«Ана біздің күніміз»

Ана! Осы сөздің өзі адамға күш береді. Дүниеде ананың мейірімі мен аялы алақанына не жетеді?! Көкшетау қаласындағы «Айша» балабақшасының №6 «Балапан» тобында өткен «Ана біздің күніміз» атты мерекелік ертеңгілікте ана мен баланың арасындағы шексіз махаббат пен сүйіспеншілік бүлдіршіндердің тәтті тілімен өрнектеліп, жүректерді елжіретті.

Көңілді көктемнің нұрын тасыта келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған бұл ертеңгілік өте әсерлі болды. Карантиннен кейінгі ең алғашқы рет ата-аналардың қатысуымен ұйымдастырылып отырған мерекелік іс-шарада балапандарымыз әже, ана туралы әндер шырқап, өлең шумақтарын оқып, би биледі.

«Әлпештеген баласын, Ана – бақыт, ана – күн, Әркім сүйіп өзінің, Мақтан етер анасын», –демекші, балапандардың былдырлаған тілінен шыққан әдемі өлең өрнектері көңілдерді көтеріп, жүректерді тебірентпей қоймады.

«Балапан» тобының тәрбиешілері Бағлан Шынғожина мен Меңсұлу Мүсіпова және олардың көмекшісі Маржан Уахитоваға балаларымызды осы ертеңгілікке дайындап, әдемі мерекелік кеш өткізгендері үшін топтың ата-аналары алғыс айтамыз.

Ардақты тәрбиешілер, Сіздердің бауыр етіміз – баларымызды өнер-білімге баулып,  саналы тәрбие беріп келе жатқан еңбектеріңіз жана берсін. Көрікті көктемнің, сұлулықтың мерекесі – 8 наурыз  мейрамы құтты болсын! Отбастарыңызға амандық, денсаулық, мол табыс тілейміз.

«Айша» балабақшасының

№6 «Балапан» тобының ата-аналары.

Көкшетау қаласы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар