«Біз – Абай жолындамыз!»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деп атап көрсеткен болатын.

Осы пікірді ұстанған Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің өкілдері өңірдегі жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «Біз – Абай жолындамыз!» облыстық байқауын ұйымдастырды. Олардың мәлімдеуінше, сайысқа 30 шақты студент қатысып, бақтарын сынаған.

–Жалпы, тарих – ұлы адамдардың өмірбаяны. Ал, қазақтың өткенінде алыптардан кім бар десек, ең әуелі есімізге ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлы түсетіні анық. Оның терең мағыналы пәлсапасы, ұлттың рухани өзегіне айналған көркем поэзиясы тағылымдық мәнінен еш ажыраған емес. Бүгінгі күнде де, келешекте де Абайдың рухани бейнесі әр қазақтың баласына жол сілтейтін темірқазықтай болуы шарт, –деп марапаттау рәсімінің шымылдығын ашқан облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Ерлан Мұхамедияров шараны ұйымдастырудағы мақсатты айқындап берді.

Байқау талаптарына сәйкес қатысушылар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармаларын оқып, «Туған елге оралу», «Құнанбай бейнесі мен әке мектебі» және «Абайдың рухани әлемі» атты тақырыптар аясында эссе жазды. Ал, әділ қазылық еткен облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің жетекшісі Айгүл Талпақова, облыстық тілдерді оқыту орталығының маманы Динара Жангелдинова, «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау орталығының әдіскері, абайтанушы Біржан Қайыров қатысушылардың эсселерін талдап, өз бағаларын берді.

Қатысушыларға эссе жазу үшін екі сағат уақыт берілген. Абай Құнанбайұлының ақындық қырын, айналасына жинаған іні-бауырлары, үзеңгілес достарына деген ықыласын аша білген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4 курс студенті Ұлан Зейнелқабден байқаудың жеңімпазы атанып, 50 мың теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.

– «Абай жолын» оқымаған студент кемде-кем. Мәселен, мен барлық томдарын 3 рет оқып шықтым десем болады. Ал, ұлы ақынның құрметіне ұйымдастырылып жатқан байқау жайында естігенде, үндемей қалуды ұят санадым. Арыма нұқсан келмесін деп осы байқауға қатысуға шешім қабылдадым. Байқау барысында өзіндік ойың арқылы Абайдың тұлғасын ашу керек болды. Мұндай байқаулар көптеп ұйымдастырылса екен деп ойлаймын. Себебі, ата-бабаларымыздың, әсіресе, ақын-жазушыларымыздың мұрасын ұлықтау біздей жастар және келешек ұрпақ үшін міндет болып табылады, – деді байқауда жүлделі 1-ші орынға ие болған болашақ филолог.

Ұланмен бірге қатысқан Балнұр Исаеваға 2-ші орын бұйырып, сыйақыға 40 мың теңге берілді. Ал, жүлделі 3-ші орынды иеленген Жанель Лесбектің сыйақысы 30 мың теңгені құрады.
Байқауда ынталандыру сыйлығын алған студенттер де болды. Олардың барлығына 10 мың теңге көлемінде сыйақы біріліп, қалған қатысушыларға белсенділігі үшін «Алғыс хаттар» тарту етілді.

Марапаттау шарасының соңы әсем ән мен тәтті күйге ұласып, қатысушылардың көңілін және бір серпілтті.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар