Электрондық түрде көрсетіледі

Мемлекеттік қызмет көрсету – осы қызметті алушылардың өтініші бойынша немесе өтінішсіз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі. Мемлекеттік қызмет көрсету әділет органдарының қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Әділет органдары тіркеу қызметі саласында келесі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Алдымен, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, қызметтің тоқтатылуын тіркеу, коммерциялық емес ұйымдарға жататын заңды тұлғалар жарғысының (ережесінің) телнұсқасын беру, заңды тұлғаларды тіркеу туралы, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама беру. Сондай-ақ, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан анықтама беру, Қазақстан Республикасының әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдарынан және Қазақстан Республикасының нотариустарынан келіп түсетін құжаттарға апостиль қою сияқты қызметтер жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 мамырдағы №66 бұйрығымен бекітілген заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ, акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мемлекеттік тіркеу және заңды тұлға қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуден шығару «электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz.) арқылы мүмкін болады. Осылайша көрсетілетін қызметті алушыларда қандайда бір мемлекеттік көрсетілетін қызметке жүгінген кезде уақытты қысқартуға мүмкіндік бар.

«Заңды тұлғаларды тіркеу (қайта тіркеу) туралы, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама беру» және «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер қорынан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері тек «электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz.) арқылы көрсетіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер көрсету процесін тұрақты жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа жобаларды, қағидаларды және тағы басқа құжаттарды әзірлеуде.

Мысалы, 2021 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Е-Апостиль ақпараттық жүйесі арқылы «Әділет органдарынан және өзге де мемлекеттік органдардан, сондай-ақ, нотариустардан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша бірлескен жобаны пилоттық режимде іске қосты. «Е-Апостиль» – құжаттарды тіркеуге және апостиль мөртабанын электрондық түрде беруге арналған ақпараттық жүйе, ол апостиль қойылған құжаттардың орталықтандырылған есебін және бірыңғай мұрағатын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының аумағында ғана емес, сонымен қатар, одан тыс жерлерде тұратын өтініш берушілерге онлайн режимде жүгінуге мүмкіндік береді. Е-Апостильдің негізгі артықшылығы құжаттарды беру уақытын қысқарту, халықтың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету және құжаттарды жоғалту қаупін азайту да жатыр. Яғни, апостиль мөрін беру үшін жылдам, қауіпсіз және қағазсыз рәсім болып табылады.

Сондай-ақ, 2021 жылғы 19 қазаннан бас-тап электрондық хабарлама негізінде автоматты режимде басшыны өзгерту мүмкіндігі іске қосылды. Яғни, басшыны тағайындау, басшының міндетін атқарушыны тағайындау, заңды тұлғаның мүлкі мен қызметін басқарушыны тағайындау, басшыны лауазымынан шеттету шаралары жүргізіледі. Қандай да бір заңды тұлға басшысының ауысқаны туралы хабарлау үшін тіркеуші органдарға жүгінудің қажеті жоқ, өйткені, заңды тұлғалар бұл әрекетті электрондық үкімет порталы арқылы дербес жүргізеді, өз филиалы немесе өкілдігі арқылы басшысының ауысуын заңды тұлғаның өзі жүргізеді. Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру және олардың электрондық нысанда қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты әділет органдары тұрақты негізде жүргізетінін атап өткім келеді.

Жанат ЖАКУЛИНА,
Ақмола облыстық әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар