Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында қазақ және ағылшын тілдерін оқытатын арнайы курс ашылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған курстың салтанатты ашылуына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова қатысты.
Сондай-ақ, осы шараға облыстық оқыту-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, тіл жанашыры Мейрамбек Қиықов пен «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамының төрағасы Марат Молдашев қатысып, игі бастамаға тілектестіктерін білдірді.
Аталмыш кітапхананың көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, курс осы ұйымның қызметкерлеріне арналыпты. Мұнда оларға Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айман Тоқышева дәріс оқып, сабақ береді. Курс аяқталған соң, қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етіледі.
–Бұл курс кітапханада қызмет ететін өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мақсатында ашылды. Оған мемлекеттік тілді жетік меңгергісі келетін барша қызметкерлеріміз де қатыса алады. Сонымен қатар, курста ағылшын тілі де үйретіледі, –дейді кітапхана директоры Құдайберлі Мырзабек.
Шара барысында «Менің тілім – менің Тәуелсіздігім», «Мой язык – моя Независимость», «Му language is my Independence» атты кітап көрмесі де жиналған қауымның назарына ұсынылып, оң бағасын алды.
Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова шара барысында кітапхана ұжымының курстан өту жұмысына сәттілік тілеп, тілдер онкүндігіне орай облыста ұйымдастырылып жатқан бірқатар іс-шараларға тоқталды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.