Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып, терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.
Өйткені, ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің өмір мен ғылымда жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған.
Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі әрдайым ұстазына ерекше құрметпен, ізетпен қарағаны мәлім. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым», – деп еске алатын болған екен. Сондықтан да, ұстазды сыйлау – өмірдегі бір борышың. Ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.
Ұстаз кім? Ұстаз – жан-жақты білімді болумен қатар, әрбір баланың өміріне терең із қалдыратын адам болуы керек. Ол – шәкірт жүрегіне жол табушы, білім нәрін себуші десек аз болады. Шәкірт деген келешек ұрпақ. Бұл ұстазға үлкен жауапкершілік.
Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды үлкен өркениетке бастар жолдың басы мектеп десек, сол мектептің басты тұлғасы – ұстаз. Баланың адам болып қалыптасуында ұстаздың алар орны бөлек. Ұстаздық жол – қиындығы мен қызығы қатар жүретін ерекше мамандық. Қиындықты жеңе біліп, жауапкершілікті көтере білу кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Олай болатын себебі, алдына келген баланың білімін, ой-танымын, өмірлік көзқарасын, алдағы өміріне, мақсатына қалыптастырушы, соған жол сілтеуші. Сол себепті барынша асыл қасиет, мол білім, тапқырлық, еңбекқорлық, ізденімпаздық, өнер, бәрі-бәрі ұстаз бойынан табылуы шарт.
Сондай мерейлі жанның бірі – ұлағатты ұстазымыз ғана емес, ақылшы әкемізге айналған, шәкірті үшін жүрегінің жылуын аянбай төккен Серік Қажантайұлы Құдайберген.
Өнегелі жанның жүріп өткен сара жолына әркімнің де ризашылықпен, қызыға қарары сөзсіз. Асылы, өз кәсібін, өмірлік арнасын адаспай, анық тапқан адамдардың ғұмыр шежіресі қашанда мағыналы, кейінгіге үлгі-өнеге. Ұстаз деген қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, қазақ елінің болашағы да жарқын, келешегіміз кемел болары сөзсіз.
Иә, 36 жылдан астам саналы ғұмырын мектеп қабырғасында өткізіп, оның 25 жылын мектеп ұжымын басқаруға арнаған, сөйтіп, намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелеуге ұйытқы болған ұстаздардың ұстазы осы кісі дер едік.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, хакім Абай айтпақшы, Серік Қажантайұлы ақ шашын күн сүйіп, алпыстың ортасынан табылса да, бір сәтке өзінің сүйікті мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес.
Ол «ең жақсы ұстаз, ең жақсы оқушы біздің мектебімізде болуы керек!» деген қағиданы берік негізге алып, әрбір мұғаліммен үлкен шығармашылық қарым-қатынаста болып, бір қолына ұстаздың барлық ілімі мен білімін, бір қолына оқушының тағдырын ұстаған тұлға дер едім.
Көне қытай ойшылдары адамның адамдық қасиетін сыртқы көрінісінен іздейді. Ұлы ойшыл Конфуцийдың пікірінше адам үш түрлі болады. Дана адам – асып-таспайды, жақсы адам – күй талғамайды, батыл адам – қорықпайды,– дейді ол. Сонымен қатар, қытай жұртының ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды «Аспан адамы», рухани бастауынан бөлінбеген адамды «Қасиетті адам», шындықтан бөлінбеген адамды «Кемел адамға» жатқызған екен. Тағы да осы шығыс ғұламаларының даналық өсиеттерінде «Ештеңе білмейтін, бірақ, ештеңе білмейтінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны айналып өт.
Ештеңе білмейтін, бірақ, өзінің білмейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет. Барлығын білетін, бірақ, білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт» деген ойлар айтылады. Ұлы ойшыл Конфуцийдың осы пікірін ескерсек, адам түрлерінің ішіндегі білгенін іске асыратын адам тобына жататын Серік Қажантайұлы өзі 20 жылдан аса басқарған педагогикалық ұжымына дарыта білді. Осы күндері асқаралы 65 жасты алқымдап, білім және спорт, ұрпақ тәрбиесі жолындағы көп жылғы бейнетінің зейнетін көріп отыр.
36 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп, өзінің анық бағдарын танытып, талапты жастан танымал ұстаз, тәлімгерге айналған облысымызға белгілі ардагер боксшылардың, тәжірибелі бапкерлердің бірі ретінде ондаған шеберлігі жоғары боксшылар дайындаған, осылайша талай жылғы қажырлы да қайырлы еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленіп жүрген аяулы жан жайлы айтылар лебіз әрдайым ерекше.
Серік Қажантайұлы қашан болсын, тазалықты, тез қимылдағанды ұнатады, тынымсыз еңбек үстінде жүреді. Табиғатынан намысшыл жан, сабырмен ұжымды басқара жүріп, өзінің тәжірибесін, жетістіктерін әріптестеріне, шәкірттеріне, біз секілді жас ұстаздарға үйретіп, бағыт беруде бір өзі бір мектеп дерліктей.
Үнемі ұстанатын қағидалары, өзіне шамшырақ етіп алған жолы – адалдық, әділдік, шындық пен ұстамдылық. Әріптестеріне қояр талабы – тәрбиені өзіңнен баста, алдарыңдағы оқушыларды, өздеріңнен кіші ұстаздарды да өзіңмен тең санап, сыйлас.
Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, еңбекқор, ойы өткір бола білген ардагер ұстаз, сіздің ұстаздық жолыңыздағы ұлағатты есіміңіз, берген тәлім-тәрбиеңіз, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі еңбегіңіз орасан зор екенін айтқымыз келеді. Міне, осындай үлкен еңбектеріңіздің арқасында сізді мектебіміздің қасиетті тұлғасы екенін мақтанышпен айтамыз. Өмір дейтін осы бір көш керуен жолындағы тынымсыз сапарыңызда бақыт пен сәттілік әрдайым жолбасшы серігіңіз бола берсін!
Жанар ЖАҢБЫРБАЕВА,
Қызылтаң орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Зеренді ауданы.