық турнир өткізді. Одан әрі 2007 жылы қазақ күресінен орденді ұстаз М.Х.Мүсіпов атындағы жүлде үшін республикалық турнирді ұйымдастырды. Бұл жарысқа әлем чемпионы Ғани Сейділдаев пен Азия чемпионы, 2018 жылғы Қазақстан Барысы турнирінің чемпионы Ержан Шынкеевтер қатысты. 2009 жылдың мамырында ұлттық күрес бойынша қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо мен қазақ күресінен КСРО спорт шебері М.Омаровтың 60 жылдығына арналған республикалық турнир ұйымдастырса, 2014 жылдың қазанында М.Омаровтың 65 жылдығына арналған республикалық турнир өткізіп, сол жарыста мерейтой иесіне «Лада Приора» автокөлігі сыйға тартылды.
Оның тәрбиеленушілері қазақ күресінен бірнеше рет республикалық турнирлердің чемпионы және жүлдегері атанды. Олардың ішінде, грек-рим күресінен Ресей Федерациясының жеңімпазы Зубко Виталий, қазақ күресінен облыс чемпионы Қаскен Ешкенов, еркін күрес және қазақ күресінен облыстың бірнеше дүркін чемпионы, грек-рим күресінен Германия жүлдегері Андрей Гетман, қазақ күресінен облыстық жүлдегер, қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы «Динамо» ФСО-ның нұсқаушысы Тимур Евлоев, қазақ күресінен облыстың бірнеше дүркін чемпионы Алмаз Әбілов, облыстың бірнеше дүркін чемпионы және қазақ күресінен республикалық турнирдің жүлдегері, қазіргі уақытта Көкшетау қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Серік Әбілхамитов және облыстың бірнеше дүркін чемпионы, қазақ күресінен республикалық турнирдің жеңімпазы, қазіргі уақытта Көкшетау қаласындағы Балуан Шолақ атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы, ұлттық санаттағы төреші Жасұлан Мүсіповтердің барлығын мақтанышпен атауға болады. Өзінен кейін шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетіп жүрген менің бапкерім Жанболат Ешкенұлы Мүсіпов бүгінде қазақ күресінен Қазақстан Республикасының жоғары санатты ұлттық төрешісі ғана емес, «Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері» атағының да иегері.
Міне, менің бапкерлерім спорт саласының осындай майталмандары. Маған қашанда сенім артқан қымбатты бапкерлерім Мәлғаждар Омарұлы мен Жанболат Ешкенұлын Спорт күні қарсаңында кәсіби мерекелерімен құттықтап. Өздері тәрбиелеген шәкірттерінің жаңа жетістіктеріне қуана берсін демекпін.
Серік ӘБІЛХАМИТОВ,
Көкшетау қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.
Суреттерде: Мәлғаждар Омаров; Жанболат Мүсіпов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар