Білім мен рухани құндылықтың қазыналы ордасы

Біртұтас ұлтты айтпағанда, бір адамның ғұмыр жолы кітапқа жазылса мәңгілік мұра болып сақталып қалатыны анық. Сол себепті де жан баласы үшін кітаптың, кітапхананың, сол киелі ордада қызмет атқаратын кітапханашылардың алар орны ерекше. Сан ғасырлар сорабынан мәңгілік мұра болып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жалғасқан тағылымы һәм танымы бөлек тарихымыздан сыр шертетін де кітап, өмірдің өзінен ой түйіп, ойландыратын да, жанға рухани қуат сыйлайтын да кітап. Иә, кітапхана бұл – рухани құндылықтың алтын арқауы, мәңгілік мұраның мекені, кие тұнған қасиетті орда десек артық айтпағандығымыз.

Биыл Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына 75 жыл толып отыр. Біздің кітапхана тарихы тереңде жатқан, абыройы асқақ, еліміздегі кітап қоры бай кітапханалардың бірінен саналады. Кітапхана іргесін қалаған сәттен бастап, өңіріміздегі әлеуметтену, білім алу, рухани демалу орталығына айналды. Кітапхананың әмбебап қоры қазақ, орыс, шет тілдерінде 367341 данадан тұрады. Олар: кітаптар, CD-ROM, пластинкалар, ноталар және басқа да басылымдар. Жыл сайын кітапханаға 4 мыңға жуық басылымдар келіп түседі, оның 300-ден астамы газеттер мен журналдар.

Сирек және құнды басылымдар қорында 1302 кітап жинақталған. Олардың арасында Қазан төңкерісіне дейінгі басылымдар бар. Кітапханалық қорларды сақтау мақсатында раритетті басылымдарды цифрлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын кітапхана 30 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапхананың Web-сайтында 388 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.

М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана үнемі даму үстінде, қорлар толықтырылуда, жаңа бөлімдер, секторлар ашылуда, интерьерлер жаңартылуда және жаңа қызмет түрлері пайда болуда. Облыстық кітапхана қызметін Әкімшілік және 11 бөлім жүзеге асырады. Олар кітапханаларды дамыту және ұйымдастыру, қорларды толықтыру және құжаттарды өңдеу, негізгі қорды сақтау, оқырмандарға қызмет көрсету, өнер бойынша әдебиеттер мен мерзімді басылымдар, шетел тілдеріндегі әдебиеттер, көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімдері, ақпараттық-библиографиялық бөлім, автоматтандыру және жаңа технологиялар бөлімі және шаруашылық бөлімі.

Ал, енді өткенге көз жүгіртіп, мекеме тарихынан сыр шертер болсақ, кітапхана негізі Көкшетау облыстық атқару комитетінің 1946 жылғы 15 ақпандағы шешімімен орталық қалалық кітапхана базасында 7 мың дана кітап қорымен құрылып, ашылған. Алғашқы директоры Сейітжан Елеусізұлы Елеусізов еді. Майдангер-мұғалімнің жетекшілік етуімен ұжым жұмысы жандана түсті. Қызметкерлердің саны көбейіп, ордалы орында библиографиялық бөлім және әдебиеттерді өңдеу бөлімі ашылды. Кітапхананың жұмысы жақсара түсіп, оқырмандар саны арта түсті.

1962 жылы облыстық кітапхана директоры қызметіне Мәскеу мәдениет институтының түлегі Александра Ивановна Белан тағайындалды. Оның келуімен облыстық кітапхананың облыстың әдістемелік орталығы ретіндегі имиджі түбегейлі өзгерді. Облыстық кітапхананың жұмысы әр өңірде орталықтандырылған кітапхана жүйесін құру бойынша орталық кітапханаларға практикалық көмек көрсетуге бағытталды. Кітапханада ауыл шаруашылығы әдебиеті бөлімі, шет тілдеріндегі әдебиет бөлімі, өнер әдебиеті бөлімдері ашылды.

Атап өтерлігі, Александра Ивановнаның бастауымен кітапхана орналасқан қазіргі ғимарат пайдалануға берілген көрінеді. Яғни, 1971 жылға дейін кітапхана Чкалов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің 1-ші қабатында орналасқан екен. Жаңа басшының ұйытқы болуымен 1971 жылы жаңа типтік кітапхана салыныпты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің мәдени-рухани ахуалы жақсарып, әр алуан бағыт бойынша даму жолына түсті. Алдымен, 1992 жылы кітапханаға Алаш ардақтысы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мағжан Жұмабаевтың есімі берілгендігін зор мақтанышпен атап өткім келеді.

Облыстық кітапхананың қалыптасу кезеңінде Г.Окольникова, М.Мұканова, Р.Зюбина, В.Красноусовалардың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Сонымен қатар, әр жылдары басшылық қызметте болған Е.Зосименко, Қастай Хабибуллина, Валентина Пивень, Майра Тсенова, Сәлима Жұмабаевалардың, сондай-ақ, еңбек ардагерлері З.Кострицина, В.Теплякова, Т.жарболова, В.Александрова, Қ.Мүрсәлімова, В.Филатова және тағы басқаларының еңбегі ұмытылмайтыны анық. Заман ағымына сай кітапхана жаңаша жабдықталып, сандық жүйеге көшуде.

Мәселен, 2005 жылы пайдаланушылар үшін ақпараттық қызметтердің жаңа нысандарын кеңейту мақсатында автоматтандыру және жаңа технологиялар бөлімі құрылды. 2006 жылы «Мәдени мұра» аймақтық бағдарламасының негізгі ережелерін жүзеге асыру аясында негізгі қорды сақтау бөлімінде сирек кездесетін және құнды басылымдар секторы ашылса, 2010 жылы кітапханада іс-шаралар сапасын арттыру мақсатында бұқаралық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі құрылды. Мұның барлығы кітапхана жұмысының дамуына зор септігін тигізуде.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының құрылғанына 65 жыл толуына орай, 2011 жылдың қаңтар айында шетел тілдеріндегі әдебиет бөлімі, наурыз айында балалар әдебиеті бөлімі ашылды. 2018 жылы облыстық кітапханада «Мобильді кітапхана» интерактивті оқу залы іске қосылды. Бұл электронды гаджеттер арқылы әдебиетке қол жеткізудің бір нұсқасы. Мобильді кітапхананың сөрелерінен отандық және шетелдік авторлардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі жүзден астам заманауи және классикалық туындыларын табуға болады.

Кітапхана тарихы, жұмыстың басым бағыттары, ақпаратты қамтитын QR-код әзірленді. QR-код Көкшетау қаласының кез-келген тұрғыны немесе қонағы осы ақпаратты пайдалана алуы үшін кітапхана ғимаратында орналасқан. Бұл жоба Көкшетау қаласының оқу орындары арасында кеңінен таралды. 2019 жылы ұжым ғылыми электронды кітапхана ресурсына қосылды. e-LIBRARY.RU ресурсы дегеніміз – ғылым, технология, медицина және білім саласындағы ең ірі ресейлік ақпараттық портал. Платформа әлемдегі орыс тіліндегі ғылыми мерзімді басылымдардың жетекші электронды кітапханасы болып табылады. Ол оқытушылар мен магистранттарға орыс ғылыми әдебиетінің жаңалықтарын пайдалануға мүмкіндік беруде, мұнда орыс, ағылшын, қазақ, беларус, украин және тағы басқа шет тілдерде мақалалар бар.

Осындай кітапханалардың оқырманы болу үшін облыстық кітапханаға тіркелу жеткілікті. Қызмет толығымен тегін. Ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері де бар, біздің кітапханамыздың оқырмандары қатарынан 15 тұрақты жазылушы тіркеліп отыр. Яғни, әлемдік кітапханалармен де өзара ықпалдастық орнатылуда. 2018 жылдан бастап тарихи-әдеби портал «Magjan.kz» өз жұмысын бастады.

Жалпы жергілікті әр кітапхана өз өңірінен шыққан тұлғаларын насихаттайды, олар туралы библиография құрастырады, жаңа технология көмегімен өз дерек базаларын жинақтайды. Әлеуметтік желілер мен сайттар өз пайдаланушыларына Ақмола облысының көрнекті жерлері туралы, белгілі тұлғалармен, жазушылармен және ақындармен, туған өлкенің аңыздары мен киелі жерлері туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Кітап қорын толықтыру, өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөліміне білікті мамандар алынып, жүйелі жұмыстар жолға қойылды. 2019 жылы жоғары «Цифрлық зертхана» жобасы жүзеге асырыла бастады. Қазіргі таңда электрондық басылымдар қорын қалыптастыру жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі таңда әзірлеушісі «ИНТЕГРО ақпараттық салалық шешімдерінің орталығы» болып табылатын «электрондық архив» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Аталған компаниямен ынтымақтастық 2053 кітапты, 797 472 бетті, қазақ тілінде 1019 кітапты, толығымен сирек және құнды кітаптар қорын, ішінара өлкетануды цифрландыруға мүмкіндік берді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұл бағдарлама өңір кітапханаларын дамытуға қуатты зияткерлік серпін беріп отыр. Оның аясында 2017-2021 жылдарға арналған «Ауылдық кітапхана –
рухани және мәдени өмір орталығы» жобасы құрылды. Ақмола облысы жазушыларының шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Өңір мен өмір» жобасы оқырмандарымыздың көңілінен шығуда. Кітапхана электронды CD дискілерді, жазушы туралы цифрланған материалдарды, оның туындыларын, бейне және фото материалдарды шығаруда. Жоба аясында барлығы 65-тен астам электронды CD-дискілер шығарылды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің жетекшілігімен кітапханада «Алтын Арқа» ақпараттық-ағартушылық орталығы аясында жергілікті ақын-жазушылар, танымал тұлғалармен кездесулер өткізіліп тұрады. Ағылшын тілін үйрену үшін әдебиет бөлімінің ұйымдастыруымен «Полиглот» жобасы қолға алынған.
Сонымен қатар, кітапханада заманауи талаптарға сай балалар мен ересектерге арналған 2 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру», «Абай орталығы» залдары ашылды. Соңғы он жыл ішінде кітапханада электронды каталогтар мен картотекалар құрылды, жұмыс орындары автоматтандырылып, кітапхананың республикалық және әлемдік ақпараттық ресурстарға қолжетімді жеке сайты құрылды.

Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2020 жылы Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2020» республикалық фестиваліне қатысып, «Республикадағы ең үздік сайты» номинациясына ие болды. Ал, биыл «Рухани қазына – 2021» мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапхана «Үздік инклюзивті онлайн-жоба – 2021» номинациясында үздік атанды. Кітапхана саласын дамытуда кадрлық әлеует маңызы өте зор. Қазіргі таңда кітапханада 68 адам жұмыс істейді, оның ішінде жоғары білімді – 50, орта арнаулы білімді 15 маман бар. Олардың ішінде жоғары кітапханалық барлары 25 қызметкер, арнайы орта кітапханалық білімі барлары 5 қызметкер.

Кітапхана саласы қызметкерлерінің имиджін арттыру бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2020 жылы облыстық кітапхананың 1 қызметкері Қазақстан кітапханашылар одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталса, 2 қызметкер ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Халық құрметі» төсбелгісімен марапатталды. Атап өтерлігі, біздің ұжымда өз ісіне аса ыждаһаттылықпен, зор жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Атап айтсақ, ұжымда табан аудармастан 30 жылдан астам жұмыс істеп жүрген жандар бар. Әсіресе, Жұмабике Мырзағалиева, Галина Савенкова, Елена Жезлова, Наталья Пугачевалардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Шығармашылық құрамның 30 пайызы «Кітапхана үздігі», «Кітапхана ісінің шебері» медальдарымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің грамоталарымен марапатталды.

Жалпы, кітапхананың атқарып жатқан, жұмысын және алдағы іс-жоспарларын бір мақалада тізбектеп айтып шығу мүмкін емес. Кітапхана – білімнің қайнар көзі, қазыналы мекені, көркем ойымыздың кепілі. Тағылым тұнған ордалы шаңырақтың бүгінгі жетістігі – бұл бүкіл ұжымның зор еңбегінің нәтижесі және кітапхана оқырмандарының белсенді қолдауының жемісі деп білеміз. Жетпіс бес белеске шыққан оқырмандар ордасы небір заманауи бастамалардың жаршысы болып келеді.

Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың атындағы өңіріміздегі ордалы шаңырақтың, киелі орынның құндылығы ешқашан аласармайтыны анық. Осы орайда, ұжым қызметкерлерін облыстық кітапхананың 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбастарына амандық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілемін! Бір мақсат, бір мүдде жолында атқарған еңбегіміз әрдайым еселі болғай!

Құдайберлі МЫРЗАБЕК,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар