Өңірдегі пандемиялық ахуал тұрақты деңгейде

Елде пандемия жарияланғалы өңірдің 50 мыңнан астам тұрғыны COVID-19 індетін жұқтырыпты. Көңілге қаяу ұялататын мұндай көрсеткішті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов мәлімдеді.

2020 жылы коронавирус індетін жұқтырған 7247 адам тіркелсе, 2021 жылы бұл сан 6 есеге өсіп, 42434-ге дейін жеткен. Ал, осы жылдың өзінде бұл індетті 353 адам жұқтырып үлгеріпті.

–Коронавирус індетінен туындаған пандемиялық ахуал өңіріміз бойынша тұрақты деңгейде. Сондықтан, «жасыл» аймақтамыз. Індетті жұқтырушылардың қатарын бір қалыпта сақтауға қолға алынып отырған вакцинация өз жемісін беруде. Жаппай екпе егу салдарынан COVID-19 індетін жұқтырғандар саны 5 есеге азайды. Мәселен, тамыз айында 8334 адам коронавирусқа шалдығып, соның 1425-і стационарларға жатқызылса, желтоқсан айында індетті жұқтырған 1622 тұрғынның 200-і ауруханадан ем алды, –
деген басқарма басшысы бүгінде жан сақтау бөлімінде де ем алушылардың саны 84 пайызға кемігенін алға тартты.

Бұл ретте, індет жұқтырушылардың қатары азаюмен бірге, ауруханалардағы осы індетке дайындаған төсек орындардың да қысқарғанын тілге тиек ету керек. Мәселен, өңір стационарларында 1 мыңнан астам төсек орын қысқарса, реанимацияларда 56-ға кеміген. Егер, алда-жалда індет ушығып кетсе, онда қосымша
3 мың төсек орын дайын тұрғанын ескерген жөн. Өткен жылдың ақпан айынан бастап 300 мыңнан астам ақмолалық екпе салдырса, ревакцинадан 25399 адам өтіпті. Ал, Pfizer вакцинасының екі компонентін 2143 адам егіп үлгеріпті.

Коронавирус індетінің таралуынан басқа, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медициналық мекемелердің тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуіне де тоқталды. Оның мәліметінше, өткен жылы өңірге құны 6,2 миллиард теңге болатын дәрілер жеткізіліпті. Бүгінде солардың 99,9 пайызы науқастарға таратылған.
– Елде жарияланған төтенше жағдай барысында тегін берілетін дәрі-дәрмектерді өңірге жеткізуде ешқандай кедергілер болған жоқ. Науқастардың басым бөлігі тегін дәрілермен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмектер қорында да тегін дәрілердің көлемі жеткілікті көлемде, – деді Нариман Сыздықов.

Бұдан басқа, құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы дәрі-дәрмектерді жеткізу, тиісті деңгейден бағасын асырмау бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп келген. Нәтижесінде Көкшетау қаласында ол бағаны өсірген 1 дерек анықталып, дәріханаға 1 856 815 теңге көлемінде әкімшіліктік айыппұл салынған. Фармацевтикалық нарықтағы нысандарға бақылау жүргізу бойынша қолға алынған мұндай жұмыстар бұдан әрі де жалғасын таппақ.

Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында Үкімет тарапынан жыл сайын атқарылып жатқан шаралар аз емес. Атап айтар болсақ, өңірдің 39 дәрігері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ауылға барып, жұмыс істеп жүрген жас мамандардың әрқайсысына мөлшері 1 миллион теңге болатын көтермеақы берілді. Болашақ дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында резиндентурада білім алу үшін 35 грант бөлінген. Көкшетау қаласындағы ақ халатты абзал жандарға 40 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

–Егіндікөл ауданындағы жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атбасар ауданында тұрған бос ғимарат медицина қызметкерлері үшін жатақхана ретінде қайта салынды. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Міне, осындай ауыз толтырып айтарлықтай қолдау шараларына қарамастан, өңірімізде медицина кадрларының жетіспеушілігі байқалады, – деді Нариман Сыздықов.

Сөз соңында бұқаралық ақпарат өкілдері тарапынан төтенше жағдайға байланысты да сауалдар қойылды. Оларға тұшымды жауап қайырған басқарма басшысы өңірде денсаулық саласына қатысты жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар