Ұлты үшін туған ұлы тұлға

Алаш алыптарының арасында шоқтығы биік ерен тұлғалардың бірі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойы тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Алаш идеясы азаттық ұғымымен астарласып жатқанын ескерсек, Алаш арысының ұлтына жасап кеткен алапат еңбегі жайлы айтпау үлкен қиянат болар еді. Елорда іргесінде орналасқан Қаражар атты ауылымыздың білім ордасында бұл атаулы оқиғаны кеңінен атап өту шарасы басталып та кеткен. Алаш көсемінің «Отаншылдық» және «Ұлтқа қызмет ету» ұғымын шәкірттеріміздің санасына сіңіру мақсатында қашықтықтан тәрбие сағаттарын өткізу, бейнефильмдер көрсету жұмыстары мектебімізде бірден-бір жүйелі жоспарға алынған игілікті шара болып отыр.

Алаш арысының ұлты үшін атқарған ұлы істерін толықтай тізіп жазу мүмкін емес, әрине. Біз бұл мақаламызда Алаш көсемін тек саяси қайраткер ретінде ғана емес, мүмкіндігінше, басқа қырларынан танытуды да мақсат тұттық.

Бала Әлиханнан ғалым Әлиханға дейін

Әлихан Нұрмұхамметұлы 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезінде дүниеге келеді. Ата тегін айтар болсақ, Шыңғыс қағанның 23-ші ұрпағы. Бөкейханның шөбересі, яки, ақсүйек тұқымынан. Әлиханның алты жасына дейін тілі шықпағаны, бала кезінен өте зерек болғаны жайлы туған бауыры Смахан төре: «Ол еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін», – деп еске алады.

Алғашында молдадан дәріс алған бала Әлихан қаладағы үш сыныпты оқып, одан әрі 1879-1886 жылдар аралығында Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепті тәмамдайды. 1886 жылы Омбыдағы техникалық училищеге түскен ол төрт жылдан соң осы оқу орнын техник мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Омбыда оқуда жүрген кезінде оның газет беттерінде елдік мәселелерді қозғаған 20-ға жуық мақалалары жарық көрген екен. Уақыт оздырмастан білім жолына түскен талантты жас 1890 жылы Петербор қаласындағы орман технологиялық институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, білімін шыңдай түседі. Заманауи еуропалық біліммен сусындап жүрген жас қыран студенттік пікірсайыстарға қатысып, өзіндік саяси көзқарасы бар студент ретінде ерекше көзге түсіп, ақыры, билік тарапынан саяси сенімсіздер тізіміне кіргізіледі.

Жалынды жас Әлиханның қарулылығына байланысты құрдастарының куә болған бір оқиғасын айта кеткен жөн болар. Ресейдің түкпір-түкпірінен келіп өзімен бірге оқитын түрлі ұлт өкілдерімен бірге тәжірибелік дәрісте жүргенінде алдарында жатқан үлкен қара тасты кім көтерер екен деген өзара күш сынасу мақсатындағы замандастар арасында бәсеке туады. Сол кезде өзгелерінің шамасы келмеген тасты Әлекең көтеріп, таңдандырады. Бұл оқиғадан кейін оңаша жерде жолдасының: «Ауыр тасты ешқайсысы көтере алмағанда, саған көтеру оңай болмаған болар?» – деген сұрағына алаш асылы: «Иә, оңайға тимегені рас, бірақ, қара тасты мен емес, менің ұлтымның намысы көтерген еді», – деп жауап қайтарған екен. Сонымен, тек білімділігімен ғана емес, білектілігімен де көзге түскен ол араға төрт жыл салып, яки, 1894 жылы орман институтын бітіргенімен қоса, Петербор университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, Владимир Ульяновпен (В.И.Ленин) бірге заңгер мамандығын алып шығады. Сол жылы Омбы қаласындағы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызметке кіріскен ол ғылыми жұмыстармен айналыса жүріп, «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасы құрамына енеді. Мақалаларының соңына «Қыр баласы» немесе «Қыр ұғлы» деп жазып, бүркеншек атпен жариялап жүреді.

Ғасыр соңына қарай Ресейдегі көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Орыс жағрапиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі болып сайланған Әлекеңнің 1896-1903 жылдар аралығында орталық билік орындарының шешімімен қазақ өлкелерін зерттейтін экспедиция жұмысына араласу кезеңінің қазақ ғылымы үшін алар орны ерекше. Алғашында статист қызметін атқарған ол кейіннен экспедицияның жеке бір партиясының меңгерушісі болып ауысады. Экспедицияның атқарар міндеті аумақты табиғи, тарихи жағынан зерттеп суреттеу, осы мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жер пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеп, оның қоныстандыру қорына алынатын көлемін белгілеу болатын. Империялық биліктің қазақ даласына бұл экспедицияны жіберудегі көздеген басты мақсаты Ресейдің орталық губернияларындағы тығыз орналасқан халықтың жер мәселесін шешу мақсатында қазақ даласының көлемін анықтап, шаруаларды қоныстандыру екенін және де алда отаршылдар тарапынан жер реформасына байланысты өзгерістер болу ықтималдығын сұңғыла Алаш арысы жақсы түсіне бастады. Осы сапар барысында ол өзі терең меңгерген марксизм ілімінің қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігіне ешқашан сәйкес келмейтінін ойына түйген еді.

Абайтану ғылымының негізін қалаушы

Ұлт мүддесі үшін ұлы істердің қашанда көш басында жүретін, сегіз қырлы, бір сырлы Ә.Бөкейхановтың энциклопедист ғалым ретінде төл тарихымызға байланысты қалдырған елеулі еңбектерінің бірі – «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары. Бұл еңбекке 1985 жылы ағылшын ғалымдары қызығушылық танытып, оны «Казахи о русских до 1917 года» атты жинақ түрінде қайта басып шығарғанын айта кеткен жөн болар. Әлекеңнің қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған қарулы көтеріліс туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинақтаған еңбектерінің орны бір төбе дерсіз. Келесі бір еңбегі ұжымдық монография ретінде 1903 жылы жарық көрген «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық альманахтың (бұл еңбектердің ішінде қазақ даласына арналған 18 томына Әлекең автор ретінде қатысады) «Киргизский край» бөлімі, Петербордан жарық көрді.
Әлекеңнің әдебиет саласындағы атқарған жұмыстары жайында сөз қозғар болсақ, қалдырған мұралары ұшан-теңіз деуге болады. Ол Қобыландыны тұңғыш рет баспа бетінде жариялаумен қатар, бұл жыр туралы зерттеу мақаласын жазады. Сонымен қатар, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» жырларын зерттеп, бірнеше үлгісін баспа бетіне беру арқылы қазақ әдебиетіне өшпес мұра қалдырды.

Әдебиеттанушы Әлиханның газет беттерінде қазақ әдебиеті жайлы бірнеше еңбектері жарық көрді. Қазақтың тұңғыш Абайтанушысы ретінде кемеңгер Абайдың көзі кеткен шақта асыл мұраларын жинақтап, халыққа кеңінен таратып, орыс қауымына алғаш паш етеді. Ақынның өмірден озғанына жыл толуына орай жарық көрген «Абай Құнанбайұлы» атты зерттеу жазып, 1909 жылы Петерборда хакім Абайдың өлеңдерінің жинақ ретінде жарық көруіне атсалысқан да осы Әлекең болатын. Сонымен қатар, көркем аудармашы ретінде аударған Толстой, Чехов сияқты бірнеше классиктердің шығармалары және де үнді, қырым халықтарының әдеби туындыларының аудармалары да жетерлік.

Ұлттың шамшырағы бола білген Әлекең экспедиция барысында қазақтың ата кәсібіне байланысты «Үйірдің бағылуы туралы» деген бөлімде жеке бағылатын жылқы табындарына, оның ішінде оларды бағу жағдайы мен бақташылардың тұрмыс жағдайына толық сипаттама беріп кетеді. «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» сияқты көлемді ғылыми еңбегінде қазақтың түрлі өлкелеріндегі мал тұқымдары мен бағылуы жайында зерттеу нәтижелерін қамтиды.

Әлекеңнің бұл зерттеулердегі негізгі мақсаты халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған істер екені анық. Қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікті жою, экономикалық мешеуліктен құтылу жолдары жайлы мақалаларының бірінде Алаш арысы: «Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң, мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасымен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуді ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады» деп, туған халқының өркениетке ұмтылмай, жаңашылдыққа енжар тірлігіне көңілі толмай қынжыла жазса, келесі бір мақаласында: «Еуропада Швейцария жұрты, жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы – мал бағу.

Қадағын біздің орыстың қаласында 80 тиын, бір сом 20 тиын ірімшікті осы Швейцария шығарған болады. Австралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң, Австралия жұрты қой бағып, мал шаруасын қылып отыр. Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүзіп келіп, Петербор базарында сатылады… «Енді заман өзгерді. Базарда бағлан ғана пұл болды. Қазына басы көпке байлаулы емес, базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын десең, мал сүйегін асылда», – деп жазады. (Мәмбет Қойгелді еңбектерінен). Бұл мақала осыдан жүз жылдан астам бұрын жазылса да, мал тұқымын асылдандырып, ет өнімдерін экспортқа шығару мәселесі әлі де елімізде өзектілігін жоғалтпай отырғаны шындық.

Алаш көсемінің артына қалдырған елеулі еңбектерінің тағы бірі – қазақтың демографиялық статистика саласына қосқан үлесі. 1897 жылғы Бүкілресейлік санақ өткен кезде қашанда келелі істің қасынан табылатын кемеңгер тұлға қазақ даласында санақ жүргізу комиссиясында болады (сол жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтың саны 3 392000 адамды құраған екен).

Кейіннен, яки, 1924 жылы Мәскеуде де, Қазақстанда да халықтың демографиялық ахуалы жөнінде білікті маман болмағандықтан, М.Дулатовтың өтінішімен Әлекең «Еңбекші қазақ» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Қазақ қанша?» атты мақаласын жариялайды. Бұл мақалада қазақ халқының демографиялық жағдайын айта келе, 1914 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақ 6 470 000 адам санын құрағанын, он жыл өтсе де, әлі өсім болмағанын, оған елдегі сүзек, 1921 жылғы аштық себеп болғанын күйіне, ашық жазған екен. Бұл ақиқат үшін алаш ардақтысының артынан тағы да шам алып түседі.

Орайы келген соң, айта кеткен жөн болар, 1937 жылы санақ қорытындысы қазақтың саны небары 2 181 250 адамды құрапты. Әрине, көрсеткіштегі он үш жылда қазақ халқының санының күрт кемуіне басты себеп 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық екені хақ. Осы нәубаттардың боларын жиырмасыншы жылдары болжаған Ә.Бөкейханов қазаққа бір ғана мал шаруашылығына арқа сүйемей, егін егуге, білім, ғылым жолында табыс көзін ойластыруға ақыл беріп, Кеңес үкіметінің жер реформасы ұлтқа кесапат әкелетінін халқына ескертіп кеткен жоқ па?!

Ұлт мүддесі үшін саяси күрес жолында

Кезінде Шыңғыс ұрпақтарының өзара таққа таласқан алтыбақан алауыздығының кесірінен азаттықтан айырылып, бодандықтың бұғауына түскен халқының тағдырына күйінген Әлекеңнің «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өзі жазғандай, ұлты үшін саяси қызметін 1905 жылы бастап кетті.

1905 жылы бірінші орыс революциясын Әлекең Омбыда қарсы алған еді. Ол сол кездерде уақыт оздырмастан, патша үкіметіне қарсы Конституциялық демократия партиясына өтеді. Оның төңірегіне Жақып Ақпаев, Міржақып Дулатов, Айдархан Тұрлыбаев сынды қазақ зиялылары топтасады. Дәл осы уақытты іс жүзінде Алаш қозғалысының іргетасы қаланған уақыт деп атаған жөн болар. Алаш қайраткерлері қазақ даласында белсенді түрде халық санасын оятып, жер-жерлерде митинг ұйымдастыруды бастап кетеді. Сол митингтердің бірін Қарқаралыдағы Коянды жәрмеңкесінде өткізген олар патша үкіметіне қарсы петиция жариялайды. Бұл арыз-тілекте қазақ ұлтының мүддесіне байланысты жер мәселесі, шеттен толассыз келіп жатқан қара шекпенділердің көшін тоқтату, қазақ ұлтына Мемлекеттік Думаға депутат сайлануына құқық берілу сияқты өзекті мәселелерді көтереді. Нәтижесінде сол жылы Империя патшасының «Мемлекеттік Дума» атты манифесінде қазақ даласынан депутат сайлану құқығы беріледі.

Арада біраз уақыт өткенде Ресей билігі Әлекеңді ұлт мүддесі жолында саяси белсенділігі үшін «қара тізімге» енгізеді. Өкінішке қарай, сол жылы депутаттыққа өткен ұлттың ұйытқысы Әлихан Бөкейхановты І Думадағы жұмысына кірістірместен, Павлодар абақтысында үш айға қамауға алады. Уақытын өтеп, бостандыққа шыққан ол өз қызметін бастаған кезінде Патша үкіметінің Думаны таратып жіберуіне байланысты жұмысын толық атқарып та үлгермейді. Тұлғаны замана ақ алмастай шыңдайды дегендей, сұрқия саясаттың ызғарлы өтінде жүріп шыныға бастаған Әлекең Думаны мәжбүрлі таратумен келіспеген көптеген саясаткерлерімен бірлесе, Выборг қаласында бас қосып, Выборг үндеуіне қол қойып, мұның соңы үш ай Семей түрмесінде отыруына себеп болады.

Кейіннен жұмысын Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде жалғастырған Әлекең 1908 жылы орталық Ресейге жер аударылуына байланысты Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарады. Ресейдің белді газеттерінде жұмыс жасау арқылы газет шығарудың қыр-сырын меңгерген публицист Әлихан Бөкейханов А.Байтұрсынов, М.Дулатовпен бірлесе, «Қазақ» газетінің шығуына жетекшілік жасайды. Бұл газет аз уақытта жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілуімен бірге, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне айналып үлгерді десек артық айтпаған болар едік. Қазақ газетімен қатар, «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті сияқты баспасөз құралдарының жарық көруі ел үшін елеулі оқиғалардың бірі боп қалды. Газет қазақ даласының айнасы іспеттес болды. Жалпы, бұл жылдарды қазақтың рухани жаңғыру кезеңдері деп атауымызға толық негіз бар.

«Алаш» сөзін айналымға енгізген Әлекең еді

1916 жылғы Патша жарлығына наразылық ретінде болған көтеріліс нәтижесінде қазақ жігіттерінің Батыс майданға тыл жұмысына аттандырылуы себепті, солардың басы-қасында, бөлім бастығы болып қызмет атқарып жүрген Алаштың көсемі ақпан төңкерісін Минскіде қарсы алады. Патшаның тақтан құлауын азаттыққа апарар жолдың жақындауы деп түсінген көреген көшбасшы ұлтының ұлтжанды ұлдарын бастай отырып, уақыт оздырмай Алаш партиясын құруға кірісіп кетеді. Айта кетер жайт, «Алаш» сөзін ең алғаш саяси айналымға «Қазақ» газеті арқылы енгізген Әлекең еді.

Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Әлихан жетекшілік еткен Алаш қозғалысының бес ұстанымы болды деп есептейді. Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды. Бұл жерде айта кетер жайт, патша үкіметі жүргізген отарлау саясатының нәтижесінде тек 1895-1917 жылдар аралығында ғана 1 миллионға жуық адам Ресейдің ішкі өлкелерінен қазақ жеріне қоныстандырылып, барлығы 45 миллионға десятина жер тартып алынған еді.

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша, «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс».

Төртіншісі: Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.

Ресейдің сол кездегі қырық пышақ болып өзара қырқысқан түрлі саяси ұстанымдағы күштерімен бірде саяси ымыраға келіп, бірде азу көрсете арпалыса жүріп, азаттықтың ақ жолындағы жылдар бойғы күрес нәтижесінде 1917 жылдың соңына қарай қазақ тарихында алғаш рет дауыс беру арқылы Әлихан Бөкейхановты төрағалыққа сайлаған тұңғыш демократиялық бағыттағы Алаш Үкіметі дүниеге келеді.

Р.S. Аз уақытта қазаққа азаттықтың дәмін сезіндіріп, ұлттық рухын асқақтатып үлгерген Алаш үкіметі күштеп таратылса да, ұлттың ұлтжанды ұлы туған халқы үшін қызметін жалғастырып, 1920 жылы қазіргі тәуелсіз еліміздің аумағының Қырғыз (Қазақ) АССР-і ретінде негізін қалауға арқау болған. Ғұлама ғалым, ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі публицист, бәрінен бұрын ұлт дербестігін ойлаған Ұлт көсемі ретінде Әлихан Бөкейханов қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани тарихында өшпестей асыл мұра қалдырды.

Өмірінің соңына дейін «Мен Кеңес өкіметін жақтырмадым, бірақ мойындаймын!» – деп өткен Әлихан атамыз түрлі тергеулер мен абақтылардағы азапты күндерден кейін Кеңес билігінің үкімімен 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына кесіледі. Ал, туған халқы Алаштың арысымен тек 1980-інші жылдардың соңына қарай, кезінде қатаң тыйым салған еңбектерін қайта жариялау арқылы мәңгілікке қауышты.

Азамат ҚҰМАРБЕКҰЛЫ,
Қаражар орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Алаштану тақырыбы бойынша ізденуші.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар