Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Облыс әкімі алдымен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында жүзеге асып отырған «Қамқорлық» оңалту орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Нысан ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ақмола облыстық балалар ауруханасының емхана ғимаратында орналасқан орталықта қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 90 пайызға жуық жасалған. Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықовтың айтуынша, қараша айында пайдалануға берілетін нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған. Ендігі орайда инновациялық технология негізделген орталықта церебралды паралич, сөйлеу дамуында кінәрат бар, ақыл ойы кем, бойында жүрек қан тамырлары жүйесіне шалдыққан балалар осы жердем ем-дом ала алады. Аталмыш орталық 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Жалпы бір жыл ішінде оңалту орталығы 650-ге жуық баланы емдей алады.
Жалпы Көкшетау қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, «Бейбітшілік» шағын ауданындағы жолдарды қайта жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 649 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақытта мұнда жарықтандыру құрылғылары бойынша жұмыстар толығымен орындалған. 14 автобус аялдамасы орнатылған. Таяу күндері бұл шағын ауданына автобус қатынайтын болады. Өңір басшысы жауапты сала басшыларына жергілікті халықтың өтініш тілектері ескерілуі керек екендігін баса айтып, таяу уақытта автобус қатынасын оң жолға қою керетігін тапсырды.
Ал, темір бетон плиталарын шығаратын «СКЦ «Бетон» өндіріс орынында жаңа цех іске қосылуға дайын. Бұл мақсатқа 350 миллион теңге қаражат тартылған. Өндіріс орнының директоры Александр Дворцевойдың айтуынша, жаңа цех іске қосылса 60 адам жұмыспен қамтылмақшы. Күн сайын керегесі кеңейіп, қанат жайып, өркендеп жатқан Көкшетаудың көзмоншағына айналған «Сарыарқа» мөлтек ауданында жаңа емханасы бар клиникалық-оңалту орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Өңір басшысы аталмыш әлеуметтік нысанның құрылысымен жақынырақ танысты. Аталмыш жобаның жалпы қуаты – 1,1 миллиард теңге көлемінде. Нысан 2022 жылдың ақпан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. «АВМ Investment Group» басқарушы компаниясы серіктестігінің басқарма төрағасы Әсет Ахметовтың айтуынша, емхана бір ауысымда 250 адам қабылдайтын болады. Сондай-ақ, мұнда стационарлық оңалту бөлімшесінде 81 төсек орын, күндізгі стационарда 36 төсек орын және 22 төсек орынға лайықталған хирургиялық және терапиялық стационар қарастырылған.
Бұдан кейін өңір басшысы өз жұмыс сапарын фракцияланған кварц құмдарын өндіретін Орта Азиядағы ең үздік өндіріс орны «Намыс» құрылыс фирмасы» серіктестігінде жалғастырып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты. Айта кетуіміз керек, аталмыш өндіріс орны 2004 жылы ашылған. Серіктестік Қазақстан мен жақын шетел нарығына сапалы фракцияланған кварц құмының 12-ден астам түрін шығарып, жеткізумен айналысады.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.