Ұстаз Ыбырай: «Қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық», – деген «Қырғыз хрестоматиясы» оқулық кітабында. Осы ойды кейінірек Ахмет Байтұрсынов та 1913 жылы қайталаған.
Азбаған халықтың өз ойлау жүйесі, төл ойы бар. Оны қазақша ойлау делік.
Бірде қазақша, жаңаша, инновациялық ойлау туралы жұртшылық алдында баяндама жасадым.
Күндер өткен соң кафедра мәжілісінде аты әйгілі академик А.Ж.:
– Ғарифолла, сен әнеукүні қазақша ойлау деп баяндама жасадың. Қазақша ойлау деген жоқ. Олай айтпа, ұят болады, – деді. Мен немісше ойлау бар ма деп едім, ол бірден:
– Иә, иә немісше ойлау бар – деді. Мен де қалыспай, ойшыл Абай қай тілде ойлаған дедім. Сұрағым жауапсыз қалды, ол кісі теріс айналып кетті.
Кеңес заманының академигі не десе, о десін, азбаған халықтың өз ойы, ойлау жүйесі болған. Жыраулар, шешендер, билер, ақындар ойсыз болған ба?
***
Қазақша ойдың тағдыры Ұстаз Ыбырай (Алтынсарин) заманында мәселеге айналған. Ол азбаған халыққа өзінің өсіп-өнген ойлау кеңістігінде білім мен тәрбие беруді мақсат еткен.
Ол осал шаруа емес, себебі қазаққа бөгде ойлау кеңістігін әкелген – Ресей әкімшілік жүйесі бар. Бұл жағдайды Абайға дейінгі данышпан ақын Дулат: «Орысша деген атыңнан, теріс жазған хатыңнан» – деп қысқа қайырған.
Орысша ойлау жүйесі басқа, ол халықтың діні, тұрмысы, дәстүрі, өмір сүру қалпы өзге, жазуы теріс.
Дулат ақын айтқандай, оңнан солға айналып кеттік. Бір сөзбен айтқанда, теріс бағытқа түстік. Бұрын оң аяғымыз қасиетті еді, енді сол аяқ «қасиетке» ие бола бастады. Дәстүрімізді «оң жақ» деген түсінік енді жойылмақ.
***
Ұстаз Ыбырай қиналды. Азбаған халықты, енді алдағы уақытта қалайша аздырмай сақтап қалу керек.
Ұстаз Ыбырай басты мәселеге назар аударды. Ол Тұлға тәрбиелеп өсіріп, жетілдіріп, оны білім нәріне сусындатып кемелдендіру.
Бұл, ол кезде түбірімен шешілмейтін іс еді. Ол үшін халық еркіндігі, тәуелсіздігі қажет.
Халық болса бодандықта, рухани құлдықта. Шоқан Уәлиханов қазақ халқының саяси бірлігі мүмкін болмауы үшін отаршыл Ресей қазақтарды губерния-губернияларға бөліп тастаған деген еді. Қазақ елінің рухани тұтастығын мүмкін етпеу, бөліп-бөліп билеу деген зұлымдық саясат күшіне енген.
***
Ұстаз Ыбырайдың алдында ойлаудың екі түрі тұрды. Бірінші, азбаған халықтың төл қазақша ойлауы.
Екіншісі, билеуші халықтың, орысша ойлауы. Мысалға, Сәбит Асқаров деген кісі аты-жөнін алайын. Айталық, Сәбит мырза десек, бұл қазақша ойлау. Мырзаның орысшасы «господин», бірақ сіз орыс тілінде господин Сәбит дей алмайсыз, дұрысы господин Асқаров. Байқайсыз ба, біз «мырза» деп кісіні (тұлғаны) айтамыз, орысша мырза деген фамилияға кетеді. Содан, қазір мынандай жазу дәстүрі қалыптасқан С.Асқаров. Кісінің есімі инициалға айналып кеткен, яғни, Тұлға жоқ, фамилия бар. Құрмет фамилияға, кісіге (Тұлғаға) емес. Біз көбінесе Абай дейміз, орыстар Пушкин дейді, Александр демейді. Оларда Пушкиннің аты-жөні инициал А.С. (Александр Сергеевич).
Күні бүгінгі атымызды толық жазбай инициалды қойып жүргеніміз, сол теріс бағытқа кеткеннен болған шаруа. Бұл сәл нәрсе емес. Ойлауға түскен вирус. Ол бүкіл ойлауымызды дерт етті. Енді мағына өзгеріске түсті. Төл емес, бөгде ойлау басталмақ. Ол әдетке айналып, тұрақтанбақ. Ол халықтың азуына мүмкіндіктер туғызбақ. Құндылық адамның есімі емес, оның тегі (фамилиясы) бола бас-
тады. Фамилиямыздағы «ов», «ова», «ин», «ина»-лардан құтыла алмай жүргеніміз сондықтан. Адамның тұлғалық қасиетіне сын түсті. Жеке адамға мырза деудің орнына, оның әкесінің есімін қоса атау дәстүрге енді, айталық Сәбит Асқарұлы. Сәбит мырза, Сәбе, ата, аға демейміз.
Алдағы кезде осы орысшадан қалай, қашан арылмақпыз?!
Супермаркетке тауар алуға барсаң, сізге сатушы орысша тәрбиеленген қыз бала «Вы мужчина», «Вы женщина» – дейді. Қазақшасы «Сіз еркек», «Сіз әйел». Анайы емес пе?!
Мәселе, адамды «Тұлға» деп қабылдауда не қабылдамауда. Қазақша ойлауда Тұлғаға құрмет, орысша ойлауда басқаша.
***
Санамызға сіңіп кеткен теріс ойлау. Азбаған халықты бұзудың бір тәсілі. Біз ойланбай түсіп кеттік. Ұстаз Ыбырай Тұлға тәрбиелеу жағында болған. Азан шақырылып қойған қазақтың есімі – азамат есімі, оның тұлғалық болмысы.
***
Қазақша ойлау, әзірше тасада. Үстемдікте орысша ойлау. Әлі де Сабит Аскаров Аскарович дейміз. Неге? Орысша ойлаймыз. Мені кейбір ресми органдар құттықтаулар жібергенде Ғарифолла Есімұлы – дейді. Мағынасы орысша. Дұрысы, атам заманнан келе жатқан дәстүр – еке, сонда құрметті Ғареке немесе Ғарифолла мырза деп аталмақ. Бұл қазақша мәні де, мағынасы да. Ал, Сабит Аскаров Аскарович. Бәрі орысша. Неге бұлай деп сұрасам:
– Осылай ресми қалыптасқан – дейді.
Бұл орысша тәртіп қай заманда қалыптасқан? Енді оны түзетуге болмас па екен, біреулер болмайды дейді, себебі орысша ойлау әдетке әбден сіңіп кеткен, ол тез арада шыға қоймас.
Біздер «Абай» дейміз, орыстар «Пушкин» –
дейді. Біз ой екпінін кісі атына түсірсек, олар фамилияға түсірді. Екі түрлі ойлау. Содан инициал қою басталған. А.С. Пушкин, А. Құнанбаев. Қазақша не Абай дейміз, не Абай Құнанбаев деп толық жазбаймыз. Бұл дұрысы. Ыңғайсыз жағдай, тіптен, спикерлер: Н.Нығматуллин, М.Әшімбаев деп жазу телеарналарда өріп жүр. Дұрысы: Нұрлан Нығматуллин, Мәулен Әшімбаев емес пе? Ойланайық!
Біз ақын Дулат, ер Махамбет, ұстаз Ыбырай, ғалым Шоқан, хакім Абай – деп эпитеттерін қоса айтқанды жөн көреміз. Сірә, осымыз дұрыс болар деген ниеттемін.
Ресми не бейресми құжаттарға қол қоюға әкелгенде, Ғ.Есім жазылса, сұраймын неге азан шақырып қойған атымды толық жазбайсыздар деп. Осындай талап қоямын деп Сенатта депутат болып жүргенімде «айғайға» қалғанмын. Мен атымды мониторға толық жазуды талап еттім, ақыры сөзім өтпей, жеңілдім. Себебі, орысша ойлау рәсімге айналып кеткен.
Қазақша ойлау қайдасың?!
***
P.S. Ұстаз Ыбырай Тұлғаны білім мен тәрбие тұтастығы деп түсінген. Тұлға қалыптасуының басты принципін ашып берген:
Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Бұл Тұлғаның қазақша ойлауының үлгісі.
Ғарифолла ЕCІМ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, абайтанушы, қоғам қайраткері, жазушы, профессор